Шымкентте банк қызметкерлері жалған еуро сатты деп айыпталуда

97

«Жалған еуро сатты». Шымкенттік банк қызметкерлеріне осындай айып тағылып отыр. Бұл туралы Қаржы министрлігінің Қаржы мониторингі комитетінің төрағасы Жанат Элиманов мәлім етті.

Шымкентте банк қызметкерлері жалған еуро сатты деген күдікке ілініп отыр. Қаржылық мониторинг жүргізген мамандар жалпы сома 4000 еуроны құрады деп есептеген. Қаржы министрлігіне қарасты Қаржы мониторингі комитетінің төрағасы Жанат Элимановтың айтуынша, бұл қылмысқа банктің бес қызметкерінің қатысы бар екен. Қазір оларға қатысты тергеу аяқталуға жақын.

Жанат ЭЛИМАНОВ, Қаржы министрлігінің Қаржы мониторингі комитетінің төрағасы:
«Шымкентте банктердің бірінің филиалында номиналы 500 еуро болатын жалған ақша купюраларын өткізу фактісі анықталды. Жалпы сомасы – 4 мың еуро. Бір қызығы, бұл қылмысты сол банктің бес қызметкері жасаған. Қылмыстық іс аяқталу сатысында».

Шымкенттіктер тек жалған ақшамен ғана емес, сапасы нашар спирттік өнімдермен де мониторингтік топтың күдігіне ілініп отыр. Көлеңкелі бизнестің көзін жоюмен айналысатындар қалада сапасы төмен спирт дайындайтын жасырын цехтарды анықтап, жойған. Құны 31 млн теңге болатын 25 тонна спирт тәркіленіпті.

Жанат ЭЛИМАНОВ, Қаржы министрлігінің Қаржы мониторингі комитетінің төрағасы: «Жалпы осы кезеңде заңсыз айналымнан 1,5 миллионнан астам бөтелке ішімдік, шамамен 400 мың литр спирт, сонымен қатар 500 мыңнан астам жалған есепке алу-бақылау маркасы алынды. Салық төлемеуден келетін шығын 570 млн теңгені құрайды. Мұндай мысалдар өте көп. Бұл шаралардың барлығы көптеген азаматтың өмірі мен денсаулығын сақтап қалуға мүмкіндік берді».

Айта кетейік, елімізде жыл басынан бері 22 жасырын казиноның көзі жойылыпты. Шымкент, Қарағанды, Тараз және Қызылорда қалаларында ұсталған күдіктілігерге заңсыз ойын қызметін ұйымдастырды деген айып тағылған. Олардың қылмыстық кіріс сомасы 800 млн теңгеден асып жығылған.

Көлеңкелі саланың жылдық қаржы айналымы сарапшылардың бағалауынша 60 млрд теңгені құрапты. Мониторнгтік топ өкілдері ойынқұмарлар ойнауға ақша табу үшін ұрлық жасап, тіпті алаяқтық пен кісі тонауға дейін барып жатады дейді.

Мақпал РЫСБАЕВА