Елорда жәрмеңкесінде Түркістан өнімдері сатылады

324

5 – 6 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласында Түркістан облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтеді. Жәрмеңкеде өңіріміздің диқандары 447 тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімдерін нарықтық сатылымнан 15-20 пайызға төмен бағамен ұсынады. Бүгін көкөніс, ет өнімдері мен жеміс жидектер тиелген 34 жүк керуені елордаға аттанды.

Нұр-Сұлтан қаласына аттанғалы тұрған ауыл шаруашылығы өнімдері тиелген керуенге сайрамдық шаруалар да өз үлесін қосқан. Биылғы жыл пандемияға қарамастан еңбекқор диқандар үшін табысты болыпты. Ет өнімі, көкөніс, жеміс молынан жинап алынған.
Нұрпапа Көпеев, Сайрам аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:» Бұл керуенді Сайрам ауданының үлесі бар. Біздің шаруалар 32 тонна өнім жолдап отыр. Оның 16 тоннасы көкөніс, 2 тоннасы ет, 2 тонна сүт және шұжық өнімдері».

Ет өнімдері өңірдің солтүстік бөлігінен де жеткізіліпті. Кентаудағы Қарнақ, Ораңғай, Ескі Иқан, Шаға ауылдарындағы шаруа қожалықтары ақордалықтарды осымен он жыл бойы өнімдерімен қуантып келеді.

«Яссы» серіктестігіндегілер биыл жәрмеңкеге алғаш рет атсалысыпты. Өніміміз үшін ұятқа қалмаймыз дейді олар. Ал соңғы бес жылдан бері көкөніс пен бақша өнімдерімен айналысып келе жатқан жетісайлық шаруалар дәстүрлі ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне қатысып,тәжірибе жинақтаудамыз дейді.
Тұманбай Қаналиев, Жетісай ауданындағы Жылы су ауылдық округінің шаруасы: «Мақтамен айналысатын едік 2015 —тен бастап көкөніс жеміс қауын қарбыз егумен былтыр қатысқанбыз биыл да қуантамыз деген ойдамыз».

Көрші Келес ауданындағы шаруа қожалықтары ел астанасындағы тұрғындарға 33 тонна өнім тарту етпек. Жалпы айтқанда, өңіріміздің диқандары жәрмеңкеде 447 тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімдерін нарықтық сатылымнан 15-20 пайызға төмен бағамен ұсынады.

Нұрбол Бекмұратов,  Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы
басшысының орынбасары: «Негізгі өнімдер бойынша Нұр-Сұлтан қаласында сиыр етінің нарықтағы орташа бағасы 2000-2100 тг құраса, жәрмеңкеде 1700-1800 аралығында сатылады. Қарбыз, қауын 130-200 теңге болса, 75-100 тг., көкөніс өнімдерінің орташа бағасы 150-200 тг болады».

Ауыл шаруашылығы өнімдеріне лық толы керуеннің жол қауіпсіздігін полицейлер қамтамасыз етеді. Өнімдер алдағы демалыс күндері Нұр-Сұлтан жәрмеңкесінде сатылымға шығарылады.

Шынар Оразова