Қазақстан өлім жазасын ресми түрде алып тастады

137

Қазақстан өлім жазасын ресми түрде алып тастады. Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерінде Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Омаров өлім жазасын жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге екінші Факультативтік хаттамаға қол қойды.

Бұл шешімге қоғамның көзқарасы қалай? Қалай дегенмен, ұзақ жылдар бойы көптің талқы таразыныса түсіп келген тақырыпқа бүгін нүкте қойылды.

Өлім жазасын жою туралы халықаралық Хаттамаға қосылу туралы шешімді Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-ші мерейтойлық сессиясының жалпы саяси пікірталас барысында сөйлеген сөзінде жариялады. Ол Қазақстан өмір сүру мен адами қадір-қасиетке негізделген құқықты жүзеге асыруға бекем екенін атап өтті.

Адам баласының ешкім ешқашан айыруға тиісті емес ең үлкен құндылығы мен басты құқығы – өмірі мен өмір сүру құқы. Қазақстан ақыры осы ұстанымға бекіді. Еліміз өлім жазасын ресми түрде алып тастады. Сонымен кешіру ме, жазалау ма? Бұқараның көзқарасы қалай?

Жандос Әлімқұлов, студент: «Өлім жазасы деген ауыр жаза. Алайда, аса ауыр қылмыс жасаған қылмыскер жазасын олайша өтей алмайды, бірден өледі де кетеді. Ал түрмеде болатын болса, бар ауыртпалықты сезініп, қылмыс жасағанына өкінетін болады.

Жансая Пердеқұлова, көп балалы ана: «Мен қолдамаймын. Себебі, қылмыскерлер көбейіп кетуі мүмкін. Мысалы педафилдерді қалай жазалауға болады. Олардың барлығын атып тастау керек»

Қазақстанда өлім жазасы ату арқылы атқарылды. Тәуелсіздік жылдары 536 өлім жазасы қолданысқа енгізіліпті. Соңғы 10 жылда өлім жазасына қатысты бір жағдай орын алған.

Енді ауыр қылмыстар үшін өлім жазасының орнына сотталғандарға ең жоғары жаза – өмір бойына жаза тағайындалады. Біздің елімізде өмір бойына бас бостандығынан айырылғандарға арналған Қостанай облысындағы «Қара бүркіт» түрмесі бар. Онда шекарашы Владислав Челах, алматылық атқыш Руслан Күлекбаев, педофилия және тіпті каннибализм үшін сотталған тұтқындар жазасын өтеп жатыр.

Мақпал РЫСБАЕВА