Ипподром жобасы аяқсыз қалуы мүмкін

149

 

Шымкенттегі ипподром жобасы қоғам талқысына түседі. Бұл туралы бүгін осынау жоба талқыланған брифингте айтылды. Салаға жауаптылары шағынаудан құрылысы халықтың келісімінсіз басталмайды деп отыр.

Осыған дейін Үкімет мүшелеріне таныстырылған бұл жоба қазір қоғамда қызу талқыға түсіп отыр. Көпшілік арысы жылдан бері жұмыс істеп тұрған ипподромды бұзып орнына баспана құрылысын жүргізуге қарсылық білдіріп отыр. Қомақты қаражат ұсынып отырған инвесторлардың жайын не болмақ?

Дау-дамайға ұласқан брифинг әдеттегідей әкімдік ғимаратында емес, қоғамның қызу талқысына түскен ипподром аумағында ұйымдастырылды. Құрылыс саласына жауаптылар мен халық қалаулылары болашақ жобаның әлі де қоғам талқысына түсетініне сендірді.

Нұрлан АРХАБАЕВ, Шымкент қаласы сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары: «Жоба қоғамдық тыңдауда қаралады. Егжей-тегжейлі жоба ұсынылады. Ұсыныстар қаралады».

Өткен аптада бұл жоба қалаға іс -сапармен келген Премьер-министрдің орынбасары Роман Склярға таныстырылған болатын. Шетелдік инвесторлармен «әбден саудаластық» деген шаһар басшысы ипподромның бұзылатынын, тіпті оның орнына 500 мың шаршы метрді құрайтын жаңа орамның құрылысы қолға алынатынын қадап айтқан болатын. Тіпті бағасына дейін нақтылап, жобаның қашан іске асатыны тәптіштеп түсіндіргені жұртшылықтың әлі есінен шыға қойған жоқ.

Мұрат ӘЙТЕНОВ, Шымеент қаласының әкімі: «Біз ұзақ уақыт бойы саудаластық. Жаңа ипподромның құрылыс тегін салғымыз келді. Сауда қатты болды».

Ал 40 жылдан бері қолданыста болған ипподромның қазір жарамсыз болып қалғанын халық қалаулылары да қуаттай түсті. Айтуларынша, 1979 жылы құрылған нысанның тозығы әбден жеткен. Не заманауи талаптарға, не санитарлық ережелерге де сәйкес келмейтін болып шықты.

Дақпырты Үкіметке дейін жеткен кешенді жоба 30 гектардан астам аумақты қамтитын болған. Нысанды салу кезінде 8 мыңнан астам жұмыс орны ашылады деп күтілді. Осылайша қоғам сүзгісінен өтпей жатып Үкімет мүшелеріне таныстырылған ауқымды жобаның аяқсыз қалуы да мүмкін екен! Себебі, көпшілік келіспесе, құрылыс қолға алынбай қалуы да ғажап емес.

Мақпал Рысбаева