Тісі қисық бала көп. Қайтпек керек?

998

«Ұры» тіс. Тіс жегісі (кариес). Тіске құрт түсу. Тістің қисық өсуі. Бұл сөздердің бәрі таңсық емес. Жиі естиміз. Десе де мұның барлығы қазіргі балалардың негізгі мәселесіне айналғандай. Мамандар айтқандай, балалардың жартысынан астамында ауыз қуысы проблемасы бар. Соны уақытылы емдетіп, алдын алмаса, келешекте тісі түзу әрі түгел адам табу қиынға айналатындай.

ТІС ЖЕГІСІ ҚАУІПТІ

Бала күнімізден «ауыз қуысын таза ұстау», «тіс дәрігеріне бару» туралы естіп өстік. Әйтсе де көбіміз бұған немқұрайлы қарасақ керек.
Тісі ауырып шыдатпағанда ғана тіс дәрігерінің есігін қағатынымыз бар.
Жасыратыны жоқ, 4 баланың анасы, жұмысбасты әйел ретінде бұл жағдай маған да таңсық емес. Өзім тұрмақ, балаларды профилактикалық тексерістен өткізуге уақыт тапшы. Жұмыс-жұмыс деп жүргенімізде кенже ұлымның тіл асты үзбесі қысқа екенін, ал ортаншы ұлымның жақ сүйегі деформацияланғанын байқамай келіппі.
Шымкент қалалық тіс емханасының бөлім меңгерушісі ГүлбаҺар Сапарқызының айтуынша, бүгінде ауыз қуысы 100% сау бала жоқ.

– Емханаға келген екі баланың бірінде тіс жегісі немесе асқынулары анықталады. Мұның бәрі ата-ана баласының ауыз қуысына жіті көңіл бөліп, мән бермегенінен болады. Бала күніне екі рет тісін тазалауға дағдылануы керек. Тісі ауырмаса да жылына екі рет стоматологқа барып, тістерін тексерткені дұрыс. Алайда ата-ана баласы мазасызданбаса, тісі ауырмаса, ауыз қуысына мән бермейді. Тісі ауырып, жанына батқанда ғана дәрігерге жүгіреді. Тіс – тіс жегісінен не оның асқынуынан ауыруы мүмкін. Тіс ауруларының асқынған түрін емдеу күрделі. Тіс толық жазылуы үшін бірнеше рет дәрігерге барып, емдету керек. Кейде тіпті тісті жұлып тастауға тура келеді. Салдарынан ауыз қуысында басқа да өзгерістер, яғни тіс қисаюы немесе жақ деформацияға ұшырайды. Ал тіс жегісін емдеу оңай. Мұны бірінші қабылдауда-ақ емдеуге болады,-дейді ГүлбаҺар Сапарқызы.
Тіс дәрігерінің сөзінше, тіс жегісі мен оның асқынуына – тәтті нәрсені шамадан көп жеу, газдалған тәтті сусындарды ішу себеп. Ауыз қуысы гигиенасын сақтамау да тіс жегісі мен оның асқынуына әкеп соқтырады.

ҚИСЫҚ ТІС ҚАЙДАН ШЫҒАДЫ?

