Үш көзді адам бейнесіндегі мүсін құпиясы

334

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі қорындағы құнды жәдігерлердің бірі – үш көзді адам бейнесіндегі мүсін.

Саз балшықтан иленіп жасалған бұл мүсіннің ерекшелігі — үшінші көзінің маңдайында орналасқандығы. Сондай-ақ, жәдігердің мойны орағышпен оралып, беліне белбеу байланған, төмен жағы сынып қалған. Бәлкім ол белбеудің ұшы немесе асынған қарудың ұшы болуы да ғажап емес. Жәдігердің омырауында үшбұрышты тұмар тәрізді белгі бар.
Жәдігер шамамен VІ-VІІІ ғасырларға тән болуы мүмкін. Мүсіннің жалпы өлшемі–Һ-9,5 см, d-5 см. Аталған жәдігер 2007 жылы Сидақ ата қаласында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде қоқыс қалдықтарын тастайтын диаметрі 1,5 метр тереңдіктегі «бадыраб-шұңқыр» ішінен табылған.
– Қазба кезінде шұңқырдан алынған топырақтардың арасында жұдырықтай иленген сазбалшықтар жатқанын көрдік. Солардың бірін қолыма алып, байыппен үйкеп-ысқылағанда сирек кездесетін осы мүсін шықты. Қоқыс қалдықтарын тастайтын «бадраб» ішінен әртүрлі белгісіз мүсін тәрізді сынық заттардың көптеп кездесуі, жәдігерлердің бөліктері болуы мүмкін. Өйткені, шұңқырдың дәл жанында храмдар немесе сондай типтегі бізге беймәлім құрылыс қабырғаларының болғандығы, ал кейін олардың үстінен әр түрлі мақсатта пайдаланылған кейінгі ғасырларға тән құрылыстар мен үйлер салынғандығы белгілі, — дейді белгілі археолог, ғалым М.Тұяқбаев.
Мамандардың айтуынша, мүсіннің жасалу мерзімін VІ-VІІІ ғасырларда билік жүргізген Түркі қағанаты дәуіріне сәйкес келеді деп болжануының басты себебі — жәдігердің мойнындағы тұмары, беліндегі белбеуі қару болуы мүмкін. Яғни, белбеудің төменгі сынған жағы ортағасырлық түркі жауынгерін елестетеді. Алайда мүсіннің маңдайындағы үшінші көздің болуы сенім — наным әрекеттерін де байқатады.
Аталған жәдігер қандай мақсатта жасалғанын дөп басып айту әзірге мүмкін болмай отыр.
Дегенмен бірнеше жорамал-болжамға сүйенсек, ортағасырлық Түркі қағанаты заманында Орталық Азия мен Қазақстан жерінде зороастризм діні кең таралғаны тарихтан белгілі. Тіпті зороастризм дінінің отаны — Орта Азия екенін қуаттайтындар да бар. Осы дәуірде Орта Азия мен Қазақстан жерінде манихейлік ілімі де өркен жайғаны баяндалады. Бұл діннің зороастризм, шаманизм, буддизм, христиандық ілімдерінен синтезделгендігі де белгілі. Аталған діннің бір-бірімен үйлесетін жері – дуалистік сенімді қолдайтыны. Зороастризм мен манихейшілдік ілімдердің ешбірінен үш көзді құдай немесе қасиетті заттар бейнесін кездестіре алмаймыз. Ал сол кезеңде Орта Азия жеріне тарала бастаған христиандық ілімде үштік құдай сеніміне ерекше екпін берілгенімен, ол үштікті үш көзді мүсінмен байланыстыру тағы да қисынсыз.
Ислам діні Орта Азия жеріне таралғанға дейін будда ілімінің де өзіндік орны болғанын тарихи мәліметтерден кездестіруге болады. Б.д.д. VІ ғасырда Сидханта Гаутама негізін қалаған буддалық ілім әсіресе Ашок патша дәуірінде әлемдік деңгейге қол жеткізе бастады және Орта Азия қалаларында белгілі дәрежеге ие болды. Тіпті Түрік қағаны Таспар мемлекеттік дін ретінде буддизмді насихаттауға тырысып, үнді уағызшысы Чинагуптуды шақырғаны баяндалады. Ежелгі дәуірден бері ірі мәдени, сауда, саяси және діни орталық болып келген әйгілі Бұхара қаласының атауы буддалық «вихара» атауынан шыққан деген мәліметтерді кездестіруге болады.
