«Күйеуім шындықты жасырғаныма ренжіді»

170

Адамдар қарым-қатынасында туындайтын кез келген мәселенің шешімі – ашықтық. Редакциямызға хабарласқан келіншек басындағы жағдайды күйеуінен жасырғанын, кейін күйеуі сол жағдайды басқадан естіп, қатты ренжігенін айтады. Әйтсе де күйеуі бәрін түсініп, оқиғаның мән-жайын анықтағанын, қазір бақытты өмір сүріп жатқанын көрінеді. Сезімін ақылға жеңдіре білген келіншек хикаясын қаз-қалпында жариялаймыз.

Сәлеметсіздер ме, «Оңтүстік Рабат» газетінің редакциясы!
Хат жазуыма басымнан кешкен оқиғам себеп болды. Мен адал жарым, балаларымның әкесі – күйеуімді жолықтырмас бұрын бір жігітті қатты ұнаттым. Есімі – Азат еді. Студент кезімізде жолықтық. Оның маған деген сезімі бұрын жолығып сезімін айтқан жігіттерден мүлдем бөлек болды. Өзіңді құлай сүйетін адамның жақсы көру сезіміне бөлену қандай бақыт екенін сезіндім.
Танысқанымызға бірнеше айдың жүзі болса да көптен бері таныс адамдай жақын болып кеттік. Менен ештеңесін аямайтын. Мені ренжітіп алудан қорқатын. Үнемі көңіліме қарайтын.
Осылайша арада 6 ай өткенде екеуіміз оның бөлесінің туған күніне бардық. Сол туған күн кешінде төбемнен жай түскендей шындықты білдім. Азат бөлесімен таныстырды. Сол кеште бөлесімен әңгімелесіп, отырып қалдық. Әңгімеден әңгіме шығып, жүріп жүрген жігітім, яғни Азаттың руы менімен рулас екенін білдім.
Рулас екенімізді білген бөлесі алғашында «мені қалжыңдап отыр» деп мән бермеді. Бір кезде жігітім жанымызға келгенде бөлесі оған: «Қызыңа әпке дейміз бе, жеңге дейміз бе? Не дерімді білмей дал болдым ғой» деді. Сол сәтте Азаттың көзіндегі қорқынышты көріп, мазасыздана бастадым. «Туған күн шырқын бұзбайын» деп соңына дейін ләм-мим демедім. Кеш соңына жақындағанда Азат сөйлесетінімді түсінгендей болды.
Түн ортасында үйге қайтатын болдық. Жол бойы үнсіз келе жатырмыз.
Ішімнен екеуіміздің рулас болмай шығуымызды қалай тілегенімді білсеңіздер ғой. Бірақ қорқынышым шындыққа айналды.
Ол қала сыртына барып, ақымақ әрекет жасағанын айтып, жалынып-жалбарынып кешірім сұрады. Шынымен де бір рудан екенбіз. Бір-бірімен қыз алыспайтын румыз.
Айтуынша, алғашында ол достарымен бәстесіп, рулас болса да мені өзіне қарататынын айтыпты. Сол себепті маған руын өтірік айтқан. Мен де оған сенгенмін. Уақыт өте келе маған қатты ғашық болып қалған екен. Оның сезімі бәрінен басым түскені соншалық, тіпті қыз алысып, қыз берісуге болмайтын болса да мені әйелдікке алмақшы екен.
Ру болсын, басқа болсын, оны қызықтырмайтынын, тек мен «иә» десем болды ата-анасына да, туған-туысына да қарсы шығып, маған үйленуге дайын екенін жеткізді.
Ал мен бұған келіспейтінім анық еді. Біріншіден, оның алты ай бойына өз руын жасырып, мені алдап келгенін кешіре алмадым. Екіншіден, арамыздағы махаббат қаншалықты үлкен болса да қосыла алмайтынымыз бесенеден белгілі. Не істесек те бәрі босқа екенін түсіндім, өйткені отбасымыздың тірегі – әкем бұған ешқашан жол бермейтінін білемін. Ештеңеге қарамастан тәуекелге барудың пайдасыз екенін түсіндім.
Сол күннен бастап онымен кездесуден бас тарттым. Мен де оны қатты жақсы көретін едім. Маған да одан бас тарту оңай соқпады. Қатты қиналдым. Жаратқанға, бәрі кеш болмай тұрғанда шындыққа көзім жеткізгеніне шүкірлік еттім. Қаншама күнім жылаумен өтті. Әсіресе Азаттың үнемі хабарласып, жылап-еңірейтіні жаныма қатты бататын. Жүрегім ауырып соңғы курсымның тез аяқталуын тіледім. Сабақ тез бітсе, мен де Азат тұратын қаладан кетер едім.
Азат ата-анасына бар шындықты жайып салып, мені келіншек қылып алатынын айтқан. Мұны естіген анасы бұлай жасауға мүлдем болмайтынын айту үшін арнайы оқу орныма іздеп келіпті. Мен бәріне нүкте қойғанымды, онымен кездеспей жүргенімді және алғашында мені де алдағанын мейлінше түсіндіріп айттым.
