Ұрымтал тұсты оңтайлы пайдаланған. Шымкентте пандемия кезінде дене қызуын түсіретін дәрілер шекті бағадан 4 есеге дейін қымбаттатыпты. Бұл туралы бүгін қаладағы індетке қарсы атқарылып жатқан шаралар талқыланған жиында айтылды.

Мониторингтік топ мұндай заңбұзушылықтарды арнайы рейдттер кезінде әшкереледі. Пысықайларға қандай шара көрілді? Қалдағы санитарлық ақуал қалай?

Шымкентте халықтың аурушаңдығын пайдаланған пысықайлар дене қызуын түсіретін 100-150 теңгелік дәрілік заттарды 500 теңгеге дейін қымбаттатқан. Лицензиясы жоқ орындарда да вирусқа қарсы препараттар емін-еркін сатылған. Кейбір дәріханаларда тіпті елімізде сатуға тыйым салынған дәрілер саудаланыпты. Фармацевтикалық заттарды сатуда заңды белден басқандарға 14 млн. теңгеден астам айыппұл салынған.

Ләззат ҚАШҚЫНБАЕВА, Шымкент қаласы тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары: «Салынған айыппұлдардың 13 млн. теңгесі өндірілді. Қалғанын өндіру бойынша тиісті жұмыстар атқарылып жатыр».

Санитар дәрігерлерден құралған мониторингтік топ қазір көшелер мен қоғамдық орындарда тұрғындардың бетпердемен жүруін де қадағалауға көшкен. Миллионды қалада осыған дейін маскасыз жүрген алты адам ғана арнайы топтың назарына ілігіпті.

Жұмабек ЕРЖАНОВ, Шымкент қаласы тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары: «Біреуі көшеден, қалғаны қоғамдық орындарда кездесті. Бір аптаның ішінде 84 мың теңге көлеміндегі айыппұл төленсе кеми түседі. Бұл тұрғындар осы жеңілдікті пайдаланды».

Айта кетейік, осыған дейін «InfoKazakhstan» электрондық порталы арқылы жұмысына рұқсат етілген нысандардан 2 мыңға жуық өтінім түскен. 70-тен астам нысанның жұмыс бастауына рұқсат берілмей отыр. Мониторингтік топ оларды іске қосуға толықтай дайын емес деп тапқан. Өтініштерін дұрыс толтырмағандықтан қайта жұмысқа кірісе алмай отырған меншік иелері де бар дейді санитарлар.

Мақпал РЫСБАЕВА