Ата-әженің қолында тәрбиеленіп, әке-шешесін адам құрлы көрмей есейген кейіпкеріміз редакциямызға хат жолдапты. Өмірде талай теперіш көріп, ес кірген кейіпкеріміздің: «хикаям басқаларға сабақ болар» деген ниетте жазғанын жариялап отырмыз.
Сәлеметсіздер ме? Жастайымнан тағдырдың тәлкегіне көп ұшырадым. «Кездескен қиыншылықтың барлығын дер кезінде төтеп бере салдым» деп айтудан аулақпын. Тағдыр сынына төзбей, сынып қалған кездерім болды. Қайта басымды көтеріп, күресе білуді үйрендім. Сәтсіздіктерді жеңіп, өмірімді өзгертуіме ет жақындарым ғана шынайы көмектесті. Қатемді түсініп, сыртқа теппей, бауырына басқандары үшін алғыс айтамын.
Әке-шешемнің тұңғышымын. Бұрындары тұңғыш немере ата-әженің баласы еді ғой. Ата-анамның есімдерін атап, өстім. Шалдың баласы болдым. Ешкім бетімнен қақпады. Бар қалауым дер кезінде орындалды.
Ата-әжем өмірден өткенде жетімсіреп қалатынымды сол кезде ешкім ойламады. 10 жасымда атам қайтыс болды. Араға екі жыл салып әжем де өмірден өтті. Олар кеткен соң да әке-шешем айтқанымды тіпті екі етпей орындайтын болды. Оған дейін де бетімнен қаққан емес.
Бір нәрсеге көңілім толмаса, «ата-әжем жоқ болған соң маған көңіл бөлмей жатсыңдар» дейтінді шығардым. Мұның барлығын дұрыс деп білетінмін.
Қыз болсам да мінезім дөрекі еді. Артымнан ерген іні-сіңлілерімді де көңіліме жақпайтын әрекет жасаса, сабап салатынмын.
Ешкімге бас имей, бағынбаған қалпы бойжеттім. Сабақ үлгерімім де нашар еді.
Әулетіміз жылқы өсірумен айналысады. Әлеуметтік жағдайымыз жақсы болды.
Жоғары оқу орнына түсерде әкем араға адам салып жүріп, ақылы оқуға түсірді. Зорға қабылдады.
«Ата-анама салмақ салмайын, грантқа оқуға түсейін» деген ой менде болмады. «Олар мені оқытып, қалағанымды орындауға міндетті» деп санадым.
Иә, ата-ананың міндеті – балаларын өсіру. Алайда перзент тарапынан да әрекет, қолдау болмаса, бекер екенін ұқтым.
Не керек, барлық еркелігімді көтерген олар маған ешқашан ұрыспады. Бірнеше рет әкем дауыс көтеріп сөйлегенде, үйден кетіп қалып, оларды әбден әуре-сарсаңға салғаным бар. Содан кейін де қабағыма қарайтын болды.
«Бір жерде арам өліп қалмасын» десе керек.
Сөйтіп жүріп бірінші курста бірге оқитын жігітке ғашық болдым. Миым айналып қалды. Ол не қаласа, соны істеуге дайын едім. Әке-шешем жіберген ақшамен оны да қоса асырап, әке-шешем ештеңеден тарықтырмады. Азық-түлігім де, қажет ақшаны сұратпай жіберіп тұратын. Соған әбден дәніккен жігітім айналамнан шықпайтын болды. Сөйтіп екінші курста екеуміз ойланбай жақындасып, от бастық. Жүкті боп қалдым.
Бұл жағдайды отбасым қатты қиналып қабыл алды. Аяғым ауырлағаны сол еді, жігітім жоқ болып кетті. Оқуға да келмейді, ата-анасымен де байланыспайды. Мен әке-шешесіне бірден барып, жағдайымды түсіндірдім. Анасы мені жақтырмады, ал әкесі бірден той жасайтынын айтты. Жақындарының басын қосып, шағын той жасайтын болды. Әкесі жағдайды түсініп қабылдағанын естіген жігітім тығылып жатқан жерінен шықты, әйтеуір.
Той шығынына ата-анам да қосылды. Сөйтіп кішігірім үйлену тойымыз өтті.
Күйеуге тимей жатып, көтеріп қалған келін кімге жақсын?!
Енем үнемі қағытып, тиісіп сөйлеп отыратын болды. Бұған менің шыдамайтыным анық еді, өйткені бала күнімнен басымнан сөз асырмадым.
Бір күні киім-кешегімді жинадым да үйіме кетіп қалдым. Оқу жайына қалды. Анам «өзіңе бөлек үй жалдап берейік, балаң туған соң өзім қараймын, оқуыңды тастама» десе де тыңдамадым.
