Шымкентте 15 қазаннан бастап қоғамдық көліктер электронды билеттендіру жүйесіне өтеді. Бұл туралы бүгін қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исақов мәлімдеді.

БАҚ өкілдері үшін ұйымдастырылған брифингте салаға жауаптылар есеп айырысудың жаңа тәсілін түсіндіріп берді. Айтуларынша, бұл жүйе ең алдымен тасымалдаудағы көлеңкелі бизнесті жоюға сеп болады. Ал жолаушылар үшін қаншалықты тиімді?

Сонымен жергілікті жолаушыларды көп күттірген электронды төлемге Шымкенттегі қоғамдық көліктер 15 қазаннан бастап ауысады. 1 қарашадан диферренциалды тариф енгізіледі. Одан кейін карточка арқылы төлем жасауға құлықсыз болсаңыз, 70 теңгелік жолақысына 100 теңге төлейтін боласыз. Электронды төлемақыны қолға алып отырған компания төлем карточкаларының бірнеше түрін шығарған.

Мақсұт Исақов, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «Стандартты карталарды кез-келген жолаушы пайдалана алады. Онымен қоса студенттер мен оқушылар және автобустарда тегін жүру мүмкіндігі берілген белгілі бір санаттағы азаматтарға арналған карталар бар».

Жуырда автобустарға электронды төлем қабылдайтын арнайы қондырғылар орнатыла бастайды. Бұл жүйе тасымалдаушылардың көлеңкелі бизнесін тоқтатады дейді салаға жауаптылар. Жаңа әдістің жолаушылар үшін тиімділігі, автобуспен ұдайы қатынайтындар үшін түрлі жеңілдіктер қарастырылады. Мәселен, бір сағат ішінде екі автобусқа отыратын болсаңыз, бірі тегін түседі. Карточкада ақшаңыз таусылып қалса да алаңдамайсыз. Себебі, электронды төлем жасаудың бірнеше жолы бар.

Сержан АҚЫЛБАЕВ, «Қаз смарт транс» ЖШС-нің директоры: «Банктердің қосымшалары арқылы және киви кошелекпен картадағы ақшаны толықтыруға болады. QR код арқылы төлем жасау мүмкіндігі қаралып отыр».

Ақылды жобаны іске асыруға компания 1 млрд. теңгенің қаражатын жұмсап отыр. Бұл бүгін-ертең қайтарымы болатын жоба емес.

Сержан АҚЫЛБАЕВ, «Қаз смарт транс» ЖШС-нің директоры: «5-6 жыл ішінде жаңаша есеп айырысу әдісі өз-өзін ақтап, табыс әкеле бастайды».

Алдағы уақытта қала ішіне қатынайтын автобустардың бағыттары толығымен ауысатын болады. Айтқандай, шаһардағы қоғамдық көліктерде тегін жүру мүмкіндігі берілген азаматтар картаны халыққа қызмет көрсету орындары арқылы рәсімдей алады. Ал мұндай жеңілдіктердің қаралмағанын біле тұра электронды төлемде түрлі құйтырқылық жасайтындар 2 АЕК көлемінде айыппұлға тартылады.

Мақпал Рысбаева