Төрт қақпалы Түркістан. «Жеті ата» қақпасы

702

Тарихта киелі Түркістан қаласының 4 қақпасы жайлы айтылады. Сол 4 қақпаның бірі Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен 620 метр қашықтықта орналасқан «Жеті ата» қақпасы. Әзірет Сұлтан тарихи-мәдени қорық-музейінің экскурсоводы Қарлығаш Нұрахметова «Жеті ата» қақпасына жасаған видеоэкскурсиясына біз де қатысып, қызық деректер білдік.

Қарлығаш Нұрахметова Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің артқы бөлігінде орналасқан «Жеті ата» қапасына кіре берістегі Баб араб көпірінен бастап таныстырып, бұл қақпаның атауының себебін де түсіндірді.

– Ортағасырлық қалалардың көбіне екі қорғаны болатын болған. Атап айтсақ, Цитадель қорғаны және Шахирстан қорғаны. Цитадель қорғаны қаланың орталығын қоршайтын ішкі қабырғаларынан тұрса, Шахирстан қорғаны қаланың сыртқы бөлігін қоршайтын негізгі қорған. Шахирстан қорғанының аумағы – 88 гектар. Және ішкі цитадель қорғанының аумағы 30 гектардан асады. Біз айтып отырған Шахирстан қорғанының қақпаларының бірі – «Жеті ата» қақпасы. Жалпы Шахирстан қорғаны бойында 4 қақпа болған. Сол себепті де тарихи деректерде «Түркістанды 4 қақпалы Түркістан» деп те атаған. «Жеті ата» қақпасының қазіргі көрінісінен бұрын қазба жұмыстары негізінде археологтар 15-ғасырға тиеслі кіші бөлігін тапқан. Ертеректе осы қақпа арқылы Хорезм, Бұхара, Самарханд керуендері қалаға кірген екен. «Жеті ата» қақпасы 1928-32 жылдарға дейін сақталып келген. 2009 жылы қайта қалпына келтірілген. Қазіргі бейнесі сол қайта қалпына келтірілген түрі. Қақпа атауын естігендердің барлығын «Жеті ата» атауы қызықтырары сөзсіз. Оның себебін тарихшылар осы жерге Қожа Ахмет Ясауидің бір мазарға жерленген жеті шәкіртінің бейітінің орналасуымен байланыстырады. Қақпадан кірген кезде оң жағында Баб Араб мешіті орналасқан. Сонымен қатар екі күмбезден тұратын екі мазар басы бар. Ол екі мазардың бірі Баб Арабқа арналса екіншісі Үндемес әулиеге арналған,-дейді Қарлығаш Нұрахметова.

Қарлығаш Нұрахметованың айтуынша, «Жеті ата» қақпасында жүргізілген қазба жұмыстары кезінде күйдірілген кірпіштен қаланған мешіт қабырғасы мен биіктігі 1 метр болатын күмбез анықталған. Музей экскурсаводы мешіт пен күмбездің кімге тиесілі екендігін де айтып берді.
– Осы жерде тұрған мешіт ізі мен төрт бұрышты кірпіштен тұратын еден бөліктері де табылған. 2017 жылы мешітті қайта қалпына келтіру жұмыстары басталып, 2018 жылы толықтай қайта қалпына келтіру жұмыстары аяқталған. Осы тұста Баб Арабтың кім болғаны жайлы да ақпаратпен бөлісе өтейін. Дастановтың әулие жерлер туралы «Шындық» деп аталатын кітабында осы Баб Араб жайлы деректер кездеседі. Кітапта жазылған дін әулиелерінің дерегінше Түркістаннан бір адам Меккеге барған деседі. Ол кісінің Меккеден қайта Түркістанға қайтуға қаражаты болмай, сол жерде қалып қойыпты. Әбден қиналған ол кісі Жаратқаннан өз туған еліне қайтуын тілеп жылаған екен. Арадан біраз уақыт өткен соң, ол кісіге бір адам келіп ертеңгі жұма намазы кезінде бір ағашқа қара ат байланатынын және сол қара аттың иесінің оған көп көмегі тиетінін, сондай-ақ қалауының орындалуына себепкер болатынын айтып кеткен екен. Ертесінде адамның айтқан жерінде қара ат тұрады. Адам аттың жүгенін ұстап, иесін күтіпті. Меккеге барып қайта алмай қалған түркістандық адам аттың иесі келген кезде өзіне көмек көрсетуін өтініп, бірге алып кетуі үшін жалынған деседі. Өтінішін қабыл алған ат иесі адамды атқа мінгестіріп сол сәтте көзін жұмып ашуын сұрайды. Құдайдың құдіреті соншалық, ол адам атқа мінгесіп, көзін жұмып барып ашқан сәтте Түркістанда болған екен. Түркістанға жеткен соң, Әзірет Сұлтанға қарай бет алған Меккеден келген кісінің атын сұраған адамдарға «Менің атым Баб Араб» деп айтады да сол жерде көзден ғайып болған деседі. Сондықтан да «бұл күмбезді орын сол кісінің құрметіне арнайы салынған» деп айтылады аңыз әңгімелерде. Міне, топырақ астында көмілген көптеген тарихи ескерткіштердің ізімен бірге халық аузында жүрген киелі адамдардың аттары, тарихи деректер осылайша бүгінде ұрпаққа жеткізіліп келеді,-дейді экскурсовод.

