Премьер-министр карантин режимін кезең-кезеңімен алып тастауды тапсырды

98

Қазақстандағы эпидемиологиялық ахуал беті бері қарай бастады. Мұндай жағымды жаңалықпен бүгін еліміздің бас дәрігері бөлісті.

Сөзінше, соңғы кездері ауруханалар мен емханалар бұрынғы қалыпта жұмыс істей бастаған. Бірақ, бұл босаңсуға себеп емес дейді Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой. Жағдай қанша жеңілдегенімен, вирус жұқтырғандар әлі де анықталуда.

Алейсей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі: «Қазіргі уақытта Қазақстан коронавирустың таралуы бойынша әлемде 43-орында тұр. Анықталған пациенттердің дер уақытында өзін-өзі оқшаулауы, амбулаториялық және стационарлық емдеумен қамту, сонымен қатар байланыста болған адамдарды бақылауға алу аурудың таралуын тежеуге, жағдайы ауыр науқастарды бақылауға алуға мүмкіндік берді. Қазақстан дер уақытта коронавирусты диагностикалаудың нәтижесінде Covid-19-дан қаза тапқандар көрсеткіші бойынша 70-орында тұр».

Айта кетейік, бүгінге дейін 100 мың 164 қазақстандықтан вирус табылған. Оның 73 мың 702-сі емделіп шықса, 25 171 әлі де ем алып жатыр. Өкінішке орай. елімізде 1091 адам қатерлі індеттен қайтыс болған. Қазіргі таңда репродуктивті көрсеткіш Түркістан облысынан басқа өңірдің барлығында оңалған.

Алейсей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі: «Бұл жүздеген өмірді сақтап қалды. Өйткені, адам өмірін сақтап қалу үшін қажетті дем алуды жасанды қолдау тек стационарлық жағдайда ғана көрсетіледі. Коронавирус індетіне байланысты жедел жәрдем шақыру 62 пайызға төмендеді. Қабылданған шаралардың арқасында денсаулық сақтау жүйесіне жүктеменің негізгі көрсеткіштерін төмендетуге қол жеткізілді. Елімізде орташа есеппен аурудың тәуліктің өсімі 2 есеге жуық төмендеп, емделіп шыққандар саны 73,6 пайызға артты».

Эпидемиологиялық ахуалдың беті бері қарауына байланысты Үкімет басшысы министр Алексей Цойға енді жаңа тапсырма берді. Асқар Мамин карантинді кезең кезеңімен алып тастауды ұсынып отыр.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-министрі: «Осы нәтижелер қабылданып жатқан шаралардың тиімділігін көрсетеді. Қалыптастып отырған эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, Денсаулық сақтау министрлігіне карантин шараларын кезең-кезеңімен алып тастау жоспарын мемлекеттік комиссия қарауына бейсенбі күні енгізуді тапсырамын».

Енді бұл жоспарды мемлекеттік комиссия қарайды.

     Назерке Үкібасова