Жаңаталапта биыл да су мәселесі шешімін тапқан жоқ

305

322 мыңнан астам халқы бар Абай ауданында шешімін таппаған мәселелер жетерлік. Әсіресе, осыдан 6 жыл бұрын қалаға қосылған 10 тұрғын алапта ауыз су, электр жарығымен қамту, жол мәселелері өзекті. Бұдан өзге жер телімін заңдастыру, интернет жүйесін жетілдіру сияқты мәселелер Абай ауданы әкімдігі қызметкерлерінің халықпен өткен кездесуінде айтылды.

 

Шымкенттегі Абай ауданы әкімдігі тұрғындарға жыл басынан бері атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді. Бұл карантин кезеңіндегі шенеуніктердің халықпен алғашқы кездесуі. Жауаптылардың баяндамасын мұқият тыңдаған халық елдімекендерді инфрақұрылыммен қамту мәселесі бойынша сұрақтарын жаудырды. Ауыз суға жарымаған Жаңаталап тұрғын алабындағыларды ашындырған мәселе – орталықтандырылған су жүйесінің құрылысы келесі жылға қалыпты.
Жаңаталап тұрғын алабының тұрғыны: «Көктемде бес ауылға қаржы бөлінді, су жүргіземіз дедіңдер. Енді қаржы жоқ. Жаңаталап келесі жылға қалды дейсіңдер. Бұл қалай болды?»

Кездесуге арнайы шақыртылған қала әкімдігіндегі басқармалардың өкілдері өз салалары бойынша сұрақтарға толыққанды жауап беруге тырысты.

Нұрлан Жаманкөз, Шымкент қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары: «Жаңаталапқа қаржы бөлінбеді.  80 млн қажет. Биыл жылдың соңына дейін бес елдімекенде Игілік, Қызылжар,Тәуелсіздіктің 20 жылдығы Черноводскіге ауыз су жүйесі жүргізіледі».

Ал, Абай ауданындағы Қызылжар тұрғын алабының халқы болса, талай жылдан бері күрмеуі шешілмеген электр энергиясына қатысты назын жеткізді.

Бақытбек Балабиев , Абай ауданына қарасты Қызылжар тұрғын алабының тұрғыны: «Қосалқы станция әбден тозығы жеткен. Ішіндегі құрал-жабдықтар әзер тұр. Қашан ауыстырасыңдар?».

Коронавирус індетіне байланысты карантинде үйінде отырып, уәждерін қайда айтарларын білмеген тұрғындар бұл кездесуде мүмкіндікті жіберіп алмай, көкейінде жүрген сұрақтарына да жауап алды. Кәріз жүйесі, көше жолдары мен аялдамалардың құрылысы, газдандыру қай елдімекенге қашан тартылатынан хабардар болды. Ал бұған дейінгі есепті жиындарда көтерілген қоғамдық көлікпен қамту мәселесі шешімін тауыпты. Әбден сынға түскен 125 бағыт алынып, орнына 146,180,152 автобустар қатынай бастаған.

Шынар Оразова