Дүниежүзілік сенбіліктен шымкенттіктер да қалыс қалмады

281

Еңбекші ауданында Төтенше жағдай режимінен кейін алғаш рет сенбілік өтті. Қаланың 4 ауданында ұйымдастырылған тазалық акциясына тек арнайы мамандар емес, бұл жолы тұрғындардың өздері де келген.

Біраз уақыт карантинде отырдық деген олар осы аралықта аула мен саябақтың да қадірін білгенін айтады. Және оны қоқыстан арылтауға белсене атсалысты.

Злата және Инесса Шомковалар «Фосфоршылар» сарайына көрші үйде тұрады. Таңертең қоқыс төгуге шыққан олар қараусыз қалған аумақтың тазаланып жатқанын көріпті. Және жан-жақты жинауға өздері де кірісе кеткен. Мұндай сенбіліктің аумаққа ауадай қажет екенін айтқан олар қала тұрғындарын мәдениетті болуға шақырады. Сөздерінше үлкендердің немқұрайлы қарағанынан айнала қоқысханаға айналған.

Злата және Инесса Шомковалар, қала тұрғындары: «Біз бұл жерде таңертеңнен бері жүрміз. Айнала әбден қоқысқа толған екен. Міне бір дорбасын жинап қойдық. Адамдарды таза болуға шақырамыз. Сонда қала да көрікті әрі таза болатын еді. Әрқайсымыз жан-жағымызға жауапкершілікпен қарасақ екен. Үлкендерді немқұрайлы болмауға шақырамын. Бұл болмайды ғой. Мына тарихи сарайды да қараусыз қалмаса екен дейміз».


Айта кетейік, өткен сенбі дүниежүзілік тазалық күні болды. Және дәл осы күні еліміздің әр аймағында төтенше жағдай режимінен кейін алғаш рет сенбілік ұйымдастырылды. Тазалық акциясынан Шымкент те қалыс қалған жоқ. Қаланың 4 ауданында арнайы мамандар, тұрғындар мен әкімдік өкілдері тазалық шарасын өткізді.


Карантин режимі жеңілдеген соң ұйымдастырылған сенбіліктің бұл соңы емес. Осылай деген жауаптылар жұртты ұқыпты болуға шақырады. Себебі қаланың көркі сіз бен біздің айнамыз.

 

                                                                                                Назерке Үкібасова