Халқымыздың тұрмыс ерекшелігін көрсетер құнды жәдігерлерінің бірі — тоқыма бұйымдары. Қазақстанда жүннен түрлі бұйым жасау ерте заманнан белгілі болса, олардың жасалу ерекшеліктері әр аймақта өзінше қалыптасқан. Мысалы, Түркістан өңірінде түкті және тықыр кілем үлгілері кең таралған. Қабырғаға ілсең сән беретін, еденге жайсаң төсеніш болатын бұйымның «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі қорында XVIII-XIX ғасырдағы түрлерімен қатар алаша, түскиіз, сырмақ сынды тоқыма бұйымдары сақталған. «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіндегі көне кілемдер мен сырмақтар бүгінде ел аузында. Қолөнер бұйымдар жасалу шеберлігімен ғана емес, тарихтан осы күнге дейін сақталу сапасымен де қызық. Біз музейдің бас қор сақтаушысы Нұржамал Әшірбековадан музейдегі кілемдер ерекшелігі мен бүгінге дейін жетуінің сырын сұрадық.
Нұржамал Әшірбекова «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіндегі көне кілемдер мен сырмақтар түріне тоқталып, нақты санын айтты. Түркістан өңірінен шыққан кілемдер мен осы жәдігерлердің құндылығын да баяндады.
–«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің жәдігерлері қоры төрт ғылыми классификациялық топқа бөлінген. Кілемдер этнография тобының материалына қарай жіктелуі бойынша кестелі-тоқымалы бұйымдар қатарына жатады. Олардың жалпы саны 130-дан асады. (кілемдер, бау-басқұрлар, тұскиіздер, сырмақтар, аяққаптар, қоржындар, алашалар, кестелі бұйымдар). Соның ішінде тек кілемдер саны 33 дана. «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің қорындағы кілемдеріндегі көнелерінің бірі ХҮІІІ-ХІХ ғғ. жасалған. 1978 жылы Қазақ ССР Мәдениет министрлігінің 5/ІV №106 бұйрығының негізінде Қазақ ССР Орталық музейінен берілген кілем. Кілем түкті, тіктөртбұрыш пішінді. Негізгі төсегі күңгірт қызыл түске сегіз қырлы розеткалар түскен. Төрт бөлікке бөлініп, екеуі көк түстермен толтырылған, іштеріне сегізден қызыл шеңберлер түскен. Розеткалардың араларына сегіз бұрышты жұлдызшалар және төрт жапырақты гүлдер салынған. Бұл кілем Шығыс әлемінің қай елінде тоқылғаны туралы біркелкі пікір әлі күнге дейін қалыптаспаған. Негізі екі түрлі пікір бар: түрікмендер кілемі саналады, екінші пікір бойынша қазақтың «сыр кілемі» немесе «қоңырат кілемі» деп аталады. Ең көне кілемдердің екіншісі ХҮІІІ-ХІХ ғғ. жасалған. 1978 жылы Қазақ ССР Мәдениет министрлігінің 5/ІV №106 бұйрығының негізінде Қазақ ССР Орталық музейінен берілген кілем. Бұл екі кілем де Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің кілемдері болған. Кілем түкті, тіктөртбұрыш пішінді, күңгірт-қоңыр түске өсімдік стильмен қияр пішінді өрнек түскен кілем. Бұл кілемнің сипаттамалары негізінде Азербайжан кілемдеріне сәйкес келеді. Бұл кілемнің жасалу және өрнектеу тәсіліне Баку кілем тоқу мектебіне жақын. Екі кілемнің де көлемі кішірейтілген көшірмесі 1978 жылы Алматы қаласындағы Николаева-Терещкова атындағы тоқыма фабрикасында тоқылып, музей қорына есепке алынған. Келесі кілемдер ХIХ-ХХ ғғ. тән қазақтың дәстүрлі «шатыр гүл», «пәтінүс гүл» өрнектері салынған түкті, тықыр кілемдері,-дейді бас қор сақтаушы.
Қазақ халқының ұлттық қолөнерінің түпкі тамыры саналатын кілемдерді музей қорына жинау тәсілі қызықтырды. Нұржамал Әшірбекованың айтуынша құнды бұйымдар тек ел аумағынан ғана емес көршілес мемлекеттерден де жиналады екен.
