Электронды төлем кімге тиімді?

125

Бүгіннен бастап Шымкентте жолаушылар автобустарда электронды түрде төлем жасай алады. Салаға жауаптылар жаңа жүйені бүгін қала әкімі Мұрат Әйтеновке таныстырды. Бұл әдіс қалай жүзеге асырылады? Интернеті нашар шалғай аудандарда есеп айрысудың бұл түрі қаншалықты жұмыс істейді?

Бұдан былай автобусқа мінгенде ұсақ ақша іздеп қиналмайсыз. Мынадай картаны қондырғыға жақындатып есеп айырыса аласыз. Жүйе онлайн және офлайн жұмыс істейді. Ал картаны қаражатпен толтырудың бірнеше әдісі бар.

Табаны күректей 4 жыл бойына айтылып келген электронды төлем Шымкентте бүгін ақыры іске асты. Қоғамдық көліктердің қатынасын реттеп, осы саладан түсетін қаражатты түгендеуге мүмкіндік беретін жүйе бүгін қала басшысына таныстырылды.

1,2 млрд. теңгенің жобасын жеке инвестор қолға алды. Жолаушыларды жаңа жүйеге ынталандыру үшін қала билігі дифференциалды тариф енгізеді.

Мұрат ӘЙТЕНОВ, Шымкент қаласының әкімі: «1-қарашадан бастап картамен төлем жасамайтын жолаушылар үшін жолақы қымбатқа түседі. Ақшалай берген тұрғындар 100 теңге төлейді. 1-не дейін уақыт беріліп отыр».

Бұл жүйе арқылы шығынын ақтамайтын маршруттарды да субсидиялауға мүмкіндік туады. Жаңаша есеп айырысу саладағы көлеңкелі бизнесті жойып, қоғамдық көліктердің қызметін жақсартады дейді мамандар.

500 теңгелік көлік картасын алсаңыз, бір рет тегін жүре аласыз. Қазір карталар қаладағы арнайы белгілер орнатылған 500 сауда орнында ХҚК және орталықтарында сатылып жатыр. 200 мың дана картаны саудаға шығарған компания өкілдері алдағы уақытта банк қосымшалары арқылы карталарды толтыруды да қарастырып отыр.

Сержан ӘУЕЛБАЕВ, компания директоры: «Жолаушылар көлік картасымен, SMS, QR-код, смартфонды қолдана отырып жол жүру ақысын төлей алады. Қосымшалар арқылы картаны толтыруды 1 қарашаға дейін іске қосамыз».

Оффлайн жүйеде жұмыс істейтін терминалдар интернет ұстамаған жағдайда да жолаушылардың төлемін жүргізе алады. Ал қондырғы істен шықса қаладағы 6 мобильді топ көмекке шақырылады.

Айтқандай, салаға жауаптылар осыған дейін 1 сағат ішінде бір автобустан келесісіне ауысқан жағдайда жолаушыны екінші рет тегін тасимыз деген болатын. Алайда, мұны жергілікті билік өкілдері әлі де пысықтайтындарын айтады. Қалай дегенмен, бұл жүйе ойдағыдай іске асса тасымалдаушыларға да, жолаушылар мен билікке де тиімді болғалы тұр.

Мақпал РЫСБАЕВА