Түлкібас: Темірді түйіндеген кәсіпкер

164

Еркін Тоқсанбаев-он саусағынан өнер тамған азамат. Ол дәнекерлеуші, өзгелер қоқысқа тастайтын керексіз заттарды, өңдеп кәдеге асырады.

Түлкібас ауданына қарасты Түлкібас кентінің тұрғыны «Нәтижиелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың» 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында дәнекерлеуші(сварщик) мамандығының курсын тәмамдап, мемлекет тарапынан 505 мың теңге қайтарымсыз грантқа қол жеткізіп отыр.

Көп жылдан бері ағайындарының көлік жөндеу цехінде жай ғана көмекші болып келген Еркін мемлекет тарапынан алған қаржыға дәнекерлеуге қажетті құрылғыларды алып, бүгінгі таңда көлік донғалақтарының темір бөлігінен ошақтар, темір бөлшектерінен терезе торларымен басқа да заттарды істеп сатуда.

Көп балалы әкенің ендігі мақсаты темір бұйымдарын жасайтын цех ашып, жанұялық кәсіп жиегін кеңейту. Бұл арманы да жақын арада іске аспақ. Яғни, цех ашуға орын да дайын екен. Ол жерде Еркін темір қақпалармен қоршауларды жасап, халық сұранысына қарай өз ісін жалғастырмақ.

— Кәсіпкерлік қызмет арқылы армандарға қол жеткізуге болады. Жоба бойныша тегін оқытты, шәкіртақы да төледі. Енді бағдарлама көмегімен жеке кәсіпкер атандым. Ауылдың қарапайым халқына көмектесетін осындай бағдарламалардың барына мемлекет басшысына алғысымды айтамын», – деді Еркін.

Түлкібас ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі