«Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында Қазақстанның киелі жерлерін насихаттау мəселесіне басым көңіл бөлінген. Бүгінде еліміздегі тарихи ескерткіштер мен киелі жерлердің мән-маңызы жан-жақты зерделеніп жатыр. «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейіне қарасты археологиялық және киелі орындардың зерттелу деңгейін музейдің тарихи-мәдени мұра ескерткіштерін қорғау және есепке алу бөлімінің инспекторы Кәрім Асылхан Әбдіқалиұлы айтып берді.
Тарихи-мәдени ескерткіштер 4 топқа бөлініп, қорғалады
Тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау, оларды зерттеу мен насихаттау мемлекеттік деңгейдегі шара екенін айтқан Асылхан Әбдіқалиұлы «ескерткіштерді тұрақты түрде қорғау, оларды жүйелі түрде есепке алу қорық-музейдің басты мақсаты мен міндеті» деп түсіндірді.
– Бұл ауқымы үлкен жобаның түп-төркіні тарихи-мәдени мұраларымызды есепке алу, құжаттау, мемлекеттік тізімге ұсыну, оларды насихаттау кезек күттірмес мәселе екенін көрсетеді. Түркістан өлкесі – ертеден тарихи мекен. Мұнда адамзат баласы тас ғасырынан бастап өмір сүрген. Бұған Қосқорған елдімекеніндегі Шоқтас ауылындағы тас тұрақтар куә бола алады. Сондай-ақ Шаға, Шойтөбе қалашықтары түркі дәуірі өркениетінен хабардар етеді. Бұл сол заманда-ақ, Түркістанның жазиралы даласында көптеген қоныс, қалашықтардың болғанын білдіреді. Мәселен, мұндай көріністі бір елдімекенде орналасқан ата-баба қоныстарынан сыр шерткен ескерткіштер арқылы байқауға болады. Қаратау етегін жапсарлай орналасқан Түркістан қаласы, Бабайқорған ауылдық округіне қарасты Абай елдімекені қашан да адамзаттың тұрмыс-тіршілігі үшін қолайлы жер болған. Байырғыдан бері қарт Қаратаудың өзен аңғарларынан аққан сумен сусындап, егін еккен ата-бабамыз тұрақтаған жер. Сақ, түркі, оғыз халқына қыста ықтасын, жаудан қорғанса қамал пана болған тау баурайындағы жазықтық жерде қоныс қалашықтар салынды. Қазіргі таңда Қазақстан аумағында 25 мыңнан астам тарихи-мәдени ескерткіш сақталған. Әрине, бұл анықталғаны ғана. Соның ішінде археологтардың есептеуінше Түркістан аумағында тізімге алынған ескерткіштер саны 2000-ға жуық деп есептелінеді. Бір қызығы Қасиетті Түркістан аумағында сақталынған археологиялық, діни-рухани ескерткіштер өте көп. Аталған ескерткіштердің 100-ге жуығын қазіргі таңда «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени қорық-музейі есепке алып отыр. Қорық-музейдің есебіне алынған тарихи-мәдени ескерткіштер 4 топқа бөлініп қорғалады. Ортағасырлық сәулет-құрылыс, діни-рухани, ХІХ-ХХғғ. тән қала құрылысы және сәулет ескерткіштері, археологиялық ескерткіштер. Аталған ескерткіштердің барлығына жүйелі түрде есеп карточкалары, төлқұжаттары толтырылып, құжаттау жұмыстары жүргізіліп келеді. Қорық-музей тізіміндегі археологиялық ескерткіштердің басым бөлігі Қаратауды бойлай орналасқан Бабайқорған ауылдық округінің аумағында орналасқан,-дейді Асылхан Кәрім.
«Бұзауқорған – Оғыз ханның атауы»
Бөлім инспекторының сөзінше, бұдан бөлек қорық-мұражайдың ескерткіштер тізімінде әр жылдары археологиялық экспедициялар арқылы зерттеліп, табылған ескерткіштер де бар.
