Әлемнің өзге елдерінде коронавирус індетінің жаңа толқыны басталған шақта шымкенттік шенеуніктер вирустың таралуының алдын алуға бекіне кірісіп кетті. Тіпті халық көп шоғырланатын базар аумағында баспасөз мәслихатын өткізіп, тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізуге мәжбүр болды.
Төтенше жағдай режимі енгізілгелі бері ауданда шектеулер мен талаптарды бұзғандарға қатысты 117 хаттама толтырылып, 11 млн теңге көлемінде айыппұл салынған. Тіпті олар толығымен өндіріліпті. Сонымен қатар, санитарлық талаптарды бұзған ірі 4 базардың басшыларынан 2 млн теңгеден астам қаржы өндірілген. Бірақ, айыппұл салынғанымен, талаптарға немқұрайлы қарайтындар әлі де тыйылар емес.
Тұрғындар арасында бүкіл әлемге қауіп төндірген індеттен арылудың бір жолы сақтық шараларын барлығымыз міндетті түрде орындауымыз қажет деп есептейтіндер де бар.
Мобильді топтың санитарлық талаптарды сақтау бойынша түсіндіру шаралары халық көп шоғырланған банктер, ірі сауда орындары, халыққа қызмет көрсету орындарында, пошта мекемелеінде де жалғасын табады.
Шынар Оразова