Түркістан облысында ауыл шаруашылық саласы қарқынды жұмыс істеліп жатыр. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов брифингте өңірдің ауыл шаруашылығы саласындағы жұмыс нәтижелері туралы айтып берді.

Нұрбек Бадырақов ең әуелі ауылшаруашылық дақылдарды егу жұмыстары жоспар бойынша жүзеге асырыл жатқанын баяндап өтті. Сондай-ақ мал шаруашылығы мен минералды тыңайтқыштарға қатысты тындырымды тірліктерін түсіндірді.

– 2020 жылы 846 мың гектар жерге ауылшаруашылық дақылдар егілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 17 мың гектарға көп. Биыл масақты дала дақылдарына көп көңіл бөлінді. Өткен жылмен салыстырғанда масақты дақылдардың егіс көлемі 18 мың гектарға артып, жалпы 250 мың гектарға, дала дақылдарының көлемі 11 мың гектарға артып, жалпы 202 мың гектарға егілді. Есесіне мақта дақылының егіс көлемі 5 мың гектарға қысқартылып, жалпы 325 мың гектарға мақта дақылы егілді. Күзгі дала жұмыстарына мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен 39 мың тонна жанар жағармай бөлінді. Бағасы нарықтағы бағамен салыстырғанда 20 теңге көлемінде арзан бағамен жалпы литрі 163-164 теңге көлемінде болып жатыр. Енді минералды тыңайтқыштарға қатысты ақпаратпен бөлісе өтейін. Минералды тыңайтқыштардың құнын субсидиялауға 307 млрд теңге қаржы бөлініп, тыңайтқыштың 500 түрі бойынша ауылшаруашылық тауар өндірушілеріне қолдау көрсетіледі. Бүгінгі таңда облысқа 74 мың тонна минаралды тыңайтқыштар жеткізіліп, 11124 агро құрылымда 2,8 млрд теңге субсидия берілді. Яғни 11 мың агро құрылымдардың 50 пайызы өтеліп жатыр. Осылайша карантин шараларына қарамастан агроөнеркәсіп саласында тұрақты өсім байқалып отыр. Атап айтқанда масақты дақылдардың гектар түсімділігі 20,5 центнерден 513 мың тонна дән агро құйылымдарға құйылды. Астық жинау жұмыстары барысында көкөніс сынды бақша дақылдарын жинау жұмысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Жалпы жоспарымыз – 2,8 млн тонна көкөніс бақша өнімдерін жинау. Бүгінгі таңда осы жоспардың 88 пайызы яғни 2,4 млн тонна жиналып, Ресей, Латвия, Еуропа елдеріне және еліміздің солтүстік өңірлеріне жіберілуде. Бізде мал азық дақылдарын дайындау бойынша да қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Биыл мал басына қажеттілігіне орай 1,5 жылға жететін яғни 3,7 млн тонна мал азығын дайындау жоспарланған. Жеті айдың көрсеткіші бойынша жалпы 3,6 млн тонна мал азығы дайындалып, жоспардың 95 пайызы орындалды. Сонымен бірге 81 мың гектарға мақсары дақылдарын дайындау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Орташа өнімділігі 8,7 центнерден жалпы 70 мың тонна дән жинау күтіліп отыр. Мақта дақылдары 125 мың гектарға егіліп, 26 центнерден 330 мың тонна мақта жинау жоспарланған. Мақта жинау жұмыстары қыркүйек айының 15 жұлдызынан басталады деп жоспарлануда. Өңірде су өңдеу технологиялар мен жылыжайлар көлемін ұлғайту жұмыстары да жалғасып жатыр. Тамшылатып суғару әдісі биыл жаңадан 2,4 мың гектарға ендіріліп, жалпы көлемі 20 мың гектарға жеткізілді. Жылыжай көлемі 64 гектарға салынып, 1178 гектарға жеткізіліп республиканың 80 пайызын құрап отыр. Бүгінде 1178 гектар жерден 100 мың тонна көкөніс өнімдері өндірілді. Қазіргі таңда екінші айналымын өнім беруге дайындап жатыр,-деді Нұрбек Бадырақов.

