«Еркектің жалқау болғаны азап екен»

550

Отбасы тірегі бола білмейтін, ал бауыр еті балаларына әкелік парызын өтемейтін еркек отбасына тек кері әсерін тигізері анық. Жылдар бойы жалқау күйеуінің әрекетінен шаршаған кейіпкеріміз редакцияға хат жолдапты. Ердің де, әйелдің де міндетін атқарып, үйдің де түздің де жұмысын арқалаған ананың оқиғасын өз аузынан таңдаңыз.

Сәлеметсіздер ме, «Оңтүстік Рабат» газетінің ұжымы. 38 жастамын.
Шымкент қаласының тұрғынымын. 23 жасымда тұрмысқа шықтым. Жігітім екеуіміз көп уақыт таныс болмадық. Екі жақ туысқандарының араласуымен 3 айға жуық уақыт сөйлесіп жүрдік те үйлендік. Күйеуім менен 4 жасқа үлкен. Жеке кәсібі бар туысқан ағасының қолында жұмыс істейтін.
Біз шаңырақ құрғанан кейін оны жақын тани бастадым. Ашығын айтсам, өте жалқау адам болып шықты. Қолы қимылдаса, аузы қоса қимылдайтын еді. Ұйқыны өте қатты жақсы көреді. Аптасына 3 күн жұмысқа барады. Жұмысқа шығу тәртібі сондай еді. Қалған күндері ұйықтайды, тамақ ішеді және теледидар көреді.
Егер «аптасына 5 күн бойы жұмысқа шығам» десе ағасы «жоқ» демейтін еді. Оны бастықтары ұната бермейтін. Өйткені, жалқау. Тек үлкен бастығы жақын ағасы болған соң аман қалып жүрді. Қанша туысқаны болса да жұмыстың аты жұмыс. Күніне 4-5 сағат қана жұмыс істеп, үйіне қашатын қызметкер кімге керек. Алғашында бірнеше рет ескерту жасады.
Ағамыз: «Ел қатарлы еңбек етсең, жұмыс орныңда қаласың, ал жүрдім-бардым әрекетіңді жалғастырсаң, сенің орныңа адам кезекте тұр. Маған жан-тәнімен беріліп жұмыс істеп, ісімді алға бастыратын адам керек» деп кесіп айтты. Оның қылықтарына ата-анасының көңілі үшін төзіп жүрген кәсіпкер ағамыз бұл жолы жалқау жұмысшыны қаламайтынын жеткізді. Күйеуім шектен шығып еркелеп кеткен еді.
«Туысым ғой, қалай жүрсем соған көнеді, осылай айлық төлей береді» деп ойласа керек. Әдетте бастығынан ескерту алған адам, намысқа тырысып, қателігін қайталамауға әрекеттенеді ғой. Біздің жігіттің әрекеті керісінше болды. Кішкентай бала сияқты ренжіп, тіпті қырсығуды шығарды.
«Маған мінез көрсетсе, жұмысынан кетіп қалам ғой, сонда не істейді» деп болмағыр адамның сөзін айтып жүреді.
Мен бұл әрекетінің теріс екенін айтсам, айқайлайды. Ешқашан мінін мойындамайды. Осылайша ағасына қырсығып жұмысқа бармай жүргенде оны жұмыстан шығарып жіберді. Орнына бірден адам табылған. Содан кейін күйеуім 4 айға жуық уақыт жұмыссыз жатты. Атам бірнеше жерге сөйлесіп, жұмысқа орналастырмақшы болды, бірақ ол шамасына қарамай жұмыс таңдады.
Болмаған соң, несие ресімдеп, автокөлік алып беруді жөн көрдік. Тым болмаса «таксилетіп», күнделікті ішіп-жемнің қаржысын тауып тұрса да қуанар едік. Көлік әпергеніміз сол, жалқау адамды үйден таппайтын болдық. Қайдан шыққаны белгісіз, өзі сияқты бірнеше дос тауып алыпты. Солармен қыдырып жүріп-ақ уақыт өткізетін болды. Ашуға булыққан атам машинасын алды да қайта сатып жіберді. Сөйтіп кредитін жауып салды, өйткені, менің тапқаным машинаның несиесін өтеуден артылмай бара жатқан еді.
Көлігін алып қойған соң күйеуім қырсығып тіптен жұмыс іздемей, үйде жатып алды. Құдай-ау еркек болып ұялуды білмейді. Ұйықтайды, тұрады, теледидар қарайды немесе достарымен кездесуге кетеді.
