ТҰЛҒАЛАРДАН ҚАЛҒАН ДҮНИЕ: ҮСЕНБАЙ ДАТҚАНЫҢ МӨРІ, ҚАБАНБАЙДЫҢ ҚАНЖАРЫ

393

Зергерлік өнер – ерте заманнан келе жатқан, көпке тараған сәндік және қосалқы өнердің бірегейі. Алтын, күміс, асыл тас, сүйек сияқты материалдарды пайдалана отырып, сән-салтанат үшін әшекейлі жиһаз, қыз-келіншектердің сәндік бұйымдары мен қару-жарақ, сауыт-сайман, ер-тұрманды да зергерлеу өнері халық арасында кең жайылған. «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейінде дәстүр мен мәдениетімізді айшықтайтын жәдігер жетерлік. Музейдің қор сақтаушысы Д. Адиев музейдегі құндылық, тарихи және мағыналық жағынан да ерекше орны бар заттарды таныстырды.

Құстұмсық жүзік

Солардың бірі – құстұмсық жүзік. Қыз баласының қолына әсемдік үшін тағуымен ғана өлшенбейтін, қыз жайлы көптеген ақпарат беретін, ата-бабаларымыздың қолданысында кең тараған әшекейі.


– Құстұмсық жүзікке зергерлеріміз сүйек, металл, бояу, былғары сияқты материалдарды ұлттық болмысымызды ескере отырып бедерлеу, ою, шекімелеу, аптау, күптеу секілді көптеген әдіс-тәсілді кеңінен қолданған. Зергерлік өнерді меңгерген адамды «зергер» деп атайды. «Зергер» парсы тілінен ауысқан «Зәргәр» сөзі. Парсы тілінде алтыннан, күмістен суырып, созған жіңішке сымды «зәр» дейді. Халық арасында зергерлер өте жоғары құрметке ие болып, елдің сүйікті адамына айналған. Қазақ зергерлері негізінен әйелдердің сәндік әшекей заттарын әсем жасай білген. Әсемдеп жасап қана қоймай дәстүрімізбен мәдениетімізді айшықтап көрсеткен. Қазақ қыз-келіншектерін ажарландыра түсу үшін, оларға арнап алуан түрлі әшекейлі бұйымдар жасаған. Осындай, дәстүр мен мәдениетімізді айшықтайтын әшекейдің бірі «құстұмсық жүзік» десек те болады. Құстұмсық – қыздар тағатын жүзіктің бір түрі. Оның рәміздік мәні «ұшқан құстай ерікті, қыздың басы бос» деген ұғымды да білдіреді. Жүзіктегі құстың бейнесі – жақсылық хабардың жаршысы. Халық арасында «құстың тұмсығы сияқты бір ұшы үшкірленіп жасалған құстұмсық жүзік – бәле-жаладан қорғайтын ерекше қасиетке ие» деген де халық арасында сенім қалыптасқан. «Құстұмсық» жүзіктердің небір түрлері музейіміздің қорында сақталуда. Бірінші суреттегі жүзік сабағы жалпақ, ортасына қарай жіңішкерген, беті өрнектелген. Жоғарғы беті тегіс ортасында сәл дөңестеу болып тамшы пішінді өрнек түсіп, жан-жағы сіркеленіп қоршалып жаны да сондай өрнекпен әсемделген. Күміс сынамасы – 500° Ал екінші жүзік «Құс тұмсық» пішінді, быдырланып өрнектелген, дөңгеленіп шыққан жағының төменгі жағына ілмек қондырылған. Сабағы үш сымнан тұрады төменгі ортасы біріктіріліп келіп жоғары жерінен екі шеткісі майыстырылып, ортадағы сымнан аралары ашылып, жоғары көтеріліп барып, бекітіліп, ашық жерлеріне өрне отырғызылған. Күміс, сынамы – 950̊. Бұрындары құстұмсық жүзікті қыздың киімдеріне қосып жіберетін болған. Қыздың туысқандары жағдайын білуге келгенде жүзікті кері қайтарса, оның жағдайы жақсы дегенді білдірген. Қыздың үйіне барғанда төркіндеріне шай құйғанда қолына қарайды екен, өйткені; тұмсық жағы теріс қарап тұрса жағдайым жаман, ал тұмсығы саусақ ұшына қарап тұрса жағдайым жақсы дегенді білдіреді екен. Осындай дәстүріміз бен мәдениетімізден сыр шертер жәдігерлердің музей қорында болуы бізді тек қуантады,-дейді Д.Адиев.

