«Су адам таңдамайды». Құтқарушылар әңгімесі

280

Басын қауіп-қатерге тігіп, өзгенің өмірін құтқару екінің бірінің қолынан келе бермейді. Бұл үшін – үлкен жүрек, батылдық пен тәуекелшіл бола білу керек. Әйтсе де өзгені құтқару үшін басын қауіпке тігетіндер бар. Олар күн-түн демей аянбай қызмет етеді. Азаматтық қорғау органдарының 25 жылдық мерейтойы қарсаңында тілсіз жаумен күресіп жүрген ержүрек құтқарушылардың бір парасын таныстырып, жұмысын насихаттамақпыз.

5194 адам ЗАРДАП ШЕКТІ

Өрт сөндіру, судан құтқару, таудан түсе алмай қалғандарға көмектесу, адасқандар мен жоғалғандарды туысымен қауыштыру, жол апатына ұшырап, темір тұлпар құрсауында қалғандарды шығару.
Тілсіз жудан және айтып келмейтін басқа да апат кезінде ширақ әрекет етіп, адам денсаулығы мен өмірін аман алып қалу құтқарушының иығына жүктелетін міндет. Сондықтан болса керек, бұл салаға екінің бірі қабылдана бермейді. Тек таңдаулылар ғана тыныштығымыз бен қауіпсіздігіміз үшін еңбектенеді.
Айта кетейік, бүгінгі таңда Шымкент қаласы төтенше жағдайлар департаментінде 888 маман қызмет етеді. Олардың 11-і әскери қызметкер, 12-і әкімшілік қызметкер, 128-і азаматтық қызметте, 714-і азаматтық қорғау саласында қызмет етеді. 1 полиция қызметкері бар.
Департаменттің баспасөз қызметі таратқан мәліметке сенсек, жыл басынан бері қала аумағында 138 табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдай тіркеліпті. 8 ай ішінде 5194 адам зардап шеккен. 68-і көз жұмды.
–Жыл басынан бері шұғыл қызмет телефондарына халықтан 159 661 қоңырау түсті. Соның ішінде: «112» нөміріне – 649 қоңырау, «101» пультіне – 148038 шақырту, «102»-ге – 725 хабарлама, «103»-ке 981 қоңырау қабылданған. Ақпараттық-анықтамалық сипаттағы – 2 703 қоңырау тіркелсе, 6565 шақыртудың сипаты әр алуан. Келіп түскен барлық қоңыраулар сараланып, шаралар қабылданды,-дейді департаменттің ресми өкілі Зарипа Тұрысбекова.
Келіп түскен қоңыраулардың 1913-і Шымкент қаласы ТЖ департаменті қызметіне тікелей қатысты екен. Департаментке бағынатын бөлімшелер сол шақыртулардың барлығына шығыпты.
Атап айтсақ, 283 апаттық-құтқару, 42 іздестіру-құтқару жұмыстары, 126 өрт, 1349 жану жағдайы, 106 көмек көрсету және 7 жалған шақырту екен. 134 адам құтқарылып, 400 жан қауіпсіз жерге көшірілген.
Құтқарушылар шұғыл көмек кезінде дұрыс шешім қабылдай білу және шапшаң әрекет етудің қаншалықты маңызды екенін біледі. Үнемі біліктіліктерін арттырып, физикалық тұрғыдан жаттығады.

