Балаңыз қашықтан оқығанда ескерер 7 кеңес

125

2020-2021 оқу жылы да басталды. Биылғы Білім күні жылдағыдан ерекше өтті. Алғашқы қоңырау да онлайн соғылып, оқушылар қашықтан сабақ бастады. Жазғы демалыста да үйден шыға алмаған бала жүйкесіне бұл да салмақ. Әке-шеше, ата-әже де күйзеліске түсуі мүмкін. Енді қайтпек керек?

Үйден шықпай білім нәрімен сусындайтын балақайлар мен ата-аналарына қалалық №2 емхананың отбасылық психологі Меруерт Темірханованың кеңесін ұсынамыз.
Психолог Меруерт Темірханованың айтуынша, ата-анаға мұғалім кейпіне енуі оңай емес. Ата-ананың жұмысы бар, отбасындағы міндетіне енді мұғалімнің кейбір функциясы қосылды. Жауапкершілік пен жаңа «статусқа» бейімделуі үшін біраз уақыт керек.


– Ата аналар қазіргі жағдайда позитивті көзқараста болуы тиіс. Бұған дейін жұмысбастылық, күнделікті күйбелең тіршілікпен жүріп отбасына, балаға, тіпті өзіне, өз денсаулығына толық көңіл бөле алмаған ата-аналар бар. Қазір сол олқылықты түзетер уақыт. Отбасы мүшелерінің жанында болып, оларды қуантуға асығыңыз. Әңгімелесіп, ішке жиналған шерді тарқатыңыз. Бірге теледидар көріңіз. Отбасылық ойындардың да кешкі отырыстың сәнін келтіретіні сөзсіз,- дейді психолог.

Психолог қазіргі жағдайды еңсеруге қажет 7 кеңес берді.

1. Сабыр сақтаңыз. Ата-аналар адекватты көз қараспен қарап, мейлінше байыпты, байсалды болуы керек. Ата-ананың немесе үйдегі ересектердің эмоциясы балаларға тікелей әсер етеді.
2. Кеңес құру. Отбасының әрбір мүшесі ұсыныс-пікірлерін білдіріп, айтуы керек. Соған қарай жұмыс уақытын, сабақ орындайтын уақытты, демалу мезгілін, яғни тізім жасап, режим құру керек. Мұғаліммен кеңесе отырып, баланың пікірін тыңдап, сабақ оқитын орынды дайындаған жөн. Мұнда көпбалалы отбасыларды да ұмытпаған абзал. Әр баламен жұмыс істеу оңай соқпайды. Әр балаға орын жетіспейді. Сондықтан да қайсы бала қай уақытта оқитынын, қайсы бала демалатын яғни сол режимді реттеу керек. Сол режимді бірінші кезекте ата-ана ұстанған абзал. Ата-аналар қандай іс әрекет жасаса, бала соны қайталайды.

3. Үй тапсырмаларын қызықты етіп орындауға мән беріңіз. Оқу процесі неғұрлым қызықты өтсе, баланың талпынысы, қызығушылығы соғұрлым артады. Оқу процесіне ата-ана да атсалысқаны маңызды. Бала бастауыш сыныпта оқыса, онда сұрақ қою, сабақты түсіндіру процесін ойын ретінде өткізуге кеңес беремін. Егер жасөспірім болса, олармен сабақты дебат, яғни пікір-талас форматында өткізуге болады. Осылайша баламен қарым-қатынасыңыз жақсарып, оған бір табан жақындай түсесіз.
Ескерту: Кейбір ата-аналар оқу барысында жұмыстан босамауы мүмкін. Барлық жұмыс, тапсырманы кешқұрым орындайтындары да бар. Мұндайда бала да, ата-анада шаршап тұрады. Дегенмен, балаңыз үшін барлық шаршауды ұмытқан абзал. Ең болмаса 1,5-2 сағат арнаңыз. Әйтпесе ол, өз қатарластарынан қалып қоюы мүмкін.

4. Сабақ барысында үзіліс жария-лау керек. Көзге жаттығу жасау, саусақтарды шынықтыру, кішігірім үзіліс ұйымдастыру міндетті.

5. Үй тапсырмаларын орындаған соң қорытындылау уақытын белгілесеңіздер де болады. Қай сабақ оңай, қандай сабақтар қиын, не болмаса интернетте жұмыс істеудің оңтайлы тұстары мен түсінбегенін сұрастырып отырған жөн. Қорытынды жасай отырып, сіз қай бағытта дұрыс жұмыс істеу керек екенін білесіз.

6. Бала үй тапсырмаларын орындап болғаннан кейін, сыныптастарымен, достарымен видео арқылы сөйлесіп, араласуына мүмкіндік берген жөн. Қазір интернетте түрлі жарнама, артық мәлімет, чаттар болуы мүмкін. Сондай қажетсіз дүниелер баланың миын уламасы үшін ата-ана қарауында қосымшасын қолданыңыз. Балаңыз пандемия туралы сұраса, ДДСҰ, ДСМ, денсаулық басқармасынан келген ақпаратты балаға қарапайым тілде түсіндіріңіз.

7. Интернет байланысы нашар болуы мүмкін. Тапсырмалар дайын болмай қалуы да ғажап емес. Мұндайға түсіністікпен қарап, сабыр сақтаған жөн. Баланы қазіргі жағдайға, сабағына жауапкершілікпен қарауға, дағдыландыру да ата-ананың міндеті. Балалармен дүкенге не серуенге шыққанда әңгімелесіп тұрыңыз. Онлайн қосымша сабақтарға қатыстыруға үйде түрлі шаруамен айналыстырып, қол өнермен, қыздарға: пішу, кесте тігу, тоқу, спорт, йогага қызығушылығын арттыра білу ата-ананың міндеті. Баланың өзі жеке үй тапсырмасын орындауға, жеке ойын айтуына мүмкіндік беріп, тыңдау керек. Мұның бәрі өтпелі кезең екенін, бірге өтетіндеріңізді түсіндіріңіз. Қазіргі жағдай өмірде кездесетін басқа да қиындықтан өтуге көмектесерін айтыңыз. Жауапкершілікті түсінген бала сізді де, өзгені де шаршатпай, ісіне пысық, тиянақты болып есейеді.

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ
«Оңтүстік Рабат», №36, 3 қыркүйек 2020 ж