«Бізді алдап кетті: Не көлік, не ақша жоқ»

198

«Алаяққа алданып қалдық». Осылай деген қаланың бір топ көлік жүргізушісі шымкенттіктерді сақ болуға шақырады. Сөздерінше, шаһарда арзан бағада көлік жөндеймін деп, жұртты сан соқтыратындар пайда болған. Көптің сеніміне кіргені соншалық олар, алдымен ақшаны алып, кейін бұзылған көлікті көшеде қалдырып кетеді екен.


Гүлнар Тағайбекқызы, жәбірленуші: «Машинаны істеп беретін болып келіскенбіз. Сонымен ол кісі үйден келіп алып кетті. Сөйтті де машина бітті деп алайын деп келсек, машинаның не кілті жоқ, не аккумуляторы жоқ, коробкасын қиратқан. Өзіне хабарлассақ, кілтті біреу алып кетті дейді. Сөйтіп, ұстатпай жатыр сол алаяқ. Мына жердегі 20-дан астам адамның бәрін алдап соққан. Оны есептесек, ұрлаған ақшасы 5 млн-нан асып тұр».


Осылай деп арызданған шымкенттік көлік жүргізушілері әділдікке жете алмай жүр. Сөздерінше, темір тұлпарын жөндетуге әкелген олар кейін не маманды, не ақшасын таба алмай қалған. Бәленің бәрі әлеуметтік желідегі жарнамадан басталыпты. Көлікті арзан бағада жөндейтін жерді тапқан олар іле-шала осында келген. Және еш күмәнсіз көліктерін қалдырып кетеді. Алайда, арзанның сорпасы татымайтынын тым кеш білдік дейді.


Дастан Ырысай, жәбірленуші: «Басқамен саралап, бағасын салыстырдық. Өйткені бұнда шамалы арзандау болды. Басқа жерде қымбат болды. Жағдайымыз жеткені, қалта көтергені осы кісінікі болды. Бұл кісі істеп бере қалам, өйте қалам деп алдап ақшамызды алып, әні істеп берем,міні істеп берем деп жоқ болды».

Маманнан хабар болмағасын көлік иелері темір тұлпарын өздері іздеп келе бастаған. Және көліктерінің көшеде тұрғанын көріп жағасын ұстапты. Бар сұмдық мұнымен бітпейді. Олардың барлығының есігі ашық қалған. Ал, ондағы заттар болса тоналып, бірі тіпті көлігімді таба алмай жүрмін дейді. Көлік жөндеушісі болса жұмыс орнын ауыстырған. Осылай деген оның бір кездері серіктесі, мұндай адамға жұмыс жерін бергеніме өкініп жүрмін дейді.


Давид ХАРИПУЛЛИН, көлік жөндеуші: «Мен оның түсініксіз істермен айналысып жүргенін білгеннен кейін, бірге жұмыс істеуді тоқтаттым. Егер бұл былықты басынан білгенімде жол бермес едім. Маған да артық проблема керек емес. Міне, қаншама адам келді шағым айтып. Бір 15-тен аса адам келген шығар. Әлі егесі келмеген 6 машина тұр бұл жерде. Қалғанын иелері келіп алып кетті».

Айта кетейік, әр көлікті жөндеуге жүргізушілер 150 мыңнан бастап, 500 мың теңгеге дейін берген. Әділдік іздеген олар полицияға да шағымданған. Алайда, арыздарының қабылданбағаны туралы хабарлама келіпті.


«Қанша адам барсыздар? Бәріңіз жазыңыздар. Тергеушінің айтқанындай сіздерден кеткен шығын 2 млн. теңгеден асса, тиісті шешім шығарады. Сіздердің арыздарыңыз қараусыз қалдырылмайды. Қаралады міндетті түрде».

Басқа да көлік жүргізушілерін абай болуға шақырған шымкенттіктер ғаламтордағы жарнаманың әлі де өшірілмегенін айтады. Алайда, онда хабарласқанымызда телефон нөмірі байланыс аясынан тыс жерде болды. Құзырлы органға тағы да топтасып арыз жазған олар бұл жолы өздерін алдап кеткен адамның табылатынын үмітті.

 

                                                                                           Назерке Үкібасова