– Соның бірі Қаратаудың етегінде орналасқан Ақтөбе қалашығы. «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайының археология бөлімі (жетекшісі М.Тұяқбаев), Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ ғылым орталығының археологтары (жетекшісі М.Елеуов) аталған қалашықты зерттеп, Ақтөбе қалашығы деген атау беріп І-VІІғғ. аралығында өмір сүргенін анықтап отыр. Түркістан қаласынан солтүстікке қарай 44 шақырым жерде орналасқан. Бұл сопақша төбенің ұзындығы 110 м. Цитаделінің диаметрі 45 м, биіктігі 5 м. Ескерткіштің шахарістаны ұзындау болып келген шамамен 65 м. Цитаделінде кешіктің орны сақталған, ол сопақша төбешік түрінде көрініп тұр. 1999 жылы Түркістан археологиялық экспедициясы (М.Тұяқбаев) зерттеу жүргізген. Жалпы жер көлемі 3,0 га. Сондай-ақ ауылдың шығыс бөлігінде Ескі Абай (Көксарай) елдімекенінде де Көксарай І-ІІ қалашықтары аршылды. Бұл ескерткіштерге «Әзірет Сұлтан» қорық-мұражайының археологы т.ғ.к. М.Тұяқбаев жүйелі түрде зерттеу жүргізіп, алғашқы Көксарай-І қалашығы б.з.д. І-ІVғғ. ал, Көксарай-ІІ қоныстары екенін анықтап берді. Бұл ескерткіштер Түркістан қаласынан солтүстікке қарай 40 шақырым жерде, Бабайқорған ауылының солтүстік батыс жағында 8 шақырым жерде, Көксарай өзенінің сол жағалауында орналасқан. Көксарай–І қалашығы, (Б.з.д.IV-IIғғ. – б.з.IV-Vғғ.) Түркістан қаласынан солтүстікке қарай 40 шақырым жерде. Бабайқорған ауылының солтүстік батыс жағында 8 шақырым жерде, Көксарай өзенінің сол жағалауында орналасқан. Қалашық екі деңгейден тұрады. Ескерткіштің «П» әріпі сияқты ерекше пішінді болуына ауа-райының және түбінен аққан өзеннің кеміруі әсер етіп бұл бетіндегі мәдени қабаттар жойылып кеткен. Төбенің өлшемдері 80х50х22м, айналадан биіктігі 9 м. Оны үш бетінен ұзындығы 150 м және көлденеңі 55 метрден 120м-ге дейінгі аралықтағы шахарістаны қоршап жатыр. 1999 жылы Түркістан археологиялық эскпедициясы (М.Қ.Тұяқбаев) алғаш рет зерттейді. Сызба жоспар түсіріліп, барлау қазбалары барысында керекті материалдар жинақталған. Көксарай–ІІ қонысы, (ХІІІ-ХІVғғ.) Түркістан қаласынан солтүстікке қарай 40 шақырым жерде. Бабайқорған ауылының солтүстік батыс жағында 8 шақырым жерде, Көксарай өзенінің сол жағалауында орналасқан. Қалашық екі деңгейден тұрады. Ескерткіштің «П» әріпі сияқты ерекше пішінді болуына ауа-райын және түбінен аққан өзеннің кеміруі әсер етіп бұл бетіндегі мәдени қабаттар жойылып кеткен. Төбенің өлшемдері 80х50х22 м, айналадан биіктігі 9 м, оны үш бетінен ұзындығы 150 м және көлденеңі 55 метрден 120 м-ге дейінгі аралықтағы шахарістаны қоршап жатыр. 1999 жылы Түркістан археологиялық эскпедициясы (М.Қ.