ӨРТТІ ТОҚТАТАДЫ

Физикалық дайындық, шапшаң әрекет ету, батылдық пен ержүректілік кез келген құтқарушының бойынан табылатын қасиеттер. Жәдігер Абдуллаев та дәл сондай жан.
Педагог мамандығы бойынша білім алған ол 2005 жылдан бері өрт сөндіруші болып жұмыс істейді. 15 жылдық еңбек өтілі бар маман облыс және қала аумағында орын алған талай қызыл жалынды ауыздықтапты.
Айтуынша, жұмысы ауыр-ақ. Әсіресе қызыл жалынға оранған ғимараттың ішіне кіріп, адамдарды құтқару қиын. Нысан ішіндегі жағдайды бағамдай алмайсың.
Қай заттың қай жерде тұрғанын, қалай қимылдау керек екенін, адамдардың қай жерге бой тасалағанын білмейсін. Бір сөзбен айтқанда соқырдың кебін киесің.
Бұған жалын күшін, түтін тығыздығын қоссаңыз, іздестіру-құтқару жұмыстары тіпті қиындай түседі. Кейде «өзгені құтқарамын» деп, өздері де жарақат алатын кездер болады.

СУ АДАМ ТАҢДАМАЙДЫ

Бауыржан Райымқұлов – суда құтқару қызметі жетекшісі. Бұл салада жүргеніне 20 жыл болған. Айтуынша, құтқарушының босаңсуына болмайды. Күнделікті дайындалып, жаттығу қажет. Судың «мінезін» зерттеу керек. Әйтпесе, өзгені құтқару не іздестіру жұмыстары барысында өзің опат болуың да мүмкін.
– Жазда жұмыс көбейеді. Күн қызғанымен судың температурасы әлі салқын болады. Сондықтан да, буыны қатпаған баланы айтпағанда, мықты жүзе білетін ересектердің өзі суға батып кетуі мүмкін,-дейді Бауыржан Райымқұлов.
Тәжірибелі құтқарушы-сүңгуірдің айтуынша, қайғылы жағдайға көбіне демалуға барып, ішімдік ішіп, масаң күйде суға түсетіндер ұшырайды. Сонымен қатар ата-ана қарауынсыз қалған балалар да суға тұншығады екен.
Суға жиі бататындардың қатарында балықшылар да бар. Бұған сақтық шаралары мен қауіпсіздік ережелерін сақтамағаны себеп болады.
Бауыржан Райымқұлов жұмыстың ең қиын тұсы – суға кеткен жанның мүрдесін іздестіріп, тауып, туыстарына табыстау екенін айтады.
Дегенмен құтқарушы-сүңгуір өзен түбіндегі құм мәйітті көміп, мүрдені таба алмай қалатын кездер де болатынын жасырмайды.
Іздестіру жұмыстарының нәтижелі болуы – жұмылған жұдырықтай бір команда болып жұмыс істеуге байланысты екен.
Команда демекші, суға кеткен адам денесін іздестіру шаралары барысында сүңгуірлер команда болып жұмыс істейді. 1 командада 4 адам болады. Біріншісі – жұмысшы сүңгуір. Суға түсіп, іздестіру жұмыстарын жүргізеді. Екіншісі – қамтамасыз етуші. Ол сүңгуірдің беліне байланған арқан арқылы сүңгуірмен байланыста болады. Үшіншісі – қосымша сүңгуір. Төртіншісі – команда жетекшісі. Ол іздестіру жұмыстарын қалай жүргізілетінін, қай жерде іздеу керек екенін айтып, бағыт-бағдар береді.

