Салық төлеудің әуресі…

86

Қазақстандықтар осы айдың соңына дейін жер мен мүлік салығын төлеуі керек. Тиісті төлемдерді кешіктіргендер өсімпұлды қосып төлеуге мәжбүр болады. Мемлекеттік кірістерді толтыруға шымкенттіктер қаншалықты құлықты? Салықты өндіру жұмыстары үшінші мегаполисте қалай атқарылып жатыр?

Бидайбековтер отбасы бүгін салық төлеу үшін жергілікті басқармаға арнайы келді. Еңбекші ауданындағы 195 орам тұрғындары өздері тұрып жатқан баспаналарының жылдық төлемін төлемек. Қазынаға түсетін қаржыға аса жауапкершілікпен қарайтын егде тұрғындар жыл сайын салықты уақытында төлейді.

Салим Бидайбеков, Шымкент қаласының тұрғыны: «Жылда уақытында төлейміз. Биыл үйіміздің жанынан қосымша құрылыс жүргіздік. Соған байланысты салығымыз да артып отыр».

Шымкентте мүлік салығын төлеуі тиіс 250 мыңнан астам тұрғын тіркелген. Олардан өндірілетін қаражат 1,6 млрд. теңгені құрайды. Жер салығы бойынша 229 мыңға жуық азамат бар. Айтқандай, қалада биыл мүлік салығы өскен. Салық салу нысандарының алдыңғы бағалау құны 1 шаршы метрге 32 мың теңге болса, заңға енгізілген өзгерістерден кейін бұл төлем 60 мыңға көтерілген.

Загит Жаппарқұлов,  Шымент қаласы МКД бас маманы: «Шымкент, Алматы, Нұрсұлтан сияқты республикалық маңызы қалалар қатарына жатқандықтан, салық мөлшері артып отыр».

Ал қымбат болса да салықты уақытылы төлеуге асыққандар касса алдында кезекте тұр. Салық төлеушілердің төлемдерін анықтау ұзақ болмағанмен, есеп айырысуға келгенде тұрғындар уақытын шығындауға мәжбүр.

Кассирлер қызметін пайдаланатындар мен басқармаға келіп әуреге түсетіндердің дені цифравизацияға шорқақ егде кісілер. Себебі, ақпараттық технологияны меңгергендер бұл шаруаны үйде отырып-ақ тындырады.

«Салық әмияны» қызметінде салық төлеушілер есептелген сомалар туралы ақпаратты көре алады. Сонымен қатар, азаматтар төлемдерді екінші деңгейдегі банктердің, «Қазпочта» АҚ төлем карталары арқылы алдын ала толтырылған деректемелерді пайдалана отырып төлей алады.

E-Salyq қосымшасын Play Market немесе App Store жүйесінен жүктеп алуға да болады. Қандай жолмен болса да тұрғындар қыркүйек айының соңына дейін жер мен мүлік салығын төлеуі керек.

Ал мемлекеттік кіріске атүсті қарасаңыз, өсімпұлды қоса төлеуге мәжбүр боласыз. Айта кетейік, бүгінгі таңда мүлік салығын төлемей жүрген қалада 49 мыңнан аса жеке тұлғаның берешегі 200 млн. теңгеден асыпты. Ал жер салығын кешіктірген 47 мыңнан аса шымкенттіктің мемлекет алдындағы қарызы 205 млн. теңгеден асқан.

Мақпал РЫСБАЕВА