Қалай ғана соған дәті шыдайды білмейміз. Әкесі мен анасы «оны тәрбиелегенде қай жерден қате жібердік» деп үнемі уайымдап отырады. Арамызда бала бар, ата-енем мені қатты жақсы көрген соң мен кетіп қала алмадым. Кеткенде де қайда барар едім. Ата-енемнің басқа балаларының бәрі тәрбиелі, мектепте жақсы оқып, өте жақсы жұмыс істейді. Бұл кенжесі болған соң ба екен, шектен тыс еркелікті көтере алмай қалған сияқты.
Енем үнемі балаға қарайтын. Мен мектепте жақсы жұмыс істедім. Балаларымды әкесіне сеніп тапсыра алмайтыным анық еді. Сондықтан барынша көбірек ақша тауып, соларға жақсы тәрбие беруге тырыстым. Атам мен енем үнемі қолдау көрсетті. Ал күйеуім сол баяғы қалпынан танбады. Жыл өткен сайын жалқаулығы күшейе берді. Қаншама жұмысқа орналастырдық, біреуін де дұрыс істемеді. Соңында үнемі өзіміз ұятқа қалатын болдық. Қазір екі баламыз бар.
Үйде ақша табатын адам мен болған соң қызым мен ұлымның маған деген құрметі ерекше. Әкесін онша құрметтемейді. Жатып ішер жалқау адамды тіпті балалары да сыйлаудан қалады екен.
Кейде ұлым: «Мама, сіздің тапқаныңызды жаратып, ұйықтап жата беруден ұялмай ма?» деп сұрап жүреді.
«Қандай адам болса да әкелерің туралы бұлай айтпаңдар, сыйлауға міндеттісіңдер» десем де сөзім өтпей бара жатыр. Бар ойым: ұлым мен қызыма дұрыс тәрбие беру. Әкесі сияқты жалқау болғанын қаламаймын. Менің үнемі шаршап жүретінімді көріп өскен олар қазір маған тек қолдау көрсетеді. Кішкентай болса да екеуі тамақ жасап, үй тазалап қояды.
Бұған да шүкір деймін. Мен әйелмін ғой. Мен де басқа келіншектер сияқты үй жұмысына көңіл бөліп, күйеуіме дәмді тамақ жасап, оның жұмыстан келуін асыға күтіп отырғым келеді. Отбасылық мәселелерді отағасы ретінде соның шешкенін қалаймын. Бәріне өзім жүгіріп қиналып жүргенде оның алаңсыз ұйықтап жатқанын көріп, кейде құтырып кете жаздаймын. Мұндай еркектің барынан жоғы артық сияқты. Маған оның ата-анасы және аға-әпкелері үнемі қолдау көрсетіп келді. Өйткені інілеріне менен басқа ешкім шыдамайтынын біледі. Сондықтан да құрмет білдіріп, қабағыма қарайды.
Мерекелерде жақсы сыйлықтарын алып келіп, көңілімді аулап жүреді. Әпкелері үнемі ата-аналарына қарап, жалқау, ақылсыз інісіне төзіп жүргеніме алғыс айтады. Құрақ ұшып тұрғандарын көріп, мен де ыңғайсыз жағдайға түсемін.
Еркек адамның жалқау болуы соншалықты жаман
Өмір бойы өзіңді аманат етіп тапсырған адамың саған қараудың орнына сенен өзіне қарауын талап етіп тұрса, еркек болып үйге бір тиын әкелмесе, бала-шағаның тәрбиесіне араласпаса, оларға әкелік міндетін атқармаса, жан-жарының жанын түсінбесе, мұндай адамның керегі не деп күйіп кетемін кейде. Әйтеуір тойларда қасыма еріп баратын болмаса, басқа міндетін атқарып білмейді.
Міне осылай жалқау күйеуіммен алысып келе жатқаныма да 10 жылдан асты. Бұл енді жөнделмейтіні анық. Басында ажырасып кетуім керек еді. Ата-анасын қимадым. Олардың маған деген таза көңіліне кірбің түсіргім келмеді. «Мен кетсем, жалқау баласы оларға қарамай, ауру қылып қояр» деп уайымдадым. Ең бастысы «балаларым әкесіз өспесінші, жаман болса да әкелері болсын, өзімнің де жаман болса да байым болсын» деген түсініктпен қалып кеттім.
Егер дер кезінде кеткенімде мен де өзіме лайықты, жанымды түсінетін, мені сыйлайтын, аялайтын адам табар ма едім кім білсін?
Тағдырыма осы адам жазылғанан кейін амал жоқ көнемін де.
Енді балаларым әкесі сияқты болмаса екен деп тілеймін. Солар мықты азамат болып, балапандарымның қызығын көрсем, мүмкін өмірлік өкініштен арылармын.

Жанерке ХУМАР

«Оңтүстік Рабат», №35, 27 тамыз 2020 ж