Әскери бөлімнен қару-жарақ ұрлығына қатысты сот отырысы аяқталуға жақын. Бұл жолы сот залында қамауға алынбаған айыптылар сөз алды. Олар Санжар Бекжанов пен Қанағат Орынбек.
Соңғы аталған азамат бүгін өзінің істеген ісіне өкінетінін айтты. «Отбасымның жалғыз асыраушысымын» деген Қанағат Орынбекке бұған дейін прокурорлар ең аз жаза мерзімін сұраған еді. Себебі ол қылмыстық істің ашылуына атсалысып, жазасы жеңілдеген жалғыз фигурант.
Қанағат Орынбек, айыпталушы: «Мен істеген ісіме өкінемін. Және маған жеңіл жаза берулеріңізді сұраймын. Себебі мен отбасымдағы жалғыз асыраушымын. Жастайымнан әкемнен айрылғам. Бүгінде, анам, әйелім мен екі кішкентай балам маған қарап отыр. Екінші балам осыдан 4 күн бұрын дүниеге келді. Істеген ісімнің барлығын мойындаймын. Және өкінемін».
Соттың бұл отырысына айыптылардың туған-туыстары да келді. Ата-аналарымен қауышқан олар жақындарынан ажырай алмай ұзақ тұрды.
Айта кетейік, бұл осы жылдың ақпан айында орын алған әскери бөлімнен қару ұрлығы бойынша қылмыстық істің соңғы сот отырыстары. Қоғамдық резонанс тудырған істің үкімі келесі аптада жарияланады деп күтілуде.
Назерке Үкібасова