Үсенбай датқаның мөрі

Осылайша құстұмсық жүзік жайлы толыққанды ақпаратпен таныстырған қор сақтаушы музей қорындағы Үсенбай датқаның мөрі туралы да айтып берді.


– Қазақ жерінде, қазақ елінде көшпенділердің де өзіне тән белгілері болғаны белгілі. Әрбір хан, батыр, бидің өзіне тән белгісі байрағынан басқа – мөрі де болған. Ғалымдар қазақ хандары мен билерінің, батырлары мен датқалардың мөрі туралы біраз деректер жинақтаған. Қазақ хандары арасында мөрді алғаш пайдаланған хан – Әз Тәуке хан. Ертеректе мөр басылмаған ер болмаған. «Құранды ер» деген тіркес немесе атау ердегі мөрдегі араб әрпімен жазуларына байланысты айтылса керек. Мөр таңбалары ерекшеленіп, бояумен ысталатын. Осылайша қазақ халқы үшін мөр қасиетті, киелі таңбаға айналды. Оны жасырып, тығып ұстады. Мөрді көзден таса етіп ұстау, сақтау қалыптасты. Тіпті мемлекеттік дәрежеде «мөр сақтаушы», «мөрді алып жүруші», «мөр таңбасын салушы» қызметтері болды. Тарихты айқындайтын мөр аса құнды да маңызды жәдігер екені осы сала мамандарына белгілі. Мөр тарихын зерделейтін жаңа ғылым сфрагистика (грекше – σφραγις — қазақша аудармасы мөртану; таңбатану) XVIII-XIX ғасырларда пайда бола бастады. Бұл ғылым мөрді зерттей отырып, жеке адамнан бастап мемлекеттің даму деңгейін анықтауға үлкен рөл атқарып келеді.
Өзіндік тарихы бар мөр «Әзірет Сұлтан» мүражайының қорында сақталуда. Үсенбай датқаның мөрін 2007 жылы Қасымқұлов Бижігіт Жеңісұлының тапсырмасымен Ұзаиров Қожакелді музейге сыйға берген. Мөрдің тұғыры күмістен құйылып жасалып, бетіне сопақша пішінді мыс пластина орнатылған. Осы мыс пластинаға араб әрпімен сыдырылып ойылып, «Хусейнбай бин Төлеген би 1252» деген жазу жазылған. Мөр бетінің ұзындығы 3,2 см болса, ені 2,7 см. Мөр егесі Үсенбай Төлегенұлы шамамен 1777 жылы Түркістан маңындағы «Шоқтас» ауылында туған. Үсенбайдың арғы атасы – тарихтан белгілі, сүйегі Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жерленген атақты Сүйіліш батыр. Сүйіліштің бесінші ұрпағы Бекет қалпеден – Беген, Қара, Малбай, Жанбай, Әйтей, Ақшай, Қасай туған. Осылардың арасындағы Қара атадан Барқы, Тайсоймас тарайды. Барқыдан Атығай, Төлеген, Телғожа батыр, Тас, Сейдуалы өрбіген. Ал Төлеген – осы Үсенбайдың әкесі. Үсенбай жастайынан замана ызғарын, басқыншылардың езгісіне түскен халықтың ауыр жағдайын терең сезініп өседі. Ат жалын тартып мінер жасқа келгеннен бастап, ел ісіне араласып, жақсылар мен жайсаңдардың соңына ілеседі. Оның ерте есеюіне түрлі саяси және әлеуметтік жағдайлар әсер етеді. Әсіресе, Үсенбайға өскен ортасының, шыққан тегінің осал болмағаны көптеген жауапкершілік жүктегендей. Үсенбай ұзын бойлы, ірі денелі, сөзге шешен, елдің ынтымақ-бірлігін сақтап, әділ билік жүргізген әрі жылқылы бай адам болған екен. Қоқан хандығы кезінде қазақ байтағына тырнағын батырып, ашкөздікпен ауыз салғаны