Карантин кәсіпкерлерге салқынын тигізді. Түркістан облысында туристік компаниялар 900 млн. теңгеден астам шығынға батқан. Бұл туралы облыстық туризм басқармасының басшысы Гүлмира Ахбердиева мәлімдеді.
Айтуынша, бизнес өкілдерін қолдау үшін дағдарысқа қарсы жедел шаралар қабылданған. Карантин режиміне байланысты жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған кәсіпкерлік нысандарды тығырықтан шығару үшін мемлекет тарапынан көптеген қолдау мен жеңілдіктер қарастырылды дейді басқарма басшысы.
Гүлмира АҚБЕРДИЕВА, облыстық туризм басқармасының басшысы: «Дағдарыс кезінде туризм, қоғамдық тамақтану және қонақ үй қызметтері саласында кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер мүлік салығынан босатылып отыр. Сондай-ақ, барлық салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер, әлеуметтік төлемдер бойынша төлеу мерзімі 2020 жылғы 1 шілдеге дейін ұзартылды. Және шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне сыйақыны, айыппұлдарды және төлемдерді кешіктіру бойынша өсімпұлдарды есептемеу бөлігінде жеңілдіктер енгізілді. Одан бөлек, банктік қарыз шарттары бойынша төлемдер бойынша 90 күнтізбелік күнге дейінгі мерзімге кейінге қалдыру ұсынылды».
Басқарма басшысы инфрақұрылымды жаңғырту үшін жаңа инвестициялар тартылуда деп сендірді. Осыған байланысты қазір Туризм индустриясында бірқатар шаралар пысықталып жатыр екен.
Мақпал Рысбаева