Төрт түлікпен көрші тұруға мәжбүр

263

Шоқан Уәлиханов көшесіндегі 4- үйдің тұрғындары адам емес, төрт түлікпен көрші. 20 жыл бұрын үйлеріне жапсарлас баспананы иесі қораға айналдырған. Салдарынан Фарида Сұлтановаға түнде жылқының кісінегенін, қойдың маңырағанын естіп ұйықтауға тура келеді. Ал, күндіз кенемен күресуге мәжбүр.


Фарида Сұлтанова, ауыл тұрғыны: «Үш әкімге кірдім. Тыңдайтын шығар осы кісілер. Айтатын шығар. Бір нәтиже шығатын шығар деп. Ешқандай нәтиже болмайды. Бұл тұрғылықты үй ғой. Тұрғылықты үй болған соң адам тұру керек. Мұндай жерде 100 қой, 16-18 жылқыны ұстауға ешкімнің хақысы жоқ. Соны айтсам бұлар түсінбейді».


Кейуана мүңкіген иіс пен түрлі дауысқа да шыдар ма еді. Егер үйі кенеге толмаса. Осыны айтып ол қора иесіне де талай рет шағымданған. Алайда, отставкадағы полицей өз ісінің заңды екеніне сенімді. Айта кетейік, Есімхан Әлібектің өзі осы қорадан бір үй ары тұрады. Өз үйімде мал бақпаймын деген ол осы жерді арнайы қора жасау үшін сатып алғанын айтады.

Есімхан Әлібек, ауыл тұрғыны: «Баға беремін. Бақпай қайтемін. Кредит алдым. Мал алдым. Көбейтіп жатырмын соны. Кене жоқ олардың үйінде. Паника. 7 жылдан бері арыз жазып жатыр. Көреалмаушылық қой басқа не. Өзімнің үйімде мал жоқ. Осы жерді арнайы сатып алдым. Мына жақтан құдай қаласа қора салайын деп жатырмын».


Әкімдіктен келген маман болса, тіпті бұл жағдайды алғаш рет естігенін айтады. Және мәселені шешуді ветеринария мамандарына ысырды. Сөзденіше, аталмыш проблеманы әкімдік емес бөлімдегілер шешуге қауқарлы.


Шадияр Мәдібеков, Қажымұқан ауылдық округінің бас маманы: «Біз қазір естіп отырмыз. Бізге хабар қазір келді. Енді оған ветврачтар бар ғой. Арнайы өздерінің мал дәрілейтін… Кенеге шашып отыратын өздерінің берілген дүниелері бар».

Ал, ауданның ветеринар мамандары төрт түлікті жылына екі рет залалсыздандырып тұратынын айтып ақталды. Және тұрғылықты жерге мал қамаудың қалыпты жағдай екенін айтады.


Жансая Қарымбаева, ауыл шаруашылығы бөлімінің маманы: «Бір жылда екі рет дәрілейміз. Көктемде, күзде. Бізге облыстың бекіткен графигі бар. Облыстың өзінің беретін дәрісі бар. Біз сомен шашып кетеміз. Болды. Көктемде, күзде. Екі-ақ рет».

Осылайша аудан жауаптылары 20 жыл шешілмеген мәселенің түйіні жуырда тарқамайтынын мойындады.

Назерке Үкібасова