белгілі. ХІХ ғасырдың басында Шымкент, Түркістан қалаларын жаулап алған Қоқан хандығының езгісіне тап келген халқын қызғыштай қорғап, әпербақан биліктің көптеген жөнсіз әрекеттеріне ақыл-парасатымен тоқтау салған, жүректілігімен, ақылдылығымен әлдіге әлсіздің ақысын жегізбей, ел үлесінің ортаймауына қызмет еткен Үсенбай Әулиеатадағы Байзақ датқа Мәмбетұлы, Сыр өңіріндегі Жанқожа батыр Нұрмұхаметұлы секілді басқа да атақты тұлғалармен тығыз байланыста болып, олардың басқыншыларға қарсы күрестеріне астыртын қолдау білдіріп отырған. Қоқан хандығы сыртқы күштермен соғыстар, ішкі бас көтерулер хандықтың іргесін шайқалта бастағанда, хандық тарапынан жергілікті халық арасынан сөзі өтімді, беделді адамдарға шен-шекпен үлестіріп, өздеріне тартып, солар арқылы ел ішіндегі ықпалын сақтап қалу амалын кеңінен қолданды. Сол тұста Ташкент құшбегі тарапынан Үсенбайға датқа шені беріледі. Датқа – Қоқан және Бұқар хандығы және өмірлік жүйесінде қалыптасқан лауазым. (Датқа билік жүйесінде билерден жоғары, сұлтандармен шендес дәреже болып саналған. Тек ханға немесе әмірге ғана бағынышты болған. Датқа – парсы сөзі, дад+хаһ «тілек, әділдік», соттың әділдігін талап етуші деген мағынаны білдіреді.) Оны бұл дәрежеге Түркістан әкімі Беглербек ұсынады. Қоқан хандығына көзқарасының жақсы емес екенін қала әкімі біле тұра, Үсенбайдың осы лауазымды алғанын қалайды. Себебі, Беглербекке оның мүлде теріс қарап кетпеуі аса қажет болған. Беделі бұрынғыдан да өсе түскен Үсенбай датқалықтың мөрін алған соң өз қарауындағы ел өрісін кеңейтуді ойлап, Қаратаудың теріскей бетіне, яғни Созақ даласына ойысуды көздейді. Бұл үшін Қоқан билігінен арнайы рұқсат керек еді. Ал Үсенбайдың бұл ойысуы Қоқан өкілдеріне қолайсыз болатын. Биліктің иек астында жүрсе де өзінің жан қалауын іске асырып жүрген датқа Созаққа өтіп кетсе, Қоқан хандығына қарсы күреске шыққан қазақ тұлғаларымен алаңсыз, еркін байланысқа түсетіні басы ашық мәселе еді. Үсенбай датқаның немере қарындасы Ханымбибі Түркістан әкімі Беглербекке тұрмысқа шығып, құдалар басын бастап келген Үсенбай датқа, осы жиында Созақ қамалы мен Қарақұр өзені маңына көшуіне рұқсатын алады. Көп ұзамай, шамамен 1830 жылы Үсенбай датқа өзіне қарасты елді күнгейден теріскейге, яғни Қарақұр өзенінің бойына көшіріп әкеледі. Өзі әлгі бұлақты төбенің үстіне жайғасады. Кейіннен бұл жер «Ағалық» аталады. Бүгінде оны жұрт «Ағалақ» деп кеткен. Үсенбай датқа 1865 жылы 88 жасында Созақ жерінде қайтыс болған. Сүйегі Созақ және Қарақұр ауылдарының ортасындағы Ағалақ деген жердегі биіктеу, үсті жалпақ, әр тұсынан бұлақтар саулаған, қалың шилі төбешікке өзі тірі кезінде салдырған кесенеге қойылған.
Міне, осындай ер мінезді, тарихтан ойып орын алған бір туар тұлғаның мөрі біздің музейімізде болуы мақтаныш екендегін айта кетейін,-дейді қор сақтаушы Д. Адиев.