Тұяқбаев) алғаш рет зерттейді. Сызба жоспар түсіріліп, барлау қазбалары барысында қажетті материалдар жинақталған. Ал ауылдың солтүстік іргесіндегі қалашыққа ғалымдар ХІІІ-ХVІғғ. аралығында өмір сүргені жайлы анықтап, Бұзауқорған деп атау бергенін де айтты. Сондағы «Бұзауқорған – Оғыз ханның атауы» дейді жергілікті тұрғындар. Ауыл тұрғыны Мэлс Құлымбетов қалашықтың қорғаны Қаратаудың тасымен қаланғанын және екі қалаға кірер қақпасы болғанын айтады Расында да қалашықтың қорғаны тау тасынан қаланғанын білуге болады. Бұзауқорған қонысы (ХІІІ-ХІVғғ.) Түркістан қаласынан солтүстікке қарай 38 шақырым жерде орналасқан. Негізінен дөңгелек пішінді қорған қабырғасы таудың тасынан қаланған. Бүгінде қорған қабырғалары құлап, үйіндіге айналған. Алғаш рет 1999ж. Түркістан Археологиялық Экспедициясының отряды (М.Тұяқбаев) тауып зерттеу жүргізген, көтерме материал жинақталып, қоныстың соңғы өмір сүрген ғасырлары анықталған. Төбенің өлшемдері 110х85м, айналадан биіктігі 3 м. Ромб тәрізді төбешіктің үшжағы терең арықпен және тас пен топырақтан тұрғызылған қорғанмен тұрғызылған. 2004 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасының аясында «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени қорық-музейінің археологиялық экспедициясы зерттеп, фотосуреттері, өлшемдері, план сызбалары алынған. Өкініштісі сол, бұл қалашықтың оңтүстік қорғанына қазіргі таңда тұрғын үй салынып қаланың солтүстік бөлігіне ашық мал қора тұрғызылған,-деді инспектор Кәрім Асылхан Әбдіқалиұлы.
Жылаған атаның әкесі кім?
Қорық-мұражайдың ескерткіштер тізімінде Абай елдімекенінде бұдан басқа да діни-рухани ескерткіштер бар. Асылхан Кәрім бұл ескерткіштер жайлы да баяндап берді.
– Соның бірі Түркістан қаласынан солтүстікке қарай 50 шақырым жерде Қаратаудың оңтүстік етегінде Абай ауылында орналасқан – Құрышхан ата кесенесі. Аңыз желілерінде бұл әулие Қаратаудағы Жылаған атаның әкесі делінеді. «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің археологы Қайрат Мұсабаевтың «Түркология» журналында жарық көрген «Жылаған ата тарихи дерек шындығы» атты мақала желісінде өрбіткен аңызына сүйенсек, ерте заманда Құрышхан және Шаш ана деген ерлі-зайыптылар өмір сүріпті. Құрышхан және Шаш ана күні-түні ұйықтамай құдайдан бала тілепті. Бір күннің арайлы таңында Шаш анамыздың түсіне қарт ақсақал кіріп, аян беріп, «бойына бала бітеді, бірақ, аздап қиыншылығы да бар» дейді. Көп ұзамай ұзақ күткен Шаш ана бойына бала бітеді. Ол заманда қуаңшылық болып жұрт көшіп-қонып жүрсе керек, Құрышхан ата мен Шаш ана да қазіргі «Шілік» аталған елдімекеннің жеріне келіп тұрақтайды. Бұрын (бұл ауыл «Мес» деп аталған). Осы жерде күндердің күні ай күніне толмаған Мес (перделі бала), туылып, жерге түскен соң перде жарылып, қазіргі Абай елді-мекені мен Игілік ауылы арасында орналасқан «Ұржар» деген қырдың, үстімен өтіп, Ақтөбе өзеніне түсіп қаша береді. Құдайдан тілеп алған баласынан айырылған ата-ана: «тоқта балам» деп артынан қуа береді. Бала ұятүп тауынан өтіп, қазіргі «Жылаған ата үңгіріне» кіріп, ата-анасына «арқаларыңа қарамаңдар» деген