Бар ойым – күйеуім келіп, жалынып-жалбарынып алып кететініне сендім. Бір айдай уақыт өткенде, ойлағынымдай, күйеуім әкесімен бірге келіп, мені алып кетті. Басында «бармаймын» десем де кейін келе көндім. Енеммен ара қатынасымыз сонда да жөнделмеді. Бұрынғыдан да қатты ұрсысамыз.
Бір күні мен ашуланғаным соншалық, енеме қазанның қақпағын лақтырып жібердім. Ол үйден қашып шыққан күйі атам мен күйеуім келгенше кірмеді. Көршінің үйінде отырыпты. Атам келген соң, бізді бөлек шығаратынын, ал пәтерақысын да өзіміз төлейтінімізді айтты.
Қуанып, бірден келісім бердім. Ал жігітім болса, біраз қиналды. Үй жалдасақ, табысымыз жетпейтінін айтып, оқу бітіргенше шыдауды өтінді.
Ата-анам бізге көмектесетінін айтып шыға беруге көндірдім.
Бөлек шыққан соң таршылық бас-талды. Әуелде айтқанымды орындап, сұрағанымды беріп тұрған ата-анам да кейін келе: «өздерің күн көруді үйреніңдер» деп ақша беруді қойды. Тек пәтерақысын ғана төлеп тұрды. Басқа ақша бермей қойды.
Қалауымды істетіп үйренген маған бұл өте ауыр тиді. Шыдамадым. Әке-шешеммен де ұрысып қала бердім. «Сананы тұрмыс билейді» демекші қалауыма қол жеткізе алмаған сайын күйеуіммен де жиі ұрсысамыз.
«Көп ақша таппадың» деп үнемі намысына тиетін сөздер айттым. Менен шаршаған ол өз үйіне кетіп қалды.
«Керек етсең, үйге кел» деп айтты. Мендегі көкірек жібере ме? Әрине жібермеді. Мен де әке-шешемнің отбасына бардым. Солардың қолында тұрдым. Іні-сіңлімнің бәрі де тәрбиелі, сабақтарын да жақсы оқитын, ата-анамызды сыйлап тұрады. Оларға қарап өзімнен ұялатын болдым.
Бәрінен де қиыны – күйеуім қызын көруге анда-санда келетін. Алып кетіп, қайта әкеледі. Маған «бәрін қайта бастап, ата-анамның қолында тұрып, солардың батасымен бөлек шығайық» деп бірнеше рет айтты.
Мен – ақымақ, көнбедім. Соңында ол да менен жалықты. Менің алдыма келе беруден де шаршады. Ақыры ажырастық.
Маған қиын соқты. Баламен туған ата-анаңның қолында тұрсаң да өзіңді ыңғайсыз сезінеді екенсің. Балаға қарауды сылтауратып, оқуымды да аяқтамай жүргенде баламның әкесі басқа әйел алып, бақытты ғұмыр кешіп кетті.
Маған бұл да үлкен соққы болды. Содан ес кіре бастады.
Көп қателігімнің себебі де ақымақтығым екенін түсіндім. Күні-түні жылап, оның бақытты болуына төзе алмадым.
Шынымды айтсам, оны қанша жақсы көрсем де қырсық мінезімнің кесірінен айрылыппын. Жағдайымды түсінген әке-шешем балама қарайтындарын айтып, оқуымды жалғастыруды өтінді. Бұл да бір өмірлік сабақ болғанын ақылмен түсіндірді. Қандай жағдай болса да тек бірге туғандарым мен ата-анам ғана жанымда қаларына көзім жетті.
Өз-өзіме келіп, оқуымды жалғастырдым. Жұмысқа орналастым. Балама жиі барып тұрдым. Намысқа тырыстым.
«Пәленшенің қызы мінезінің кесірінен байсыз қалды» деген сөзді тоқтатуға барымды салдым. Ақымақтығымнан көп қателік жасағанымды кеш ұқтым. Жақындарым көмегімен жақсы жағына өзгердім.
Қызым 6-ға толғанда екінші рет күйеуге шықтым. Қазір бақыттымын.
Әке-шешені сыйламай, бар қалауын орындатып өскен адам өмірден соққы жейтініне көзім жетті.
Қызым ата-әжесінің қолында өссе де тәрбиесіне қатал қарадым. Ата-анама да шектен тыс еркелетпеуін үнемі ескертіп отырдым. Бала тәрбиесі бесіктен басталарын өмір үйретті.
Жанерке Хумар
«Оңтүстік Рабат», №36, 3 қыркүйек 2020 ж