COVID-тің келесі толқыны: Орталықтардың дайындығы пысықталды

110

Шымкентте қатерлі індеттің келесі толқынына дайындық басталды. Қараша мен желтоқсан айларында өршуі мүмкін деген вирустың алдын алу үшін тіпті қаланың жедел жәрдем орталығы да ауысқан.

Және ондағы қызмет енді бұрынғыдай емес, цифрландырылған түрде жүргізілмек. Осылайша жауаптылар пандемияның алғашқы толқынындағы қателіктерге жол бермейміз деп отыр.


Шымкентте коронавирустың келесі толқынына дайындық басталды. Осылай деген қала әкімінің бірінші орынбасары бүгін оқу-жаттығу жиындарын өткізді. Оған жедел-жәрдем орталығының мамандарынан бастап, қаланың провизорлық орталық қызметкерлері де қатысты. Басты мақсат қараша мен желтоқсанда өршуі мүмкін деген індеттің алдын алу.


Шыңғыс Мұқан, Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары: «Қалада инфекцияның күтілетін көтерілу кезеңі, медициналық ұйымдардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз ететін жеке қорғаныш құралдарын ИВЛ аппараттары мен оттегі концентраторларының қоры құрылды».


Қатерлі індетпен күресте жеңілмеу үшін жедел-жәрдем орталығы да өзгертілген. Және ондағы мамандар да екі есе көбейіпті. Осылай деген қаланың жедел жәрдем станциясының басшысы енді пандемияның алғашқы толқынында жіберілген қателіктерге жол бермейтінін айтады. Ол үшін тіпті, ауруханадағы бос орындар мен жедел жәрдем көлігінің қайда кетіп бара жатқанын көрсететін лед экран да орнатылған.


Гүлнар Құрманбекова, Шымкент қаласы жедел-жәрдем станциясының басшысы: «Екінші толқын келген жағдайда, бүкіл қаланың денсаулық сақтау жүйесіндегі аурухана, емхана, жедел-жәрдем көрсету станциясы провизорлық орталықтар барлығы дайын болып, қалай бірдей жұмыс істейді осыны көріп, жаттығу жасап, қандай кемістік болса, соны жойып, дайын болу жағын қарастырып жатырмыз».


Мамыр – маусым айларында жедел-жәрдем станциясына күніне 2300-2200 қоңырау түссе, бүгінде ол екі есе азайған. «Бірақ, бұл босаңсуға еш себеп емес» дейді Асардағы жұқпалы аурулар ауруханасының аға дәрігері. Себебі бүгінде бұл ауруханада 72 науқас ауыр жағдайда жатыр. Оның 4 арнайы тыныс алу аппаратына таңылған.


Инфекциялық орталықтың аға дәрігері: «Бүгінгі таңда дәрі-дәрімекпен толық қамтамасыз етілген. Халыққа айтарым тек сабырлық сақтау керек. Бізге сенім сұраймыз. Олар сенбесе біздің жұмыс ауырлау болады. Бізге сеніп тапсырғаннан кейін қолымыздан келгенше, біліміміз жеткенше дүниежүзілік практикаға сүйеніп, көмегімізді көрсетеміз деп сөз бере аламыз».


Айта кетейік, өткен жылы қаланың денсаулық саласына 150 млн. теңге бөлінсе, биыл қаралған қаржы одан 6,5 есе көп. 6 млрд. теңгеден астам. Осылай деген қала әкімінің бірінші орынбасары, ауруханада керек-жарақтың түгел екенін алға тартты.

                                                                                               Назерке Үкібасова