Шымкентте көлік жөндететіміз деп жаяу қалған бұл жүргізушілер әлі күнге дейін әділдікке жете алмай жүр. Сөздерінше, өткен аптада құзырлы органға жазылған арыз сол күйі қалған. Ал, өздерін алдап кетті деген көлік жөндеушіден еш хабар жоқ. Осылай деген олар бұл жолы Полиция департаментінің алдына жиналуды жөн көріпті.


Нұрлан Таңқыбаев, жәбірленуші: «Ең алғашқы арызды 1 жыл бұрын жазғанбыз. Үнемі полицияға тастаймыз. Іс қаралады. Прокуратураға өтеді. Бірақ, дәлелдің болмауынан барлығы тоқтап қалады».


Еске сала кетейік, 18 қыркүйек күні арнамызда әлдекімнен алданған шымкенттік 20-ға жуық көлік жүргізушілер мәселесін көтерген болатынбыз. Редакцияға шағым айтқан көлік олар темір тұлпарын жөндетемін деп жаяу қалғанын жеткізген еді. Соңында не машинасына, не ақшасына жете алмай қалған олардың полицейлерге деген өкпесі қара қазандай. Себебі жазған арыздарынан қайыр болмапты.


Анастасия Михайлова, жәбірленуші: «Менің көлігімді жөндеймін деп тамыз айында алған. Содан бері не көлік, не өзі жоқ. Осыны айтып өзіне да талай шағымдандым. Бірақ одан еш қайыр болмады. «Қайта қайда барсаң, онда бар» деп қорқытып жіберді. Сосын Абай аудандық полиция басқармасына бардым. Сөйтсем онда не қағаз, не қалам жоқ. Әйтеуір арыз жазып қалдырдым. Содан бері хабар жоқ. Көлігімді өткенде жаңалықтан көріп, тауып алдым».


Тұрғындардың айтуынша, 1 жылдан бері шағымын қабылдамай келген құзырлы орган өкілдері бүгін ақыры жәбірленушілердің жанайқайына құлақ түрді. Ал, тергеу басқармасының басшысы болса, бұл іске немқұрайлы қарағандарды жазасыз қалдырмаймыз деп ақталды.

Дәулет Абдраманов, Шымкент қалалық ПД тергеу басқармасының басшысы: «Біз бұл бойынша қызметтік тексеріс жүргіземіз. Әр қызметкер өзінің қызметін немқұрайлы жасағаны үшін жауапқа тартылатын жағдай жасаймыз».

Бұдан бөлек, пагонды қызметкер жұрттың ақшасы қайтарылатынын да жоққа шығармады. Тек ол үшін тағы да арыз жазу керек екен.

 Назерке Үкібасова