Түркістан қаласы – Ұлы Жібек жолы бойындағы ең беделді әрі ірі қалалардың бірі болған. Мұнда да халықаралық сауда кезінде әлемнің түкпір-түкпірінен жеткен заттар табылып жатады. Солардың бірі – каурилер. «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің қор сақтаушысы Әшіркүл Егеубаева ақша орнына айырбас ретінде де, қымбат бағалы әшекей бұйым заты ретінде де мәнге ие болған «каурилер» туралы айтып берді.
Ұлы Жібек жолының алғашқы сауда байланыстары б.з.д. III-II ғасырларда қалыптасып, басты тауары Қытайда өндірілетін жібек болғаны себепті де «Жібек жолы» деп аталғаны белгілі. Жібекпен бірге Шығыстан Батысқа, Батыстан Шығысқа – Римде, Францияда, Византияда, Русьте, Иран мен Араб халифатында, Ерте түркі қағанаттарында, Қытай, Корей, Жапонияда өндірілген көптеген тауар тасымалданған.
Мұндай экзотикалық тауарлардың тізімі өте көп. Хош иісті заттар: жасмин иіс майлары, мускат жаңғақтары; женьшень, бұған қоса дәрі-дәрмек, кілемдер мен кенептер, бояулар мен минералдық шикізаттар; алмас, яшма, янтарь мен теңіз маржандары, морж азу тістері, піл сүйегі мен алтын, күмістер; садақ-жебелер, қылыш пен найзалар т.б заттар тасымалданған.
Ұлы Жібек жолының бойында Тараз, Баласағұн, Бұхара, Сайрам, Сауран, Отырар, Сығанақ, Мерв, Үргеніш, Испиджаб, Шаш, Шауғар және тағы басқа ірі-ірі ортағасырлық қалалар орналасқан.
Келе-келе Жібек жолы – сауда жолы ғана емес, көшпелі отырықшы халықтар мәдениетінің даму жолына айналды.
Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Тараз, Отырар Шауғар , Ясы Түркістан деп аталатын ортағасырлық қала орындарындағы қазба жұмыстары кезінде сауда керуендері арқылы басқа құрлықтардан тасымалданған көптеген зат табылды.
Негізінен түрлі тұрмыстық және әшекей бұйымдар, жекеленген бөліктері болды. Түркістан өңіріндегі Шербай, Шпан, Сидақ, Шойтөбе, Сауран, Ясы қала орындарынан алынған олжалар «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің сирек жәдігерлер қорында сақтаулы. Мұндай жәдігерлер қатарында металлдан жасалған айналар, фарфор ыдыс бөліктері мен бағалы тастардан жасалған түрлі моншақтар мен жалған жүзік түріндегі мөрлер. Табылған әшекейлік бұйымдар сол кезеңдегі әйелдердің әсемдікке құштарлығын көрсетіп, діни-магиялық негізі себептерінің де болғанын білдірсе керек.
Ертеде «түрлі аңдардың азу тістерін, теңіз бақалшақтары мен т.б. заттарды тағу қожайынына күш беріп, түрлі қауіп-қатерден сақтайды» деген наным-сенімге байланысты болған.
Әшекей бұйымдар әр халықтың өзіндік сыр-сипатын, ұлттық тағылымы мен қоршаған ортаға түсінігін қалыптастырады.
Бүгінгі тақырыбымызға арқау етіп отырғанымыз — ерекше әшекей бұйымдардың бірі «каури» әшекейі. Бұл «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің сирек жәдігерлер қорында сақтаулы.
Орта Азия мен Қазақстан аумағындағы қазба жұмыстарында кезінде каурилердің көп табылуы да бұл зат әлемнің көптеген халықтарының дәстүрлі әшекейлерінің бірі болғанын білдіреді.
Кезінде сақ патшайымдары алтынданған әшекей бұйымдары бола тұрса да каурилерді армандаған екен.
Бұған дәлел Үнді мұхиты жағалауларындағы экзотикалық жемістердің сүйектеріне ұқыптап салынған каурилерді археологтар Алтай және Қазақстан жеріндегі әйелдер жерленген қорымдардардан тапқан. Каурилер иесінің өте қымбат заты болғаннан кейін, өздерімен бірге басқа әлемге алып кетуі үшін бірге жерлеген екен.
Қалыптасқан атау бойынша каурилерді бақалшақтар немесе ұлу қаңқалары деп атайтын боламыз. Ежелгі уақыттарда бақалшақтар бірнеше құрлықты бағындырып, жүзжылдықтарда халықтар тағдырын, экономикаларын басқарды. Ал кейбір елдерде «әйелдерге бақыт әкелетін зат» деп қараған.
Мәселен бақалшақтарда «әйелдердің ұрпақ жалғастыруға қабілетін жақсартатын және бедеуліктен қорғайтын сиқырлы күш, тіл-көзден сақтайтын құдірет бар» деп тұмар ретінде тақты.
Қытайда бақалшақ қабығы — инь әйел принципінің символы саналды.
Әйелдер бақалшақтарды моншақ, білезік ретінде тағып, киімдерді әшекейлеу үшін де қолданған. Жалпылама барлық бақалшақтардың пішіндері сопақшалау және іштері қуыс болып келеді. Кейбір түрінің бір беті сопақша саңылауы болып, екінші бетіндегі көрінісі адам анатомиясындағы ерін тәрізденіп қусырыла кішкене иректелген.
