Қазақстандықтар балықты неге аз жейді?

170

Қазақстан азаматтарын жұмыспен қамту үшін биыл бюджеттен 552 млрд. теңге бөлінген. Бүгінде бұл қаржының 71 пайызы жұмсалып үлгеріпті. 75 млрд. теңге жұмыспен қамтылғандардың айлығын төлеу үшін кетсе, қалғаны бизнесті қолдауға бағытталыпты.

Жауаптылар сөзінше жұмыспен қамтылғандардың әрқайсысы 130 мың теңге айлық алған. Осыған қарамастан елдегі жұмыссыздық әлі күнге дейін шешімін тапқан жоқ.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-министрі: «Әкімдіктерге әрбір жұмыссыз адамның профайлын құру және онымен жұмыспен қамтуға жәрдемдесу бойынша атаулы жұмыс жүргізу тапсырылды. Жұмыспен қамтудың жоспарланған индикаторларына қол жеткізіп, тұрақты жұмыс орындарын құруға ерекше назар аудару қажет».

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің айтуынша, жұмыссыздық мәселесі әсіресе Шымкентте шешілген. Үшінші мегаполисте жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша кәсібін тапқандар көп дейді ведомство басшысы Нұрымбетов. Жалпы жауаптылар жыл соңына дейін 1 млн. 220 мың адамды жұмыспен қамтуды көздеп отыр. Жыл басынан бері 743 мың азамат бағдарлама бойынша еңбекпен қамтылыпты.

Біржан Нұрымбетов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі: «Сіздің тапсырмаңыз бойынша коронавирус індетімен күресу бағытында 13 жаңа инфекциялық аурухана құрылысы жүргізілетін болады. Өз кезегінде қосымша 5 мың тұрақты жұмыс орны ашылады».

Сондай-ақ, Үкімет мүшелері балық жемейтін қазақстандықтар үшін қам жеп отыр. Мамин елдегі бір азамат жылына 16 келі балық тұтыну керек дейді. Қазіргі көрсеткіш бойынша бір қазақстандық бір жылда 4 келі балық жейді екен. Ал, көрші елдегі статистика мүлде басқаша. Ресейде бір адам жылына 23 келі, Қытай азаматы 45 келі балық тұтынатын болып шықты. Осыған алаңдаған ақ жағалылар енді балық шаруашылығын қолға алуды ұйғарып отыр.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-министрі: «Әр өңірде балық өндірісі ұйымдастырылуы тиіс, бизнес субъектілеріне су қоймалары бекітіліп, жаңа ауланған сапасы жоғары балық сататын сауда орындарының санын арттыру керек. Азаматтардың пайдалы тамақтану рационын қамтамасыз ету үшін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысы бойынша бір адамға балықты тұтыну деңгейін 16 килограмға жеткізу керек».

Қазақстандағы балық шаруашылығында кездесетін кедергілер де аз емес. Оның бірқатары заңнамаға байланысты дейді Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев.

Мағзұм МЫРЗАҒАЛИЕВ, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі: «Біз бизнеспен бірге талдау жүргізіп, басты 3 мәселені анықтадық. Бірінші, су қоймаларын балық аулаудан балық өсіруге бейімдеу. Екінші, заңнамаға қажетті өзгерістер енгізу. Үшінші, мемлекеттік қолдау шараларын арттыру».

Айта кетейік, Қазақстан балығын бүгінде 36 мемлекет тұтынады. Олардың негізгі бөлігі Норвегия, Ресей, Исландия, Қытай және Балтық жағалауына жөнелтіледі. Жыл басынан бері балық экспорты арқасында бюджетке 60 млн. АҚШ доллары түскен.

Назерке Үкібасова