Тіпті бүгінгі Қытай мен басқа да шығыс елдеріне будда ілімі Орта Азиялық будда ғұламаларының уағызы арқылы таралды деген мағлұматтар да кездеседі. Яғни, буддалық ілім Үндістаннан, Ауғанстан мен Орта Азия аумағына қарай таралып, одан соң Шығысқа, Қытайға жеткен. Адамның ішкі жан тазалығын бірінші орынға қоятын буддизм шығыс халықтары арасына жергілікті мәдениет пен діни наныммен үнемі үндестікте дамыған. Буддизм ілімінің хинаяна, махаяна, важраяна, тантризм, чан буддизмі, дзен буддизмі болып бөлінуі осының айғағы болса керек.
Ешбір тірі затқа зиян тигізбеу, тірі тіршілік пен мақұлықты өлтірмеу принципін басшылыққа алатын будда ілімі мал шаруашылығынсыз өмір сүре алмайтын тибет халқының тұрмыс-тіршілігі, күнкөріс көзі талаптарын ескере отырып, үндесуі нәтижесінде «тибет буддизмі», басқаша атаумен атар болсақ, «ламаизм» болып жаңа арнамен даму өрісін кеңейтті.
«Ламаизм» сонау тарих толқынынан бүгінгі күнге дейін тибет халқынан басқа монғолдар, буряттар, қалмақтар сияқты көшпелі, жартылай көшпелі халықтар арасында да берік орын тепкен. Тибеттік тау халқының жергілікті наным-сенімдерін де жоққа шығармайтын буддалық ілімнің бұл түрінде құдайлар мен қасиеттілер пантеонының бірнеше түрлері кездеседі. Осы тұста ерекше назар аударатын дүние үш көзді қасиеттілер бейнесі мен иконалары болып табылады. Атап айтар болсақ, тибеттік буддизм храмдарында орын алатын адам бейнесіндегі будданың, бодхисатвалардың бейнелерінен басқа бет әлпеттері қорқынышты Ваджракилая, Чакрасамвара, Ваджраварахи, Гухьясамаджа, Хеваджра, Ваджрапани, Махакала, Шридеви, Хаягрива, Ямараджа, Ямантака, Рахула, Дордже Лекпа құдайлар пантеоны иконографиясында адамға, жан-жануарға ұқсас үш көзділік бейнелер кездеседі. Осы иконалардағы үш көзділік олардың құдіретті, қуатты екендігін білдірсе керек. Мұндағы біздің айтпағымыз – қолымыздағы үш көзді құнды жәдігер мен тибеттік үш көзді иконалар арасында бір байланыс болуы мүмкін.
Буддизм ілімі Орта Азия жеріне таралғаны туралы мәліметтерді кездестірсек те буддизмнің нақ ламаизмдік бағытының Қазақстан мен Орта Азия жеріне таралғаны туралы деректі таба алмаймыз.
Сонда аталған жәдігер біздің жерімізде қайдан жүр деген сұрақ туындайтыны белгілі. Бұл сұраққа бірнеше болжамдармен жауап беруге болады. Оның біріншісі – Қазақстан мен Орта Азия аймағы немесе нақты айтар болсақ, Түркістан аумағы сонау ежелден бері Шығыс пен Батысты байланыстырып тұрған үлкен сауда жолы – Жібек жолының ортасында орналасқан.
Түркістан мен Сидақ ата қаласы өз заманында тоғыз жолдың торабында орналасқан маңызды сауда орталығы немесе бекеті болғандығын ешкім жоққа шығара алмайды. Ұлы Жібек жолымен жүрген христиандар, зороастристер, манихейлер, буддистер арасында жолға шыққанда өз құнды заттарын, қасиетті бой тұмарлары мен мүсіндерін бірге ала шығатыны кездеседі. Қолымыздағы жәдігер сапардағы бір ламаистен осы өңірге естелік болып қалған болуы мүмкін.
Келесі бір болжам бойынша буддизмнің тибеттік бағыты монғолдар, буряттар, қалмақтар, ойраттар арасына ХІІ ғасырдан бастап, ХVІ-ХVІІ ғасырларға дейін таралғандығы белгілі. Ал қазақ-қалмақ қатынасы сонау Есім ханның заманынан ертеректе басталған.
Әсіресе, ХVІІІ ғасырдағы жоңғар шапқыншылығы, қазақ пен қалмақ арасындағы алыс-берістер екі халық арасындағы өзара ықпалдастыққа өз әсерін тигізбей кетпейтіні белгілі.
Сондықтан, үш көзді жәдігер қазақ-қалмақ қатынасынан қалған мұра болуы да мүмкін. Алайда, мұның барлығы болжамдар ғана. Осы жәдігердің құпиясын ашу болашақтың еншісінде.

/»Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі/

«Оңтүстік Рабат», №32, 6 тамыз, 2020