Қабанбайдың қанжары

«Зерттеуді қажет ететін қаншама жәдігер бар» деп сөзін жалғастырған қор сақтаушы Д. Адиев музейдегі пышақ, қанжар, кездік сынды құралдардың ерекше безендірілуі, олардың жасалу технологиясымен де таныстырды. Солардың бірі қазақ халқының біртуар батыры – Қаракерей Қабанбайдың қанжары.

– «Әзірет Сұлтан» музейінің қорында пышақтардың бірнеше түрі сақталған. Археологиялық қазба жұмыстарынан табылған қола дәуіріне жататын пышақ музейдің құнды жәдігерлерінің бірі. Музей қорындағы қола пышақтың бір беті кіріңкі, бір жақ шеті жұқартылған. Ұзындығы 9,5 см., ені 1,5 см. құрайды. Жәдігерді музей қорына Түркістан археологиялық экспедициясының инженері А.Ержігітова 2000 жылы 11 қыркүйекте тапсырған. Музей қорына 2000 жылы қыркүйек айында өткен зат сатып алу комиссиясының шешімімен қабылданған. Жәдігер б.д.д. ХІІ – Х ғғ. жататын, Түркістан қаласынан 5 оңтүстікке қарай 5 шақырым жерде орналасқан Шербай қорымынан табылған. 2000 жылы археологиялық қазба жұмыстары жүргізілген Шербай қорымын археологтар Андронов мәдени-тарихи қауымдастығына енетін Федоров мәдениетіне жатқызады. Осы қорымнан табылған бұл жәдігер де яғни, мақалаға өзек болып отырған пышақ та сол мәдениеттің жәдігері боп саналады. Ерте дәуір құралдарына жатады. Музейіміздің құнды жәдігерлердің бірі – қазақ тарихындағы ерекше тұлға, дарынды қолбасшы, дарабоз батыр, жоңғарларға қарсы болған азаттық соғысының даңқты қаһармандарының бірі Қаракерей Қабанбай батырдың қанжары мен қыны талай көрмелердің көркін келтіріп келеді. Жәдігерді 1978 жылы батырдың ұрпағы Қазақ ССР халық суретшісі Сахи Романов өткізген. Бастары қысқа болып келетін кесу қарулары-қанжар мен пышақ көмекші қаруларға жатады. Ат үстінде соғысып, мұздай темір құрсанған көшпенді ел батырлары үшін айқаста қанжар ең маңызды қарулардың қатарына кірмеген. Сондықтан, ол ер қаруы-бес қару санатына енбеген. Алайда, соғыста көмекші құрал ретінде қолданылған. Қабанбай қанжарының ұзындығы – 34,4см. Болаттан соғылған жүзінің ұзындығы – 21,4см. Жүзінің жоғарғы жағында-жетесінен бастап ұшына 3 см-дей жетпей кідірген екі кертік сызығы бар. Қанжардың жүзі осы күнге дейін қол кесерліктей өткір қалпында сақталған. Сабы мен жүзінің түйіскен жері сопақша пішіндес күміспен көмкерілген. Ол қаралау әдісі арқылы гүлді оюмен бедерленген. Жете бөлігі 2 см. көлемде қорғасынмен қапталған, оған күміспен жиектелген көк және жасыл түсті жартылай бағалы асыл тастардан(бирюза) тізбектелген төртбұрышты әшекей ұласқан. Сарғыш тартқан сабының ұзындығы – 11см. Батыр ұрпақтарының айтуынша пышақтың сабы пілдің сүйегінен жасалған екен. Қанжардың салмағы бір келі шамасында. Қыны қайың ағашынан жасалып, сырты жылтыр қара қоңыр түске боялған былғарымен қапталып, ою-өрнекпен әшекейленген. Ол «қын» «алақан», және «белдемеден» тұрады. Қын – селебе, қанжар, кездік, пышақ сынды кесу құралдарының сыртқы қабы. Қын жалпақ қайыс бау арқылы кісе белдікке тігінен тағылады. Кісе белдікке тағылатын пышақтың тағы бір түрі – кездік пен қайрақ. Кездік пышақ сабы ою-өрнек салынып қарайту әдісін қолдана отырып күміспен қапталынған. Қайрақ ұзынша төртқырлы пішінді, ұшына қарай жіңішкере түскен. Металдан жасалған. Қайрақтың сабы қысқа күмбез іспеттес болып біткен. Ою-өрнек салынып қарайту әдісі қолданылған күміспен қапталған. Екі заттың да былғарыдан жасалған қыны бар, олар шашақталып жапсырылған жіңішке былғары арқылы біріктіріліп, ілмектеліп белдікке ілінетін болып шыққан. Саятшылық пен аңшылыққа арналған пышақтың тағы бір түрі ХІХ ғасырдың екінші жартысында жасалған пышақ. Екі жүзді етіп жасалып, басы үшкірленген. Сабының негізі сүйектен жасалып, екі жағы металмен қапталған. Сүйектің бетіне қырнау әдісімен толқын іспеттес өрнектер түсірілген. Пышақтың жүзі мен сабының арасына сопақша мыс отырғызылған. Пышақтың ұзындығы 23см ені 2,7см. 2005 жылы Зат сатып алу комиссиясының 5.04.2005ж. өткен мәжілісінің шешімімен қорға қабылдаған,-дейді Д. Абдиев.

