Тұрғындарды алдап, миллион теңге ақша алған алаяқ әйел ұсталды

165

 

Жетісай АПБ-нің кезекші бөліміне бірнеше жергілікті тұрғындар арызданып, алаяқтың құрбаны болғандарын айтып шағымданған. Жәбірленушілердің айтуынша, оларға сырттай таныс әйел, ағымдағы жылдың қаңтар-маусым айлары аралығында кәсіпкерлікке қолдау көрсету мақсатында мемлекеттен 1.000.000 теңге ақша шығарып беремін деп әбден сенімдеріне кірген.

Содан бері алаяқ әйел тұрғындардың ақшаларын қайтармай не уәде етілген ақшаны шығарып бермей, әбігерге салған. Аталған, жайт Жетісай АПБ-не ҚР ҚК-нің 190-бабы бойынша тіркелді.

Осы жайттарға байланысты алаяқтық қылмысын ашу мақсатында полиция бөлімінде тәжірибелі қызметкерлерден жедел-тергеу тобы құрылды. Полицейлер жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдіктінің жеке-басын анықтап, оны АПБ-ға жеткізді. Ол жұмыссыз, көпбалалы жергілікті тұрғын болып шықты.

Тергеу барысында полиция қызметкерлері ұсталған әйелдің 10 тұрғынды алдап, олардан 1.000.000 теңгеге жуық ақша алғанын анықтады. Алаяқ әйел алдау жолымен алған ақшаларды өзінің қажеттілігіне жаратып жібергенін толығымен мойындады. Қазіргі уақытта аталған жайттар бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қамауға алынды. Тәртіп сақшылары алаяқ азаматтың құрбандары бұдан да көп болуы мүмкін екендігін жоққа шығармайды және оның басқа қылмыстарға қатыстылығын анықтауда.

Өз кезегінде, Түркістан облысының полицейлері азаматтарға қаржы мәселелерін шешуге күмәнді көмек ұсынатын бейтаныс адамдарға мұқият болу және артық сенімсіздік көрсетпеу қажеттігін ескертеді. Егер осындай қылмыстардың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, онда сізге «102» телефоны бойынша полицияға тез арада хабарласыңыз.