Шымкентте Азия бойынша ең ірі ату спортының кешені ашылмақ. Онда тек ұлттық құраманың спортшылары емес, шетелдік мергендер де жаттыға алады. Және бұл орталықта әлем чемпионатын өткізуге де мүмкіндік бар. Осылай деген қаланың спорт басқармасы басшысы 4 жылдық жоспарымен бөлісті.

Шымкенттегі мергендер алаңы жаңа кейіпке енеді. «Эльдорадо» спорт кешенінде қазір қарқынды түрде құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жуық арада бұл маңнан тағы бір нысан ашылмақ. Онда бірнеше спорт зал, ату залы және демалыс орны болады. «Шутинң плаза» деп аталатын комплекстің аумағы 14 гектар. Құны 1,5 млн долларды құрайтын кешен қазан айында қолданысқа беріледі.

Әзірге стендтік оқ ату бұрышы ғана дайын. Қаланың спорт басқармасы басшысының айтуынша алаң халықаралық жарыстар өткізуге арналған.

Олег Почивалов, Шымкент қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы: «Бұл жерде бастырма жоқ. Жоғарыдан, жан-жақтан еш қиындықсыз видео түсіру үшін осылай жасадық. Барлығы да халықаралық федерация талаптарына шақталған. Сондай-ақ, алаң толықтай австриялық технологиямсен жабдықталған. Онлайн трансляция арқылы спортшылар нәтижесін, жаттықтырушылар келіспейтін тұстарын шешеміз».

Міндетіне жуырда ғана кіріскен спорт басқармасы басшысының бастамасы мұнымен бітпейді. Ол алдағы 4 жылға жоспар да құрып үлгеріпті. Жоспар ішінде аула спортын дамыту кірген. Сондай-ақ, Олег Почивалов қалаға шетел жаттықтырушыларын шақырмақ. Осылайша ол Шымкенттегі кәсіби бапкерлерді көбейтемін деп отыр.

Олег Почивалов, Шымкент қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы: «Бізде мықты тәжірибе бар. Мәселен, Мосин Василий бізде жаттыққан».

Шымкент спортында Париж олимпиадасына да жоспар дайын. Жерлес атлеттерге 2024 жылы жазғы олимпиадаға 5 лицензия алу көзделіп отыр.

Назерке Үкібасова