Жетісайдың өз индустриалды аймағы болады

95

Жетісайда 15 мыңға жуық кәсіпкерлік нысандар тіркелген. Оның ішінде 5000-ға жуығы жеке кәсіпкер мен дара кәсіпкерлер. 10 мыңнан аса шаруа қожалықтары бар. Кәсіпкерлік саласында аудан бойынша 21 мың азамат тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Ағымдағы жылдың 7 айында 19 млрд теңгеге жуық тауарлар өндіріп, экспортталған. Бюджетке 150 млн теңге көлемінде салық төлемдер түскен. Биыл кәсіпкерлік саласында 1 млрд 250 млн теңге инвестиция тартылған. Алайда бұл өткен жылмен салыстырғанда аз екен.

«Соған қарамастан өңірімізде үлкен жоба іске асырылып отыр. Ол — күн электр станциясы. 4 млрд 660 млн теңге көлемінде өнеркәсіп кәсіпорындары қызметтер көрсеткен болатын. Аудандағы бөлшек сауда да өзінің көрсеткішін көрсеткен жоқ. Биыл 7 млрд 415 млн теңгеге сауда айналымы болды. Көтерме сауда өткен жылмен салыстырғанда аздау. Үлкен сауда орындары, қоймалар, дүкендер карантинге байланысты өз жұмысын уақытша тоқтатқан еді. Былтыр 3 млрд 800 млн теңгеге қызмет көрсетсе, биыл 1 млрд 100 мың теңгені құрап тұр. Жалпы ауданға биылғы жылы 2 млрд 773 млн теңгеге инвестиция тартылған болса, оның 1 млрд 200 млн теңгесі жеке кәсіпкерлер инвестициялары. Соның нәтижесінде былтыр басталған инвестициялық жобалар биыл аяқталып, ал осы жылы басталғандардың жұмысын ендігі жылы аяқтауды жоспарлап отырмыз»,-деді Жетісай аудандық кәсіпкерлер бөлімінің басшысы Данияр Толыбаев.

Мақтаарал жеке аудан болып бөлінбей тұрғанда, ауданға инвестиция тарту үшін индустриалды аймақ жұмыс істеген. Ол жерге барлық инфрақұрылымдар тартылған. Кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасалып, жобаларын іске асыруға мүмкіндік туындаған. 2018 жылы аудан екіге бөлінуіне байланысты ол аймақ Мақтаарал ауданында қалып қойды. Жетісай ауданында бос жерлердің болмауына байланысты қазіргі ескі өндірістік кешендердің аумақтарына жобаларды межелеп, іске асырып келеді. Және әкімдік тарапынан индустриалды аймақ үшін 15 га жер резервке алынып, ол жерге қажетті инфрақұрылымдарды тарту үшін жергілікті бюджеттен қазір техникалық сараптама тағайындау үшін жұмыстар жүргізілуде.