Жол азабы Саяжол тұрғындарын да қажытты

280

«30 жыл болды. Істеп береміз, істеп береміз деп бәрін алдап келе жатыр. Одан кейін 5 депутат сайланды өткізіп береміз деп. Олардың бәрі қашып жүр».

Бұл Шымкенттегі 30 жылдық тарихы бар Саяжол көшесінің тұрғындары. Сөздерінше, заман өзгергенімен, олардың көшесі бәз-баяғы қалпында. Жарық бағаналары қирауға шақ тұр. Ал, топырақ жолды тұрғындардың өздері жыл сайын шағал таспен жамап келеді екен.


Әмірбек Абибулла, қала тұрғыны: «Жолымыздың түрі мынау. Орталық көшеден жиналып келген су Бадамның өзені аққандай боп ағады. Мына жер көл болған кезде бір-бірімізден көмек сұрап өтеміз мына жерден. Бадамнан өткендей боламыз».

Жаңбыр жауғанда көше емес, өзеннен өткендейміз деген тұрғындар арызын айтып Еңбекші ауданының әкімдігіне де талай барған. Алайда, одан шыққан нәтиже жоқ. «Баяғы жартас — сол жартас». Жауаптылар өтірігін тыңдаудан қажыдық деген ел енді Президентке хат жазбақ.


Егемберді Құрманқұлұлы, қала тұрғыны: «Әкімшілікке де бардық. Әкімді таппай орынбасарларынан сұрадық. «Бәрін білемін, көшеңізді жақсы білемін істейміз» деп шығарып салды».

Ал, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы болса, сметалық құжаттың дайын екенін айтады. Тек басқарма өкілдері алдымен кәріз жүйесінің салынғанын күтіп отыр. Осылай деген жаңа басшы тұрғындардың тағы да сабыр сақтауын сұрайды.


Ержан Жолдасов, Шымкент қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы: «Сметалық құжаттар қазірдің өзінде дайын. Жоспар бойынша ол жаққа асфальт 2021-2022 жылдары салыну керек. Біз қазір кәріз жүйесінің салынғанын күтіп отырмыз».


Айта кетейік, Саяжол көшесі Еңбекші ауданына қарасты. Ұзындығы 1 шақырымнан асатын көше тұрғындарының басым бөлігі — қариялар, мүмкіндігі шектеулі жандар мен көпбалалы отбасылар.

 Назерке Үкібасова