НАРТАЙДЫҢ ҮЗЕҢГІСІ

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында нақтылап көрсеткен құндылықтардың бірі – ат әбзелдері. Қор сақтаушының айтуынша осындай ат әбзелдерінің бірі Ұлы даланың белгілі перзенті, халық ақыны әрі композитор Нартай Бекежанов қолданған үзеңгі.

– Үзеңгіні Түркістан қаласының тұрғыны 1999 жылы музейге өткізген. Үзеңгі «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи мәдени қорық музейі қорындағы Нартай Бекежановтың өзі қолданған ат әбзелі болуымен де құнды жәдігерлердің бірі деуге болады. Музей қорындағы әрбір жәдігердің тарихы мен айтары бар. Соның ішінде ат әбзелдерінің тарихына аз-кем тоқталсақ, үзеңгі – ер-тұрман әбзелдерінің бірі. Ол атқа оңай мініп-түсу үшін және ат үстінде мығым отыру үшін пайдаланылады. Археологиялық зерттеулерге қарағанда үзеңгі б.з.б. I-мыңжылдықтан бастап қолданылып келеді. Бұл қарапайым зат бүкіл көшпелі өркениеттің алға басуына өз ықпалын тигізген құндылықтардың бірі. Қазақ шеберлері үзеңгіні ағаштан, қоладан және темірден жасаған. Ағаш үзеңгілер (солтүстік өңірлерде) қайыңнан иілген. Бақуат адамдар темір үзеңгілердің сыртын күміспен көмкеріп, кейде ою-өрнектер түсіріп жасататын болған. Дәстүрлі қазақ қоғамында үзеңгінің түрлері (жалпақ табан, торлама, ашамай, т.б.) көп. Музей қорындағы Нартай үзеңгісі жалпақ табан үзеңгі түріне жатады, үзеңгі жезден (латунь) құйылып жасалған. Үзеңгінің өлшемі 20х12,9 см. Үзеңгі бір-біріне құйылып жалғасқан екі бөліктен тұрады. Бірінші бөлігі «құлақ» деп аталады. Құлақ үзеңгінің жоғарғы бөлігі яғни ерге былғары қайыс арқылы жалғанатын бөлігі. Үзеңгінің құлағы төртбұрыш пішінді болып биіктігі 3,5 см. ұзындығы 5 см. болып келген. Үзеңгінің екінші бөлігі «басқыш» немесе «табан тірегіш» деп аталады. Үзеңгінің табан тірейтін жері жалпақ болып жасалған ұзындығы 12 см. ені 5 см. табан тірейтін жерінің астынғы жағы иректеліп әсемделген. Үзеңгі ердің екі қапталына қайыс бау арқылы тағылады. Екі қабырғасының жоғарғы жағында таралғы өткізетін тесік болады, ал аяқ киімнің табаны тұратын жері тұтас сопақша болып келеді. Ерге үзеңгі тақпаса, адам