– Музей қорындағы жәдігерлер 1978 жылы «Республикалық Қожа Ахмет Ясауи сәулет ғимараты музейі» болып ашылған кезде, соның ішінде кілемдер де барлығы 300-ге жуық жәдігермен құрылған. Қазіргі кезде Қор сақтау және есепке алу бөлімінің қорында жиырма бес мыңға жуық көне жәдігер мемлекеттік тіркеуге алынған. Басым көпшілігі түпнұсқа, тарихи құнды дүниелер. Музейге жәдігерлерді қабылдау зат иесінен сатып алу немесе сый ретінде алу, археологиялық қазба жұмыстары барысында сондай-ақ ғылыми экспедициялар барысында жинақталады. Бұрын музейлерге арнайы зат сатып алу үшін бюджеттен қаржы бөлінетін. Сол қаржы соңғы жылдары қысқартылып тасталған. Қазіргі кезде жинақталып жатқан жәдігерлердің көбісі «музейге сый» акциясы барысында қабылдануда. «Музейге сый» акциясы «Әзірет Сұлтан» қорық музейінде жыл сайын өткізіліп келе жатқан ауқымды іс-шаралардың бірі. Осы жерде атадан балаға сақталып келе жатқан заттарын музейге өткізіп, жәдігерлерге жанашырлық танытып жүрген біраз кісіні атап өтсек, артық болмас. Аталған іс-шараға Қазақстаннан ғана емес, көршілес мемлекеттерден және Түркия Республикасынан да атсалысып, құнды жәдігерлерін музейге сыйға тартып жүрген Исматуллах Ясеви мырзаны ерекше атағымыз келеді Қазақ-стандық Ұлы отан соғыс ардагері, ұлағатты ұстаз Адасқан Алтаевқа, Қазақ ССР халық суретшісі Сахи Романовқа, Ахмадулла Исаевқа, Аман Абдуллаевқа, А.Хамракуловқа тағы басқа музей қорына құнды дүниелерін сыйға тапсырған азаматтарға алғысымыз шексіз,-дейді Нұржамал Әшірбекова
Орасан еңбекпен жиналған жәдігердерді сақтау жолы да оңай болмайтыны анық. Бас қор сақтаушы кілемдерің сақталу тәсілін де баяндап берді.
– Музей қорына кіретін заттар да физикалық-механикалық және химиялық өзгерістерге, ауа мен жарықтың оларға әсер етуінің нәтижесінде былайша айтқанда табиғи ескіруге бейім болады. Бұл қолайсыз факторлардың затқа әсерін әлсірету үшін, қор бөлмелерінде белгілі бір сақтау режимі жасалады. Сақтау режимі температуралық-ылғалдылық режимінен, ауаны ластанудан сақтау, биологиялық, механикалық бұзылудан сақтау шараларынан тұрады. Музей қорына кіретін тарихи заттар әртүрлі болғандықтан бір жағынан дұрыс сақтау режимінің талаптарына сәйкес орналастыру қажет болса, екінші жағынан ол заттарды пайдалану ыңғайлы болу жағын қарастыру қажет. «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің соңғы жетістіктерінің бірі — қор жәдігерлері заманауи құрылғылар-мобильді жылжымалы стеллаждармен жабдықталып жәдігерлерді қор сақтау талабына сай реттеу, материалына қарай бөліп жинау жұмыстары жолға қойылған. Қор жәдігерлері жаңа үлгідегі, (жылжымалы шкафтар, сөрелер, драйверлер) сақтау режимдерінің талаптары орындалатын қор сақтау жабдықтары мен қамтамасыз етілген. Қор сақтау бөлмелеріне жәдігерлердің сақталуына қажетті желдеткіш және жаз мезгілінде ауаның құрғап кетуінен сақтайтын Жапонияда жасалған ауа тазартқыш және ылғалдандырғыш құрылғылар қойылған. Бұл аппараттар жәдігерлердің ұзақ сақталуына әсерін тигізеді. ИВА-6А маркалы ауа температурасы мен ылғалдылығын өлшейтін аппарат термогигрометр приборларының көрсеткіші белгіленген уақытта тексеріліп, арнайы журналға жазылып отырады. Сондай-ақ жаз айларында жүннен жасалған кілемдер мен алашалар, бау-басқұрларды күнге жаю, дәрілеп қайта орау жұмыстары жүргізеді,-дейді бас қор сақтаушы Нұржамал Әшірбекова
Ол сөз соңында қазақ кілемдерінің жасалу жолы мен ою-өрнегіне қарай қалай бөлінетінін түсіндірді.
– Қазақ кілемдері: түкті, тықыр, терме кілем, барақ кілемдері болып бөлінеді, салынған ою-өрнектеріне қарай «шешенгүл кілем», «шатыргүл кілем», «қараман түр», «талас кілемі» деген де кілемдер кездеседі. Қазақстанның оңтүстік облыстары мен Арқада түкті, тықыр, араб кілемдерін тоқу, Семей өңірінде кілемді кестелеу жақсы дамыған. Түксіз қазақ кілемдерін тоқудың бірнеше тәсілі қолданылады. Оның кең тараған түрі – басты өрнектерінің «араби» болып жасалынатыны. Мұндай кілемді тоқуда жіңішке және жалпақ өрнекті белдеулерді шебер алмастырып отырып, арабы кілемнің әсем суретін құрайды. Қазақтар шаршы кілемді орта тұсын шаршылармен немесе ромб әшекейлермен безендіріп тоқиды, тақта кілемді орта бөлігіне ұдайы алмастырылып тұратын түсті белдеулерді орналастырып, ал олардың ортасына алуан түсті жіптерді қайта әдіптеу арқылы сатылы өрнектер салып жасайды. Түксіз кілем оюларына қошқар мүйіз, құс тұмсық, ботакөз, тұмар, тарақ, тағы да басқа ою нұсқалары салынады. Кілем өрнегінде әсіресе, қызыл төсекке қара, көк, сары, ақ түсті өрнектер көбірек жүргізіледі.
Жанерке Хумар
«Оңтүстік Рабат», №35, 27 тамыз 2020 ж