Шыңғыс Мұқан: «Жеке жоспарым жоқ»

201

 

«Жеке жоспарым жоқ.» Осылай деген Шымкент әкімінің су жаңа бірінші орынбасары бүгін қаладағы эпидемологиялық ақуалға қатысты алғашқы брифингін өткізді.

Денсалық сақтау мен қоса 4 бірдей саланы қадағалайтын Шыңғыс Мұқанның медицинадағы қалыптасқан жүйені титтей де өзгертетін ойы жоқ. Ал бұл жүйе аурушаңдықты жоюға қаншалықты қауқарлы? Шаһардағы эпидемологиялық жағдай қалай?

Шымкент әкімінің бірінші орынбасары қызметіне кіріскеніне бір апта болған Шыңғыс Мұқан бүгін алғаш рет журналистермен кездесіп, өзі жетекшлік ететін денсаулық сақтау саласындағы жағдайды мәлім етті.

Қаладағы эпидемологиялық ақуалға тоқталған ол саланы жақсарта қоятындай пәлендей жоспарының жоқтығын аңғартты. Қалыптасқан жүйеде жұмыс істеуге кіріскен Шыңғыс Жұмабекұлы бүгінгідей алмағайып кезеңде ақ халаттыларды сынап-мінегеннен гөрі жан-жақты қолдауға шақырды.

Шыңғыс МҰҚАН, Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары: «Жеке жоспарым жоқ. мемлекеттің мақсаты бар. Сол бойынша жұмыс істеймін. Медицина қызметкерлерін қолдауымыз керек. Олар шалқып жұмыс істеуі керек. Басқалай жағдайда тиісті шаралар көретін боламыз».

Шынында медицина қызметкерлерінің еткен еңбегі мен төккен тері ақталып келеді. Қалада аурушаңдық азайып, осыған дейін коронавирустан 3 жарым мыңға жуық адам айығыпты. Өткен тәулікте вирус жұқтырғандар – 14-ке азайған. 1629 науқас емделуде, оның ішінде 94-і стационарда ем қабылдап жатыр екен.

Тимирхан ВАРЗИЛОВ, Денсаулық сақтау басқармасы басшысының м.а: «Провизорлық және инфекциялық стационарлар бойынша айтар болсақ, бүгінде қалада 2810 төсек-орын бар оның ішінде бос төсек-орын саны 2087 құрайды. Бұдан бөлек 211 мобильді топ ұйымдастырылып, олар 17 мыңнан астам науқастың үйіне барып медициналық қызмет көрсеткен. Әр емханаға қосымша бір топтан жедел жәрдем көлігі жеткізілді».

Ал пысықайлардан айла артылар емес. Шымкенттегі дәріханаларда елімізде қолданылуға тыйым салынған препараттар сатылып келген. Қазір күмәнді дәрілерді сатқан және қолдан қымбатшылық жасағандарға қатысты 8 қылмыстық іс қозғалған.

Фармацевтикалық өнімдерді сатуда түрлі заңбұзушылықтарға барған 27 азамат айыппұлға тартылыпты. Айта кетейік, арнайы ұйымдастырылған рейдтер кезінде тәркіленген дәрілік заттардың көп мөлшері мегаполистерден анықталған. Оның ішінде Шымкенттегі дәріханалардан жиналған препараттар үлесі де басым.

Сондай-ақ, шаһардың бас санинтар дәрігері өзінің орынбасары таратқан төтенше жағдай жарияланғалы шектеулерді бұзғандарға 10 млн. теңгеден астам айыппұл салынды деген ақпарды түзетті. Айтуынша, бұл төтенше жағдай жарияланған бір ай ішінде айыппұлдардан құралған сома. Соңғы бір аптаның ішінде мегаполисте карантин талаптарына шекеден қарағандарға 11 млн. теңгенің айыппұлы салыныпты.

Мақпал РЫСБАЕВА