екен. Сонымен, жылап-жылап көзі домбыққан әке үйге жақындағанда «неге қарама» деді екен деп әке байғұс артына қараса, іздерін қуалай топаң су ағып келеді екен. Әкесі қараған заматтан бастап су жол жерге бірден сіңіп кеткен екен. Қазір де су сол жерге дейін ағып келеді де (әсіресе жазда) жоқ болады. «Бұл қазіргі Ақтөбе өзенінен ағып келетін Абайдағы су қоймасының орны, яғни тоған асты» деп жазады автор. Құрышхан ата басында кеңес үкіметі кезінде кесене болған екен, бірақ солшыл саясаттың қысымынан төбесі бұзылып қиратылыпты. Бүгіндері әулиенің айналасы ұзын дуалмен қоршалып әктеліп қойған. Құрышхан ата әулие қазіргі таңда «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің ескерткіштер тізіміне алынған. Жылаған ата бұлағы мен үңгірі. Түркістан қаласынан солтүстік-батысқа қарай Қаратау бөктерінің жартасты шатқалында орналасқан. Шатқалдан төмен түскенде өзеннің сол жағалауында биіктігі 10-12м жартаста диаметрі 15-18см болатын бұлақ көзі көрінеді. Осы бұлақтан белгілі бір уақыт аралығында сарқырап су ағады. Үңгірі де өзеннің сол жағалауында бұлақ көзінен 45-50 метр қашықтықта орналасқан. Үңгір аузының биіктігі 3 – 4 м, ені 8 – 9 м, тереңдігі 50 – 60 м шамасында. Тарих пен мәдениет туындысы болмаса да, табиғаты көркем бұл мекенді халық қасиетті, киелі санайды. Аңыз желісіндегі баланың меспен туылған жеріндегі ауыл қазір «Мес» деп аталады. Қазіргі таңда қасиетті мекен ғылыми түрде зерттелмеген. Зерттеуші С.Қожамұратовтың дерегіне сүйенсек, Жылаған ата аңызының тарихи тамырының қайдан бастау алғандығын анықтау үшін Абай ауылындағы Көксарай І, Көксарай ІІ, Игіліктегі Мес қалашықтарын жүйелі түрде археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу қажет. Діни-рухани орын туралы қазіргі таңда баспасөз беттерінде ауқымды мақалалар жарияланып, қысқаметражды деректі фильмдер түсіріліп, насихатталу үстінде. Үйрек ата мазары. Қаратаудың етегін бойлай Түркістан қаласынан солтүстікке қарай 41 шақырым жерде, Өгіз таудың жоғарғы жағында орналасқан. Үсті таспен қаланып, бас жағына арқардың мүйізі қойылған. Үйрек ата әулиенің үстіне баспана тұрғызылған. Үйрек ата туралы деректер ғылыми әдебиеттерде кездеспейді, арнайы зерттелмеген. Тек О.Дастановтың «Әулиелер туралы шындық» атты еңбегіндегі аңыз-әпсана арқылы білеміз. Ілгеріректе Қарнақ медресесінде оқып жүрген шәкірттердің отыны таусылғанда Үйрек ата әулиенің басындағы қураған ағаш бұталарын шауып, түйеге артып, шөккен түйені тұрғызайын десе арқандары өзінен өзі қиылып кетеді. Қайтадан тиейді, отынды байлаған арқан тағы қиылады. Не керек, арқан қиыла берген соң бәрі Үйрек атаның әруағына құран бағыштап оқиды. Осы әрекетті күтіп тұрғандай қабірден «Менің ағашыма қиянат жасамаңыздар» деген үн естіледі. Бұл тосын шыққан үннен бойларын үрей билеген шәкірттер шапқан отындарын сол күйі тастап, елге қарай тұра жөнеледі. Екінші бір