Бүгінде алаяқтықтың түр-түрі өрістеп тұр. Жұмыссыздықты сылтау еткен пысықайлар «аңқау елге, арамза молданың» кейіпіне еніп, оңай жерден олжалы болуды қолай көреді. Полиция бөлімдеріне күн сайын аузы күйген талай жан алаяқтарға алданғанын айтып арызданады. Осыған қарап отырып, алаяқтықтың «гүлденіп» бара жатқанын байқауға болады.

Тәртіп сақшылары алаяқтардан сақтану жолдарын айтып, қаншама рет түсіндірме жұмыстарын жүргізсе де, тірлігін оңай әрі тез бітіргісі келетін азаматтар алаяқтардың арбауына түсіп қалуда.

Полицейлер алаяқтық қылмыстарының алдын алу үшін тынбай тер төгуде. Осыған орай, Түркістан облысының аумағында «Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасы жүргізіліп жатыр.

Қашанда жедел әрі жіті қимылдайтын Сайрам ауданының полицейлері тағы бір алаяқтың жолын кесті. Жүргізуші куәлігін алып беруге уәде берген алаяқты құрықтады.

Ағымдағы жылдың қыркүйек айында Сайрам АПБ-ның кезекші бөліміне ауылдардың бірінің тұрғыны алаяқтың құрбаны болғаны туралы жөнінде арыз түсіреді. Ауыл тұрғынының айтуынша, оған танысы жүргізуші куәлігін алып беремін деп, сеніміне кіріп 50 мың теңге ақшасын алған.

Құрғақ уәдеге сенген азамат жарты жыл күткен. Ақыры алданғанын білген кейін ғана құқық қорғау органдарына арыздануға бел буыпты. Ұсталған күдікті бұрын да ер адам  алаяқтық жасағаны үшін сотты болғандығы анықталды. Сайрам ауданының тұрғыны болып шықты.

Қазіргі уақытта аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қолхатта. Тергеу ер адамның басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығын анықтауда.