ТӨРТ АЯҚТЫ ҚҰТҚАРУШЫ

Адамдарды құтқару-іздестіру шараларында иттердің де рөлі зор. Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің жедел құтқару жасағында 4 қызметтік ит бар. Кинология бөлімінің жетекшісі Сергей Зиновьевтің айтуынша, құтқару, тінту ісінде иттер 8 жасқа дейін тынымсыз еңбек ете алады. Сосын «кәрі» иттің орнын күшік басады.
– Жұмыста иттің тұқымы, тектілігі, сұлулығы маңызды емес. Бастысы – қабілеті. Егер ит ойынпаз, ұғымтал болса, «мәшкі» ит болса да үйретуге тырысамыз. Өйткені, іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу тиімділігі – иттің сұлулығына емес, адам мен иттің өзара түсінуіне байланысты. Сондықтан итті күшік кезінен алған дұрыс. Итке 2-6 айға дейін қарапайым командаларды үйретеміз. Сосын жаттығулар жасатып, іздестіру шарасына баулимыз,-дейді Сергей Зиновьев.
Оның айтуынша, итке өз дегеніңді істету оңай емес. Табандылық пен шыдам қажет. Тәрбиелейтін иттері тек адам іздеуге үйретілген. Жан-жануар, жарылғыш зат, есірткі зат таба алмайды, өйткені бұған үйретілмеген. Жаңбырлы күні немесе қыстыгүні жүргізілген іздестіру жұмыстары екі есе нәтижелі болады екен. Бұл кезде иттердің иіс сезу қабілеті жақсы болады. Ал дауыл, желде иісті «жоғалтып» алып, ит шатасады. Бұл іздестіру шаралары тиімділігіне кері әсері тиеді.
Кинологтардың сөзінше, көп жағдайда жоғалған адамды судан табады.
– Әрине, адам жоғалғанда оны суға батты деп ешкім ойламайды. «Жоғалды» деп қарастырады. Тіпті, суға батқанын көрген куәгерлер болса да иісшіл иттердің көмегіне жүгінуге тура келеді. Себебі, дене жағаға шығып қалуы мүмкін. Алайда, көбіне иттер суға келіп тіреледі. Мұндайда сүңгуірлер жұмысқа кіріседі. Олар судың түбін тінтіп жүргенде біз жағалауын іздестіреміз, – дейді Сергей Зиновьев.
Табиғатқа, тауға серуен барысында да адасып, жоғалып кететіндерді иісшіл иттердің көмегімен табады екен. Үйінді астында қалған адамдарды табуда да иісшіл иттердің көмегі тиеді.

АЛЬПИНИСТТЕР ТАПШЫ

Оңтүстік – таулы аймақ. Сондықтан да тау сұлулығын тамашалап, табиғат аясына шығатындар көп. Нәтижесінде, топтан қол үзіп тауда адасатындар бар. Бас құтқарушы Ербол Оспановтың сөзінше, мұндай қайғылы жағдайлар көбіне жаз мезгілінде болады.
– Қызметіміз өте ауыр. Тіпті, күн демей, түн демей іздестіру жұмыстарын жүргіземіз. Шілденің шіліңгір ыстығында да, қыстың қақаған суығында да жұмыс тоқтаған емес. Біздің жұмыста ең бастысы – физикалық тұрғыдан дайын болу. Яғни шымыр, шапшаң, епті болу керек. Сондықтан да күнделікті жаттығып, өзіміздің қалпымызды сақтаймыз. Артық салмақ қоспауға тырысамыз,-дейді бас құтқарушы.
Құтқарушы-альпинисттің сөзінше, кейбір іздестіру-құтқару операциялары бірнеше күнге созылады. Іздестіру жұмыстары бір бөлек, адамдарды немесе мәйітті шығару жұмыстары бір бөлек екен. Әсіресе құз басынан, жартастан құлап қаза болғандардың денесін шығару қиын.
Айтпақшы, күнгейдегі таулы аймақтардың барлығы да Түркістан облысының аумағына кіреді. Десе де таудағы құтқару жұмыстарына Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің құрамындағы альпинистер қатысады. Неліктен бұлай? Білгеніміз, әзірге облыстың өз альпинист-құтқарушылары жоқ. Тау-тастағы барлық іздестіру-құтқару операцияларына қалалық альпинистер қатасады.
Құтқарушы. Осынау сөздің астарында қаншама құтқарылған жанның өмірі бар. Өлімнен аман қалып, жақынымен қауышқан жандардың ілтипаты жатыр. Ендеше тыныштығымыз бен қауіпсіздігіміз үшін тынбайтын құтқарушыларымыз аман болсын.

Айжан Ермекқызы

«Оңтүстік Рабат», №39, 24 қыркүйек 2020 ж