Түстері фарфор тәрізді немесе ақшыл-сары бақалшақтар «жылан басы» деген лақап атымен белгілі. Барлық бақалшақтардың түстері ақшыл фарфор тәрізденіп жылтыр болып келеді.
Бақалшақтар қазба жұмыстары кезінде б.з. І ғасырларынан бастап кездеседі. Ерте замандарда Үнді мұхиты жағалауындағы елдер ақша ретінде де, әшекейлік бұйым ретінде де сәндік үшін қолданған.
Кауриді ақша ретінде Қытайда 3500 жыл бұрын пайдаланып, металл ақша шыққан кезде де Юньань провициясында ХІХғ дейін пайдаланып келген. Каурилер Қытайдан Кореяға, Жапонияға, Үндістанға, Тайланд, Филиппин аралдарына тараған. Үндістанда 2 мың жыл бұрын пайда болып, ІҮ-ҮІғғ кең тараған.
Каурилер керуен жолдары арқылы әлемнің көптеген елдеріне Орта Азияға, Европа, Африкаға да жеткен. Үнді мұхиты елдері де ақша ретінде пайдаланып, ақша орнына айырбас заты ретінде таратқан. Бағасы түсі мен көлеміне қарай бағаланған. Латынша каурилерді «cyprea moneta» деп атаған.
Ұлу қаңқалары теңіз мұхит түптерінен алынатыны себепті жағалаудағы елдер үшін ақша орнына айырбас саудада қолданатын қымбат бағадағы бұйым ретінде жүрген. Теңізден алынған каурилерді екіге жарып, шеберлер жылтыратып, тазалап айналымға шығарған. Каурилерді ең алғаш ақша ретінде теңіз жағалауларында орналасқан мемлекеттер пайдаланған.
Әлемде Үнді мұхитынан алынған ақшыл түсті, ұзындықтары 2-3см келетін каурилер ең сапалы каурилер болып есептелген.
Суы жылы теңіз жағалауын мекендеген тайпалар айырбас құралы ретiнде теңiзде өмір сүретін қабыршақты бақалшақтар қолданған. Ең көп тарағаны ақшыл сары түстi, үлкендiгi түймедей каури. Әшекей ретiнде жiпке тiзген каури Үндiстанда, Қытайда, сол сияқты Африканың Шығыс жағалауында және Цейлон мен Филиппин аралдарында да ақша ретiнде жүрген.
Кезінде осыншалықты халықтың зор беделіне бөленген бақалшақтар Үнді және Тынық мұхитының таяз суларында мекендейтін кішкентай тіршілік иесі екен. Көптеген омыртқасыздардың денесін жауып тұратын сыртқы қорғаныш қаңқасын «бақалшақ» деп атайды.
Кішкентай моллюскілердің бақалшықтарынан меруерт және оның бір түрі — інжу өндірледі. Бақалшақтардың қорланып шоғырлануынан көптеген шөгінді тау жыныстары түзіледі.
Қарапайым тілде түсіндірсек, әдетте іші қуыс, бос болады, яғни өліп қалған кейбір теңіз жануарларының бұрынғы «үйшігі» деп түсінген дұрыс. Дей тұрғанмен, ұлулар орманды алқаптарда да, өзендерде де кездесетінін білгілі. «Сонда оларды құрлықтардан да жинай береміз бе» деп ойланып қалуымыз да ғажап емес. Біздің қолдағы каурилерді «ұлу» деп аталатын /былқылдақ денелілер/теңіз жануары түзген. Олар жұмсақ терілерін қорғайтын қалқандарда (бақалшық) өмір сүреді.
Бақалшақты «ұлудың қаңқасы» немесе «жануардың бір бөлігі» деп айтуға болады, яғни, ұлу оған денесімен бекіп орналасқан. Былқылдақ денелілер «үйлерін» ешқашан тастап кетпейді.
Бақалшақ — ұлудың белгілі бір бездері судан әкті тарту арқылы түзіледі екен.
Музей қорында Сауран, Шойтөбе, Сидақ ата археологиялық қазбалар барысынан әр түрлі хронологиялық кезеңдерді қамтитын елуге жуық бақалшықтар табылған.
Соның ішінде түстері ақ фарфор тәрізденген бақалшықтарды ерекше атағанымыз жөн. Ұзындықтары 1,2см -1,8 см аралығында болады. Бұлар Шойтөбе және Сауран қазбаларынан табылған.
Сидақ ата қазбасынан табылған, көмбе заттарымен бірге шыққан ӘСММ кк 3165/1-32 ІV-VІғғ тән бақалшақтар да бар. Жалпы саны – 32 дана.
Музей қорындағы басқа бақалшақтарға қарағанда ертеде жасалғаны себепті де сақталуы нашар.
Кезінде бұл бақалшақтарды моншақ етіп мойынға немесе, білезік ретінде қолға тақты ма әлде ақша ретінде айналымда жүрді ме? Бұл жағы бізге белгісіз.
Білетініміз, шет елден тасымалданған ең асыл зат ретінде өткен ғасырларда адамдар өз қажетіліктеріне пайдаланғаны және болашақта да, көрерменнің көзайымына айналып, көпшілікті таңқалдырар құнды жәдігерлердің бірі болып қалатыны.
Жанерке Хумар
«Оңтүстік Рабат», №36, 3 қыркүйек 2020 ж