Азаттың мені мазалауы күн өткен сайын өрши түсті. Оның көз жасы, қиналысы мені екі есе қинады. Бұл жағдайдан тек қана тұрмысқа шығу арқылы құтыларымды түсіндім. Осылайша Азаттан кейінгі кездескен бірінші жігітке бірден тұрмысқа шығып кеттім. Ол адамды толық танымай жатып, әйелі болдым.
Шүкір күйеуім өте жақсы адам болып шықты. Мені қатты сыйлады. Ата-анасы да сондай жібек мінезді адамдар. Мен күйеуге тиген соң, Азаттың отбасында үлкен қырылыс болғанын естідім. Ол біздің қосылмауымызға әке-шешесін кінәлі санаған. Ол үйінен бөлек шығып, ішімдікке салынып кеткенін естідім. Тұрмысқа шықпас бұрын телефон нөмірімді алмастырған едім. Сондықтан ба Азат маған хабарласып мазаламады. «Мүмкін көндіккен болар» деп ойладым. Оның да жақсы қызды жолықтырып, бақытты болуын шын тіледім.
Арамызда үлкен махаббат болғаны себепті де ол менің есіме жиі оралатын. Оны ойлаудың өзі сондай жақсы адам – күйеуіме жасаған қиянат сияқты сезілетін. Сондықтан оны ойламауға тырыстым.
«Тұңғыш баламыз дүниеге келген соң, оны мүлдем ойламайтын болдым. Жолдасыммен бақытты өмір сүріп жаттым.
Бір күні ортақ таныстарымыздан Азаттың да отбасылы болғанын естідім. Шын қуандым. Босанғанымнан кейін арада көп уақыт өтпей бір күні Азат хабарласты. Нөмірімді баяғыдан білетінін айтты. Бақытты екенімді естігенін, «сол жақсы күндеріңнің жалғасуын тіледім» деген ол өзі отбасын құрса да мені әлі ұмыта алмағанын айтып жылады. Дауысынан ішіп алғанын білдім. Қатты қорықтым. Егер өзімен сөйлеспесем, қазір үйімізге келіп, күйеуіме бәрін айтатынын түсініп, амалсыз телефонда оны үнсіз ұзақ тыңдадым.
Шынымды айтсам жүрегім қатты ауырды. Енді бір жағынан тұла бойымды қорқыныш биледі. «Күйеуім бұл жағдайды білсе, не болмақ» деп қиналдым.
Содан кейін ол күндіз күн сайын хабарласуды шығарды. Өмірімнен тыныштық кетті.
Қорыққанымнан сөйлесіп жүре берсем оны тағы да өзіме байлайтынымды түсіндім. Не істерімді білмедім. Күйеуіме бар жағдайды айтайын десем, «арты не болар» деген қорқынышпен тіс жарып ештеңе айта алмадым.
Солай қорқынышпен жүргенімде оның әйелі маған хабарласты. Әйелінің айтуынша, мен күйеуінің басын айналдырып жүрген арсыз әйелмін. Бұл маған ауыр тигені анық. Күйзеліске түстім. Балама да дұрыс қарай алмай қалдым.
Баламның әкесіне бәрін ашық айту ең дұрыс шешім екенін түсіне тұра оған батылым бармады. Жаным қиналды.
Солай қорқынышпен жүргенде Азаттың әйелі күйеуіме хабарласыпты. Күйеуіме бар шындықты айтқанын Азаттың әйелі маған да жеткізді. Содан бастап отбасымыздан да тыныштық қашты. Күйеуіме бәрін түсіндіріп айтсам да түсінгісі келмеді.
Әуел баста шындықты жасырмай, күйеуіме айтуым керек екенін түсіндім. Уақыт созбай, сол кезде шындықтың басын ашып айтсам бұл жағымсыз жағдайлар болмас еді. Өкінгеннен еш пайда жоқ.
Күйеуім мені түсініп, сөйлесуге дайын болар уақытын күттім. Күйеуім менімен сөйлеспейтін болды, жұмыстан кеш келеді. Тек қана баласын құшақтап сүйеді. Мұның барлығы маған қатты ауыр тиді.
Арада екі ай өткенде, күйеуім менімен сөйлесуге даяр екенін жеткізді.
Айтуынша, ол сол кезде Азатпен ашық сөйлесіп, арамыздағы оқиғадан хабардар болған. Менің оған ешқашан үміт бермегенімді білген. Бұл жағдайды ең басында айтпағаным үшін ренжіпті.
Ақылдылығы болар, екі ай бойына маған оң қабақ танытпағанына кешірім сұрады.
Кешірімнің үлкенін мен сұрауым керек, әрине. Жан жарымнан мені кешіруін мен де өтіндім. Егер күйеуім ақылды болмағанда далада қаңғып қалар едім.
Мұндай ақылды адам әрбір әйелге жолыға бермейтіні анық.
«Сондықтан да үнемі жаныңыздан табылатын жан жарыңыздан ештеңе жасырмаңыз» дегім келеді.
Кез келген отбасындағы қиыншылық – тек ашық сөйлессе ғана шешілетініне көзім жетті.
Азатқа барлық шындықты айтқаны үшін қатты қуандым. Оны құрметтедім. Күйеуім екеуінің арасында қандай әңгіме болғанын білмеймін, бірақ Азат сол күйі маған хабарласпады.
Тек бақытты болсын. Ал мен жолдасымның амандығын, отбасымның бақытын тілеп келемін.

Жазып алған – Жанерке ХУМАР

«Оңтүстік Рабат», №38, 17 қыркүйек 2020 ж