Баб Арабтың кім болғаны жайлы аңыз әңгімелерге сүйеніп ақпарат берген музей экскурсаводы Баб Араб мешітінің артқы бөлігінде екі күмбезі бар мазарбасымен таныстырып, екі мазардың бірі қандай әулиеге тиесілі екендігін де жеткізді.
– Сол жердегі бір мазарды Баб Арабтың жатқан жері деп айтады. Құлпытасы сақталған. Екінші жағынан тағы бір мазардың орнын байқауға болады. Басы кесенеге қарай берілген мазар Үндемес әулиеге арналған. Үндемес әулие сопы болған деседі. Артық сөз айтпайтын, көбінесе үндемей жүретін ерекше жан болғаны себепті де халық «Үндемес» деп атап кеткен екен. Жалпы сопылардың әрқайсысының бір ерекшелі болған болса, бұл кісінің ерекшелігі аты айтып тұрғандай үндемеуінде болған. Осы жатқан жерінде көзі тірі кезінде өзіне арнайы қабір қазып алып, түнеп жүрген екен деп айтады. Ал күндіз Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің алдына барып, құран оқып, тілек тілеп күні бойы солай зиярат жасап жүреді екен да күн бата қабірінің орнына келіп қайта жатады екен. Солай өмір сүріп жүріп қайтыс болған кезінде адамдар сол орнына жерлеп басына тас қойған деп айтады. Үндемес әулие туралы тағы бір қызықты деректі айта өтейін. Бұл кісі ауа-райының бұзылуын алдын-ала сезетін болған. Ауа-райының қандайда бір құбыласының алдында бұл кісі өкіріп, ерекше бір дыбыс шығарған екен. Өкірген соң, міндетті түрде дауыл соғып немесе күн күркіреп жаңбыр жауып сондай бір құбылыс орын алып ауа-райы күрт өзгеріске ұшырайды екен. Үндемес әулиенің дауысын естіген халық ауа-райының бұзылуына алдын-ала қамданып, дайындығын жасаған деседі,-дейді Қарлығаш Нұрахметова.

Міне, «Жеті ата» қақпасының тарихы және киелі болуының ерекшелігі осында. Қарлығаш Нұрахметованың айтуынша, қазірдің өзінде қалаға келуші туристердің назарын аударып бастаған киелі жерде археологиялық жұмыстар жүргізілген сайын тарихты толтырар жәдігерлер табылары анық.

– Бұл жерде қазірге дейін археологиялық қазба жұмыстары жүріп жатыр. Қазіргі таңда «Жеті ата» қақпасы қаламызға келуші туристердің қызығушылығын оятып келеді. Кесенеден «Жеті ата» қақпасына қарай келетін жолдың орны да табылған. Алдағы уақытта жол ашылады деген жоспар бар. Және қазба жұмыстарының нәтижесі бізді көптеген тарихи құнды деректермен таныстарыда деген үмітіміз зор. Ал тарих танылған сайын, жас ұрпаққа білдіру – біздің міндетіміз,-дейді ол.

Жанерке Хумар

«Оңтүстік Рабат», №33, 13 тамаз 2020