Түркістан облысындағы 20 мектеп-интернат асханасына инвестор 800 млн теңге аударды

123

Түркістан облысындағы 20 мектеп-интернаттың асханасына инвестор 800 миллион теңге қаржы құйып, жөндеу жұмыстарын жүргізді. Бұл туралы хабарлайды ҚазАқпарат.

«Түркістан облыстық Адами әлеуетті дамыту басқармасына қарасты 5 колледж «Жас маман» жобасына еніп, оларды негізгі құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге республикалық бюджет есебінен 1 млрд 600 млн қаржы бөлінді. 3 колледж сенімгерлік басқаруға берілді. 1 колледж мемлекеттік -жекешелік әріптестік аясында сенімгерлік басқаруға берілді. 20 мектеп-интернаттың асханасы мемлекеттік- жекешелік аясында сенімгерлік басқаруға берілуде. Бұл қолға алынған 10 бастама сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетеді деп санаймыз», – дейді Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов.
Оның айтуынша, 20 мектеп-интернаттың асханасына инвестор 800 миллион теңге өз қаражатын құйып, асханалардың құрал-жабдықтарын ауыстырып, жөндеу жұмыстарын жүргізген. Азық-түлікті жергілікті ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін шаруалардан алады.
«Интернатта оқитын балаларға бес уақыт тамақ берілетін болды. Бұрын әр мектеп-интернат жыл сайын әртүрлі кәсіпкермен келісімшартқа отырса, бұдан былай 20 мектеп-интернат 1 инвестормен ғана жұмыс істейді. Ол асханаларға бақылау камерасын орнатып қойғандықтан, тамақ ұрлау фактілері орын алмайтын болады», – дейді ол.