Шардара су қоймасы жөндеуден кейін 7 балдық жер сілкінісіне шыдас бере алады

74

«Шардара» су қоймасы толық жөндеуден өткеннен кейін 7 балдық жер сілкінісіне шыдас беретін сейсмикалық төзімділікке ие болады. Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мәлімдеді.

Пресс-тур кезінде аталмыш су қоймасында сейсмикалық тұрақтылықты нығайту бойынша жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан құрылыс компаниясының учаске басшысы Ғалым Мырзабаев айтақн еді.
Оның айтуынша, 1967 жылы «Шардара» су қоймасы ең көп дегенде алты балдық жер сілкінісіне төтеп беретіндей қуаттылықпен салынған. Алайда, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Су ресурстары комитетіне қарасты «Қазсушар» РМК сақтық шараларын күшейту үшін құмнан көтерілген қабырғаларды қалыңдатып, жер асты суларының деңгейін төмендету үшін «Шардара» су қоймасын қайта жаңғырту жұмыстарын қолға алған.
«1 млн 100 мың текше метр құм төселеді. Осылайша нысан қабырғасының артқы жағын толығымен нығайтатын боламыз. Жер сілкінісі бола қалса, су астындағы тектоникалық плиталар ойнауы мүмкін. Сонда судың бетінде алып толқындар пайда болады. Бұл — жұмыстардың барлығы соның алдын алу шарасы. Арнайы бұрғыланған тесіктердің санын көбейтіп жатырмыз. Ол жер асты суларының деңгейін төмендетеді,- дейді Ғалым Мырзабаев.

Ал, Қапшағай су қоймасы «Шардара» су қоймасы өндірістік бөлімшесінің басшысы Абай Мүтәлиевтің сөзінше, өткен жылы су нысанының қабырғаларын нығайтуға республикалық бюджеттен 7 млрд 733 млн теңге қаражат бөлінген. Осылайша 56 жыл бұрын салынған су қоймасын кезең-кезеңімен жаңғырту жұмыстары қарқынды жүзеге асырылуда. Су қоймасының құрылысы 2021 жылдың аяғында толығымен аяқталады деп жоспарланып отыр. Қазіргі таңда жаңғырту жұмыстарының шамамен 33 проценті аяқталып, құрылыс жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр. Осы уақытқа дейін Шардара су қоймасындағы ұңғыма саны 183 болатын. Қазір ол 600-ге дейін көбейтілді.

Айта кетейік, Шардара су қоймасының жалпы сыйымдылығы — 5 млрд 200 млн текше метр. Қазір су нысанында 792 млн текше метр су бар. Осының нәтижесінде Шардара ауданы мен Қызылорда облысының біраз бөлігінде вегитациялық кезең сәтті өткен. Егін-терім науқаны кезінде Шардара ауданы мен Қызылорда облысына 7 млрд текше метр су берілген.
Алдағы уақытта «Шардара» су қоймасына сандық технологияларды енгізуді де жоспарлап отыр. Құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін су бөлу және оны есептеу жұмыстары толығымен автоматтандырылмақ.
«Бұл жердің барлығына электронды есептеуіш құралдары қойылады. Бөгеттен шығып жатқан сулардың барлығы компьютер арқылы есептеліп отырады. Оны біздің мамандар бақылап отырады. Ал, бұрын гидротехниктеріміз платинаның барлығын аралап, судың деңгейін қолмен өлшейтін»,- дейді Шардара су қоймасы өндірістік бөлімшесінің басшысы Абай Мүтәлиев.