Бүгін Шымкентте жылыжай кешенінің құрылысы басталды. Қала әкімі Мұрат Әйтенов нысан құрылысымен танысып, осы аумақта қолға алынып отырған жобаларды қадағалады. Билік өкілдері азық – түлік бағасын тұрақтандыру үшін осындай шараларды қолға алып отыр. Бұл жобалар қалада азық-түліктің тапшылығын болдырмайды дейді салаға жауаптылар.

Жылыжай кешенінің құрылысын қала әкімі Мұрат Әйтенов бастап берді. «Тепличный рай» агро-индустриалды аймағындағы 30 гектарда түрлі көкөністер мен жеміс-жидектер өсірілетін болады. Келесі жылдың соңына дейін мұнда 9,4 млрд. теңгені құрайтын жылыжай кешенінің құрылысы салынады. Бұл Шымкент халқының азық-түлік сұранысын қанағаттандырып, бағаны да тұрақты ұстап тұруға мүмкіндік береді.

Жобаның жемісті болуына ғалымдар да атсалысуда. ОҚУ-дың ауылшаруашылығы зертханасының меңгерушісі, биофизик Мұсатілла Тоқанов инвесторларға кептірілген жемістер өсірудің әдісін ұсынды. Нарықта сұранысқа ие бұл тауарларды өндіруге Шымкент климаты ыңғайлы дейді ғалым.

Мұсатілла ТОҚАНОВ, ОҚУ-дың ауылшаруашылығы зертханасының меңгерушісі, биофизик: «Шымкенттің бренді ретінде кептірілген жемісті таныта білуім керек. Себебі, мұнда бұл тауарларды өндіру өте ыңғайлы. Оның үстіне кептірілген жемістер сұраныста».

Агро-индустриалды аймақта 2022 – 2025 жылдары 60 гектар өнеркәсіптік жылыжай кешені салынады. Онда 20 жоба іске қосылады. Жалпы құны 21 млрд. теңгені құрайды. Аталған жылыжай кешендері толығымен іске қосылғанда бір мыңнан аса адам жаңа жұмыс орнымен қамтамасыз етілетін болады.

Мақпал Рысбаева