Пандемияға тұспа-тұс келген бұл сайлау ерекше жағдайда өтті. Ең алдымен саяси шараға қатысушылардың санитарлық талаптарды сақтауы қадағаланды.
Дауыс беруге келген депутаттардың бетперде мен қолғап киюі, санитайзерлерді қолдануы назарда болды.
Бұл Шымкенттегі Ассамблея кеңсесінің 800 орынға лайықталған залы. Түркістан облысының сенат депутаты осында іріктелді. 300-ге жуық қатысушы залда арақашықтық сақтап, дауыс беру кезінде депутататтардың бір жерге шоғырланбауы үшін алфавиттік тізіммен кезек-кезек шақырылды. Дауыстар халық қалаулыларының көз алдында есептелді. Үміткерлердің күман келтірген сенімді өкілдері бұл процеске өздері кірісіп кетті.
Бүгінгі дауыс беру шарасына өңірдегі 261 таңдаушы мәслихат депутаттарының 238-і қатысты. Қалғаны түрлі себептермен саяси шарадан тыс қалды. Еліміздің жоғарғы заң шығарушы органына облыстан екі кандидат тіркелген. 91,5 пайызбен үміткер Әли Бектаев басым түсті.
Әлібек ӨМІРӘЛИЕВ, Түркістан обдыстық сайлау комиссиясының төрағасы: «Алдын 5 үміткер болатын. Екеуі қалды. Үміткер Өрісбай Көпеев 20 пайыз дауыс жинады. Қалған таңдаушы депуттар Әли Бектаевқа дауыс берген».
Шымкент қалалық мәлихатының депутаттары да бүгін өз таңдауларын жасап, 3 үміткерге дауыс берді. Кандидаттар сайлау алды бағдарламаларын мәслихат мүшелерінің алдында онлайн түрде қорғаған. Осыған дейін Сенат депутаты болып сайланған үміткер Айгүл Қаппарова 78 дауыс жинап өзгелерден оқ бойы озық шықты. Халық қалаулылары үкілеп үміт артқан кандидат үшінші мегаполистің өркендеуіне үлесін қосады деп сенеді.
Айта кетейік, Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясы сайлаудың алдын ала қорытындыларын шығарды.Таңдаушылардың келуі 93,9% құрады. Сайлауды 185 адам, оның ішінде бес халықаралық бақылаушы қадағалаған. Бұл науқанға республика бюджетінен 254 млн. теңгеден астам қаражат бөлінген. Парламенттің жоғарғы палатасында 17 орын үшін 46 үміткер күресті. Республика бойынша таңдаушылар тізіміне 3069 мәслихат депутаты енгізіліпті.
Мақпал РЫСБАЕВА