«Мектептердегі парақорлықты жойдық деп айта алмаймыз»

201

«Сыбайлас жемқорлық адами факторлар кесірінен пайда болады». Осылай деген Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары енді күнгейде мемлекеттік қызметтің цифрландырылатынын айтады.

Жауаптылар сөзінше осыдан кейін бармақ басты, көз қысты әрекеттер тиылады. Десе де бұл жаңашылдықтың білім беру жүйесіне тоқтау боларына күмәнмен қарап отыр.

«Мен өзім адалдық алаңының жетекшісімін». Сөзін осылай бастаған облыс әкімінің бірінші орынбасары бүгін өңірдегі сыбайлас жемқорлықпен күресу процесін баяндады. Пара алудың қылмыс екенін алдымен жастарға түсіндіреміз деген ол тіпті бұл іске дін өкілдерін де шақырғанын айтады.

Сәкен Қалқаманов, Түркістан облысы әкімінің орынбасары: «Жастар арасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында түрлі шаралар өтуде. Солардың бірі пара нәсіп болмайды тақырыбында дін өкілдерімен кездесу өтті. Жыл басынан бері Жастар.кз жобасы аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыбында студенттер қатысуымен акциялар өткізілуде».

Сәкен Қалқаманов парақорлықты жоюдың тағы бір жолы мурал салу екенін айтады. «Әділ сөйлеп, адал тұр» деген жазумен Түркістан мен Арыс қаласына мурал салдық деген ол осы мағынада тағы 79 баннер ілгенін де баяндады. Бірақ, мұның білім беру саласына әсер ететініне күмәнмен қарайды. Сөзінше, білім жүйесінде парақорлық әлі де жойылмаған.

Сәкен Қалқаманов, ТО әкімінің орынбасары: «Қалыптасқан әңгіме бар Түркістан облысында мектепке кіру үшін ақша беру керек деген. Ол мәселені жойдық деп айта алмаймыз. Бірақ, соған келе жатырмыз. Өйткені, директорлар жұмысқа баратын азаматтармен байланысын үздік деп айтуға болады. Өйткені қазір құжаттарды тапсыру үшін ешкімге кірмеу керек. Келіспеуге болады».

Айта кетейік, ел бойынша ең көп мектеп дәл осы Түркістан облысында. 900-ден астам мектебі бар күнгейде 465 мың бала білім нәрімен сусындап жүр. Ал оларды 100 мыңға жуық мұғалім оқытады.

                                                                                             Назерке Үкібасова