35 жылдық еңбек өтілі бар тәжірибелі маман айтқандай, бала тісінің негізі ана құрсағында қалыптасады.
– Бала туғанына алты айлығында сүт тістері шыға бастайды. Жалпы саны жиырма шақты болады екен. Бала 6 жасқа толғанда тістері ауысады. Содан 13 жасқа дейін сүт тістердің орнына тұрақты тістер шығады. Сүт тістері шыққанда бала мазасыздануы мүмкін. Алайда оның ауырсынуын жеңілдетуге арналған түрлі жақпа майлар бар. Бұл туралы дәрігермен кеңескен абзал,-дейді Гүлбаһар Сапарқызы.
Дәрігерден тағы білгеніміз – ауыз қуысындағы өзгерістер де тап осы сүт тістер түсіп, жаңадан тұрақты тістер шыға бастағанда пайда болады екен. Ауыз қуысына сыймаған тістер бірінің үстіне бірі шығады. Не болмаса тіс өз орнына емес, жанында түсіп қалған бос тістің орнына қисайып шығады. Мұның барлығы баланың жақ сүйегінің дұрыс дамымауынан болады. Сондайда дәрігерге қаралып, қай тіс артық болса, алып тастап немесе емдетіп, қалған тістердің түзу шығуына жағдай жасау керек.
– Тістер қисайса немесе жақ сүйегі дұрыс дамымаса, уақыт өткізбей дер кезінде тіс дәрігеріне қаралған абзал. Дәрігер баланың ауыз қуысын қарап, пластинка қояды немесе брекет кигізеді,-дейді ГүлбаҺар Сапарқызы.
Пластинка қою немесе брекет кигізу жақ сүйегін дұрыстап, тістердің қалыпты өсуін қамтамасыз етеді. Пластинка 12 жасқа дейінгі балаларға кигізіледі. Ал 15 жастан 30-40 жасқа дейін брекет салынады екен.
Тістің қисаюы жақтың дұрыс дамымауы тікелей байланысты. Күнделікті тамақтану тәсілі де рөл ойнайды.
– Балалар тамақты асығыс шайнайды, дәлірегі қатты тағамдарды толық шайнамай жұта салады. Сондай-ақ, тағамдағы етті майдалап турап, картоп, сәбізді үккіштен өткізетін ата-аналар да бар. «Балаларымыз тамақты қиналмай жесін» деп, солай жасайды. Осылайша баласының тісіне зиян тигізетінін түсінбейді,-дейді дәрігер.

Жақтың дұрыс дамымауы оның анатомиялық құрылымына да тікелей байланысты екен. Бірақ қазір жақты да дұрыстап, ауыз қуысын да ретке келтіру оңай. Бұған уақыт пен шыдамдылық болу керек. Ең бастысы, дер уақытында тіс дәрігеріне қаралыңыз.

ТІЛ ҮЗБЕСІНІҢ ҚЫСҚАЛЫҒЫ

Қазір балаларда жиі кездесетін кемшілік – тіл үзбесінің (уздечка языка) қысқалығы. Мұның тіске еш қатысы жоқ, бірақ баланың дұрыс сөйлеуіне кері әсері бар. Өкініштісі, ата-аналар баласының тіл үзбесі қысқалығын байқай бермейді.
– Тіл үзбесінің қысқалығын көбіне перзентханада мамандар байқайды. Не болмаса, баланың 1 айлығында педиатр анықтап, тіс дәрігері мен хирургке жібереді. Бала тілінің астына ота жасалады. Ата-аналар бұдан қорқып, дәрігер кеңесін құлағына ілмейді. Уақыт өте бала емшекті еме алмай, шашалып-қақалса, тілі дұрыс шықпаса, сан соғып жатады. Себебі, бұл ота баланың 1-6 айлығына дейін жасалуы тиіс. Одан асса, ота жасалмайды,-дейді Гүлбаһар Сапарқызы.

Шымкент қалалық балалар тіс емханасының мекенжайы:
Т. Айбергенов көш., 5В үй
Тел: 56-31-60

Дәрігер сөзінше, 2, 6-10 жас және 14 жас аралығындағы балалар профилактикадан өтеді. Тіл үзбесінің қысқалығы көбіне-көп осындай тексеріс кезінде анықталып жатады.
Қадірлі оқырман, уақыт жоғалтып, ауру асқынып кетпеуі үшін балаңызды дәрігер тексеруіне уақытылы апарыңыз. Ауыз қуысы гигиенасын сақтау маңызды екенін балаңызға мұқият түсіндіріңіз.

Айжан Ермекқызы

«Оңтүстік Рабат», №37, 10 қыйркүйек 2020 ж