Түркістан облысында ағын су тапшылығын жою мақсатында жалпы құны 42,2 млрд теңгені құрайтын 6 нысанның құрылысы жүргізілуде екен. Бұл жұмыстар «Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2024 жылға дейінгі кешенді жоспары» аясында іске асырылуда. Нұрбек Бадырақовтың айтуынша егер құрылыс жұмыстары белгіленген мерзімде аяқталса, өңіріміздегі ағын су көлемі 195,4 млн текше метрге ұлғаяды.
– Бұдан бөлек, биыл «Түркістан» магистралды каналын бетонмен қаптау арқылы қосымша 60 млн текше метр ағын суды үнемдеу жобасы жүзеге асырылуда. Осы мақсатта канал бойын-да 10,7 шақырым жер жұмыстары, 10,3 шақырым бетонмен қаптау, 3,3 шақырым бетон блоктарын демонтаж жұмыстары жасалынған. Қазіргі таңда канал бойында 49 арнайы техника жұмылдырылып, 250 жұмысшы 2 аусыммен еңбек етуде. Бұл жұмыстарға республикалық бюджет есебінен 4 млрд теңге қаржы қаралды. Жоба құны – 14,3 млрд теңгені құрайды. Сондай-ақ, сыйымдылығы 18,0 млн текше метр болатын «Кеңсай-Қосқорған-2» су қоймасын салу» жобасы бойынша – негізгі бөгетінің орындары тегістеліп, топырағын нығыздау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл нысанда бүгінде 115 арнайы техника жұмылдырылып, 135 жұмысшы еңбек етуде. Бүгінгі таңда 1 423 метрді құрайтын үлкен дамбаның құрылыс жұмысы 30 пайызға аяқталған. Жобаның жалпы құны 6,1 млрд теңге. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарына республикалық бюджет есебінен 2 млрд теңге қаржы аударылған. Мұнан бөлек, «Шошқакөл көлдік жүйесін жаңғырту» жобасы бойынша «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен 1,5 млрд теңге қарастырылыпты. Құрылыс монтаждау жұмыстарын маусым айының соңына дейін бастау жоспарлануда. Жоба құны 2,5 млрд теңге. Сондай-ақ, «Арыс-Түркістан» массивінде жарамсыз болып қалған 134 дана тік ұңғымаларды қайта қалпына келтіре отырып, 34,7 млн текше метрлік қосымша ағын сумен қамтамасыз ету» жобасы бойынша – 42 дана тік ұңғыманың қайта қазу, тазалау жұмыстары толықтай аяқталған. Кентау қаласы Шаға ауыл округінде 5 дана ішкі каналдарды күрделі жөндеу жобасы бойынша 22 шақырым ішкі каналдарда құрылыс-монтаждау жұмыстары толықтай аяқталған, – дейді Нұрбек Бақтыбайұлы.

Облыстық ауылшаруашылық басқармасының басшысы жыл басынан бері облыс шаруаларының көңіл толарлық еңбегінің нәтижесімен де бөлісті.
– Жыл басынан бері Түркістан облысының шаруалары 654 мың тонна өнімді экспорттап үлгерсе, оның жалпы құны 69,9 млн АҚШ долларын құраған.
Соңғы жылдары мал етін өндіруде Түркістан облысы елімізде көш бастап келеді. Айталық, соңғы 7 айда Түркістан облысынан Өзбекстан, Ресей елдеріне 4 100 тонна сиыр, Өзбекстан, Иран, Бахрейн, Ресей елдеріне 243,8 тонна қой, Өзбекстан, Ресей елдеріне 33,8 тонна жылқы еттері экспортталыпты. Осы жұмыстардың нәтижесінде ірі қара мал етін экспорттауда Түркістан облысы елімізде алдыңғы қатардан көрініп отыр. Бұдан бөлек, өңірде қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорт көлемі 43,4 мың тоннаға жеткен. Қаржылық әлеуеті 40,5 млн.АҚШ долларын құраған. Бұл көлем жыл соңына дейін 97,2 млн. АҚШ долларына жетеді деп жоспарлануда. Облысымыздан 1 445,9 тонна балық өнімдері Еуропаның Германия, Литва және Ресей, Украина, Өзбекстан елдеріне жөнелтілсе, 11,2 тонна шұжық өнімдері мен 1 468 тонна құс еті Ресейге экспортқа шығарылған, – деді басқарма басшысы Нұрбек Бадырақов.

Жанерке Хумар

«Оңтүстік Рабат», №35, 27 тамыз 2020 ж