Кентау қаласындағы Абай даңғылының бойында «Ұстаздар» аллеясы толық аяқталды. Ең қызығы, бұл жобаның авторы педагог саласында ерен еңбек еткен, қазіргі таңда Юрий Гагарин атындағы №16 мектеп директорының оқу-ісі жөніндегі орынбасары Нұрлыхан Ахпамбетов. Авторға бұл идея 14 жыл бұрын келіпті. Ол елімізде профессорлар аллеясының бар екенін алға тартып, ұстаздарға құрмет көрсету мақсатында осы жобаны қолға алған. Бейнелеу пәнінен дәріс берген ол аллеяның үлгісін өзі салып шыққан.
«Эскиздерін өзім сыздым. Авторлық құқық бойынша арнайы тіркелдім. Аллеяда кітапқа ескерткіш қойылған. Кітаптың ортасына орналасқан субұрқақтан су атқылағанда бейнебір парақтары ашылып жатқан сәтті көзге елестете аласыз. Қауырсын қаламсаптың тұғыры да осы аллеяда орнатылған. Сондай-ақ халық серуендегенде балаларын ойнататын алаңшалар жасалады. Одан бөлек, әр орындықтың жанына шахмат тақтайшасын орнату жоспарымызда бар»,-дейді Нұрлыхан Ахпамбетов