Шымкенттік дәрігерлер инсульт алған қарт науқасқа тіліксіз ота жасады

170

 

87 жастағы қарт кісі №1 қалалық клиникалық ауруханаға ес-түссіз халде жедел жәрдеммен жеткізілген. Дәрігерлер науқасты толық тексеріп, шұғыл түрде эндоваскулярлық ота — брахиоцефалдық және церебралдық артериялардың селективті ангиографиясын жасады.

Қарт кісіде оң жақ ішкі ұйқы артериясы сағасының 90%-на дейін гетерогенді, симптомды стенозы (тарылуы) анықталды. Пациенттің клиникасын ескере отырып, дәрігер Қарабаев Нұржан ішкі ұйқы артериясының сағасын стенттеу операциясын жасады.

Операциядан кейінгі кезеңде науқас есін жинап, жағдайы жақсарды. Қазіргі уақытта инсульт алған пациенттің өміріне келер қауіп жоқ, дейді мамандар. Науқас дәрігерлердің бақылауында.

Айта кетейік, дәрігерлер жабық отаны бас миына қан жеткізетін маңызды тамырға жасаған. Бұл операция кезінде хирургтар аппараттың көмегімен инсульт алған қарт кісінің мойын тамырына пышақ тигізбей, микроқұрылғы арқылы хирургиялық ем жасады.