аңызда бір кісі колхоздың жылқысын айдап келе жатып Үйрек атаның басына тоқтайды. Ағашын жағып, шай қайнатып ішеді де көзі ілініп кетсе бір қара кісі Үйрек атаның қабірінен шығып оған тас лақтырады. Қатты қорқып бұғып қалған әлгі кісінің үстінен ұшқан тас алпыс жеті құлынның ішіндегі асыл тұқымдағы ерекше құлынға тиіп, басы ұшып түседі. Шошып оянса жылқылары ұзап кетіпті. Бір ғажабы түсінде көрген жаңағы құлын үйірден қалып қойыпты. Сүмірейіп қалған құлынға жылқышы анау-мынау ем-дом жасаймын дегенше өліп кетіпті. Үйрек ата әулие кейбір көңілі таза адамдарға түкті денелі кісі болып көрінгенін айғақтайтын әңгімелер ел арасында өте көп. Мазары таспен қаланған екі бөлмеден тұрады, екі ойықша терезесі бар. 2010 жылы демеушілер тарапынан көне мазардың іргесі бетоннан құйылып, қабырғасы күйген қышпен көтерілді. Кесенесінің ұзындығы 8,4 метр, ені 5,5 метр, биіктігі 2,8 метр,-дейді инспектор.
500-ге жуық қорым, 100-ге тарта кәріз құдығы табылды
Сөз соңында бөлім инспекторы 2012 жылы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің археология және ескерткіштерді қорғау бөлімі Бабайқорған ауылдық округінің аумағында орналасқан ескерткіштерге барлау жұмыстарын жүргізу нәтижесімен де бөлісті.
– Нәтижесінде Қоянқора, Жаманбай қоныстары аршылды. Бұдан бөлек Абай ауылдық округіне қарасты Игілік ауылынан Ежелгі және кейінгі Мес қалашықтары, Мес қонысы, қорымдары табылып, тізімге алынды. Осы ескерткіштердің ішінде көлемі ауқымды қала анықталды. Өлшемдері шамамен 150х150х6м, домалақ пішінді. Кеңес өкіметі кезеңінде (1970ж) Өтеген деген кісі үй салмақ болып топырағын қазып жатқанда астынан үлкен хум шыққан. Төбешік үстінде басқа да керамикалық ыдыстар қалдығы бар. Қала қорғанының батыс жағынан бір кездері айналып су өткені байқалады. 2014 жылы ескерткіштерге барлау жұмыстары қайта өз жалғасын тапты. Барлау барысында сол өңірден бұрын ғылымға белгісіз 500-ге жуық қорым мен 100-ден аса кәріз құдығы анықталып отыр. Дегенмен спутник аэробарлау және фотосуреттерді түсіру барысында план схемаларын сызу кезінде мұндағы обалар мен кәріз құдықтарының көміліп көзге көрінбей қалғаны, қалашықтардың мал тұяғының астында қалып жойылуы, жеке тұлғалардың жауапсыздығынан өзгерістерге ұшырап, кейбір жағдайда жойылып кету қаупі төніп отырады. Бұл тарихи-мәдени мұралар көне тарихтың куәсі, өткенімізден сыр шетіп бүгінгі күнге дейін сақталынып жетіп отырған ескерткіштерді қорғау мен сақтау, оларды насихаттау әрбір азаматтың еліне, туған жеріне деген жанашырлығы мәдени мұраларға деген қамқорлығы болмақ. Ата-баба көзіндей боп кешегіден сыр шертер тарихымызды жоғалтып алмас үшін де аянбай еңбек етуіміз қажет. Сонда ғана тамыры тереңде, тарихы ғасыр қойнауында жатқан қазақ халқының рухани байлығы кемелдене түспек,-деді Асылхан Кәрім.
Дайындаған – Жанерке ХУМАР
«Оңтүстік Рабат», №38, 17 қыркүйек 2020 ж