Шымкент қаласы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің түлегі Азамат Қонысбай пандемия кезінде жаңа технология ойлап тапты. Ол суды, тұрмыстық және өндірістік үй-жайларды залалсыздандыруға арналған азон генераторын жасап шығарған екен.

Жас технолог өз жұмысын қала әкімі Мұрат Әйтеновке таныстырды.

– Озон генераторының құны 150 000 теңгені құрайды. Бұл санитарлық дезинфекция қызметін пайдаланудан шамамен 1 жылға есептегенде 25 есе арзан. Яғни технологияны пайдаланудың құны төмен және дезинфекциялық жабдықты бірнеше рет пайдалана беруге болады. Оңай жөнделеді, қол жетімді, әрі тиімді, – дейді Азамат Қонысбай.

Озон генераторының басты жаңалығы – дезинфекциялаудың ескі тиімсіз әдістерін алмастыруда болып тұр. Бұл генератор қашықтан адамның араласуынсыз автоматты режимде пайдаланатын құрал ретінде жұмыс жасайды.

Аталған технология елімізде тұрақты залалсыздандыру шараларында, медицина қызметкерлерінің арнайы киімдерін және адамдардың көп шоғырланатын орындарын дезинфекциялауда сұранысқа ие.

Азамат Қонысбай ендігі кезекте технологияны қолданысқа ендіріп, патенттеуді қолға алып отыр.