атқа оңай мініп, оңай түсе алмайды. Тіпті атқа мінген күннің өзінде де аяғын үзеңгіге салып отырмаса атқа орнықты отырмайды. Сондықтан үзеңгі – ат әбзелдері ішіндегі маңызды бөлігінің бірі саналады. Нартай ақынның үзеңгісі ақынның ат үстінде тұрып домбырасымен, сырнайымен еркін ойнауына көп пайдасын тигізгені анық,-дейді қор сақтаушы.

Осы тұста Нартай Бекежанов туралы аз-кем таныстырып өтелік.
– Нартай Бекежанов 1890 жылы Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, «Коммунизм» колхозына қарасты (қазіргі Нартай Бекежанов ауылы) «Бестам» деп аталған жерде орта шаруа отбасында дүниеге келген. Әкесінің аты – Алыпқаш, үлкен атасы Бекежан. Білетіндер Нартайдың арғы аталарында ақындық не басқадай өнер болмаған. Әкесінің өзі Нартай атамыз екі жасқа келгенде дүниеден озады. Нартайдың анасы Бақтыгүл ақындығымен, әншілігімен өз ортасына белгілі жан болған. Нартай суырыпсалма айтыскер ақын ретінде 1943 жылы Алматы қаласында өткен айтыста кілең дүлдүл ақындар арасында Шашубай, Нұрлыбектермен қатар жеңімпаз атанып, бірінші орынды қанжығасына байлады. Ақын Нартай шебер композиторлығымен де танымал. Қиын иірімді әндерін өзі ғана орындайды екен. Әрбір өлең-жырын әртүрлі мақаммен айтып отырған. Оның «Бастау», «Ақау жалған», «Игигай», «Толқын», «Бейбітшілік», «Өздерің білер Нартаймын» әндері оның асқақ үнімен бізге жеткен мәдени мұрамыздың алтын қорына қосылған дүние. Нартайдың халқына сіңірген қалтқысыз еңбегі, оның ақындық, композиторлық-әншілігі—көзі тірісінде де әділ бағаланды. 1939 жылы оған Қазақ КСР өнеріне еңбек сіңірген қайраткер атағы беріліп, сол жылы КСРО Жазушылар Одағы мүшелігіне қабылданады. 1945 жылы «Құрмет Белгісі» орденімен марапатталады. Ақын өмірінің соңғы жылдарын денсаулығы сыр бергендіктен өзінің туған колхозы «Үлгіліде» өткізіп, 1954 жылы дүниеден озды. Халқының сағынышына айналған нар тұлғалы атамыз, атақты ақын Нартай Алыпқашұлының ат үстінде ән салып, мініп түсуінде талай табаны тиген үзеңгісі де ұлы даланың, ұлы перзентінен қалған бір белгі,-деді Д. Абдиев.

Жанерке Хумар

«Оңтүстік Рабат», №37, 10 қыркүйек 2020 ж