Қылмыстың алдын алу үшін аянбай тер төгіп жүрген тәртіп сақшыларының өз өмірлеріне де қауіп төнетін кездер аз емес. Қоғамдық тәртіпке бағынбай, қылмыс жасайтындар тіпті полицейлердің өзін ұрып соғып кетіп жатады.
Дегенмен олар билік өкілдеріне күш қолданудың соңы қылмыстық жауапкершілікке апарып соғатынын көбісі ескере бермейді.
Түркістан облысына қарасты Қазығұрт АПБ-не жергілікті тұрғыннан көше бойында белгісіз тұлғалар ұялы телефонын тартып алғаны жөнінде хабарлама келіп түскен. Арызданушының айтуынша жол бойында өзіне таныс емес тұрғындармен сөзге келіспей қалып, дау туындаған. Содан күдіктінің бірі жәбірленушіге бір-екі соққы бергенін, сол жерде қалтасынан ұялы телефоны түсіп қалғанын хабарлаған. Осыдан соң телефонын қайтарып ала алмаған жәбірленуші полициядан көмек сұрауға мәжбүр болған. Аталған жайтты полицейлер ҚР ҚК-нің 293-бабы «Бұзақылық» бойынша тіркеді.
«Көше бұзықтарын» жөнге салу да оңай шаруа емес. Оқиға орнына жедел жеткен учаскелік полиция инспекторлары полиция капитаны Медет Тұрсынбек, полиция лейтенанты Бекен Әлібек, полиция лейтенанты Әділет Көшер мән-жайды анықтамауға кіріседі. Тез арада күдіктілердің жеке-басын анықталып, мекен-жайы арқылы табады. Бұзақылық жасағандар ағайындылар болып шықты. Күшейіп алған «күші тасыған» күдіктілер полицейлерге қарсы түрлі балағат сөздерді айтады. Өз міндеттерін атқарып жүрген тәртіп сақшылары сабырға келуін сұрағанымен, құқық бұзушылар заңды талаптарға бағынбай, өздерінің дөрекі мінезін көрсетуін жалғастыра береді. Тіпті учаскелік полиция қызметкерінің біріне өз лауазымдық міндетін атқаруына байланысты өміріне немесе денсаулығына қауіпті емес күш қолданып, ұрып-соғады.
Осылайша сақшылар ағасы мен інісіне ҚР ҚК-нің 380-бабы «Билік өкіліне қатысты күш қолдану» және 378-бабы «Билік өкілін қорлау» бойынша тіркеді. Күдіктілердің екеуі де қамауға алынып, бүгінде соттың қаулысымен кепілмен босатылған. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде.
Қоғамдық тәртіпке бағынбағандарды заң басынан сипамайды. Оларға артылар жауапкершілік те жоғары болмақ.
Айбын Асқаров