Әлем елдерінде COVID-19 инфекциясының қайтадан өршуінің себебінен карантиндік шаралар күшейтіліп жатыр. Тіпті төтенше жағдай жариялған қала бар. Өйткені, күн сайын ауруға шалдыққандар саны өсіп барады. Өлім-жітім деректері де көп. Коронавирус инфекциясын жұқтырған балалар саны да артып келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қайта күш алған індетке байланысты әлем елдері қауіпсіздік қамына кірісіп, инфекцияның таралуын тоқтату үшін нақты шаралар қабылдап жатыр. Коронавирус індетінің қайта өрши бастағанынан үрейленген мемлекеттер инфекцияның таралуын тоқтату үшін шектеу шараларын қайта күшейтуге кірісіп кетті. Мәселен, Франция эпидемиологиялық қауіпті аймағын кеңейтті. Қызыл деңгейлі аумаққа бірден 4 қала қосылды. Ал Шотландия жерінде барлар мен мейрамханалар жабылатын болды. Анықталғандай, аталған мекемелер кемінде екі аптаға қызметін тоқтады екен. Осы уақыт аралығында тұрғындар үшін тамақты өзімен бірге алып кету қызметі ғана жұмыс істейді. Румыния астанасы Бухарестте де карантин режимі күшейді. Жергілікті билік қаладағы кафе-барлар, кинотеатр мен театрлардың жұмысын тоқтату туралы шешім шығарды. Өйткені инфекцияға шалдығу деректері көбейіп кеткен. Жаңадан тіркелген науқастардың үштен бір бөлігі Бухаресттен анықталады екен. Аргентинада да коронавирус жұқтыру деректері көңіл көншітпей тұр. Елде небәрі бір тәулік ішінде 515 адам вирус құрбаны болған. Сондықтан елдің 18 өңірінде локдаун режимі енгізілмек. Бұл туралы Аргентина президенті Альберто Фернандес мәлімдеді. Оның айтуынша, локдаун режимі 25 қазанға дейін жалғасады. Осы уақыт аралығында тұрғындардың жүріп-тұруына шектеу қойылмақ. Айта кетейік, бүгінге дейін Аргентинада 870 мыңнан астам азаматтан қатерлі инфекция табылды. 23 мыңнан астам адам қайтыс болды.
Ал коронавирус жұқтыру жағынан әлемде бірінші орында тұрған Америкадағы жағдай одан әрмен ушығып барады. Соңғы мәлімет бойынша елдің 30 штатында вирус жұқтыру дерегі қайтадан күрт өскен. Кей штаттарда тіпті індет басталғалы бері болмаған науқастар саны тіркеліп жатыр. Соңғы тәулікте елде 60 мыңдай адамнан анықталып, елдегі вирус жұқтырудың жалпы саны 7 миллион 700 мыңға таяды. Ал өлім-жітім деректері шамамен бір мыңға артып, инфекция құрбандарының қатары 214 мыңға жуықтаған.
Коронавирус індеттінің дендеуіне байланысты Испанияның астанасы Мадридте төтенше жағдай режимі енгізілді. Қала басшылығы қарсы болғанымен, бұл шешім үкімет мәжілісінде қабылданды. Жарлыққа сай қала басшылығы денсаулық сақтау министрлігінің қаулыларын орындауға міндеттелді. Жақында Мадрид қаласының Жоғарғы соты карантин шектеулерін заңсыз деп таныған болатын. Сот үкімі бойынша бұл шаралар шаһар тұрғындарының еркі мен құқығын бұзады. Жалпы шектеулер қабылданған қала аудандарында бес миллиондай адам тұрады. Полиция онда бақылау бекеттерін орнатып, қаланың өзге аумағынан бөліп тастады. Тек жұмысқа баратындар ғана жүре алады. Бельгияда коронавирусты жұқтырғандар санының артуына байланысты жаңа шектеу шаралары енгізілді. Соңғы тәулікте онда антирекорд тіркелген еді. Бір күнде тест тапсырған 5 700 адамнан ковид-19 анықталған. Бұл пандемия басталғалы ең жоғарғы статистика. Күнделікті ауруханаға кемінде 100 науқас келіп түсуде. Сондықтан да билік өкілдері Брюссельдегі барлық мейрамхана, барлар, салтанат сарайларын бір айға жапты. Қоғамдық орындарда ішімдік ішуге тыйым салынды. Азық-түлік дүкендері тек кешкі сағат 22:00-ге дейін жұмыс істейді. Осы қатаң ережелерді бұзғандарға 250 еуро айыппұл салынады. Қазір Бельгия компанияларына қызметкерлердің басым бөлігін қашықтан жұмыс істеуге көшіру ұсынылды. Сондай-ақ әрбір тұрғынға отбасынан бөлек үш адаммен ғана сөйлесуге рұқсат берілді. Қонаққа тек төрт адамды ғана шақыруға болады. Мектептер мен жоғарғы оқу орындары әзірге жұмыс істеп тұр. Дегенмен, онда арақашықтықты сақтап, барлық сыныптарда бетпердемен отыру талабы қойылған. Ал, Иордания билігі коронавирустың таралуына жол бермеу үшін демалыс күндері шектеу шараларын күшейтті. Демалыста тұрғындардың сыртқа шығуларына толық тыйым салды. Көшеде тек медициналық қызметкерлер мен эпидемиологиялық зерттеу жүргізуші топтарға ғана жүруге рұқсат. Полицейлер коменданттық сағатта тәртіптің сақталуын қатаң қадағалайды. Мектептерде сабақ жұмадан бастап белгісіз уақытқа тоқтатылды. Студенттер қашықтан оқуға көшірілді. Иорданияда коронавирусты жұқтырғандар саны күн санап артып, 22 мыңға жуықтаған. 144 науқас көз жұмыпты. Эпидемиолог мамандар шектеу шараларының қатаңдатыоуы өте орынды деген пікірде. Қауіпті вирусты жұқтыру жағынан әлем елдері бойынша оныншы тұрған Францияда да жағдай онша емес, деп хабарлайды «Хабар 24». Елдегі денсаулық сақтау министрлігі соңғы 24 сағатта 27 мың тұрғыннан қауіпті вирус анықталғанын хабарлады. Соңғы бір аптаның өзінде 5 мың науқастың ауруханаға жатқызылғаны мәлім болды. Оның мыңға жуығының жағдайы ауыр. Жалпы бүгінге дейін Францияда 718 мың 873 дерек тіркелген. 32 мың 637 науқастың қайтыс болғаны хабарланды. Француздар Еуропа елдері арасында Ресей мен Испаниядан кейінгі қауіпті індетті жұқтыру бойынша алдыңғы орында тұр. Жұрт COVID-19 вирусының ошағы деп танитын Қытайда соңғы бір тәулікте 54 адамнан қауіпті індет инфекциясы анықталыпты. Бұл туралы Қытайдың мемлекеттік денсаулық сақтау комитеті хабарлады. Ақпаратқа сәйкес, науқастардың барлығы ауруды шетелден жұқтырып келген.
Әлем елдерінде де коронавирус инфекциясын жұқтырған балалар саны да артып келеді, деп хабарлайды «Хабар 24». Мәселен, Ресейде соңғы екі аптада дәм-иіс сезу мүмкіндігінен айырылып, дене қызуы көтерілген 18 жасқа дейінгі нақуастар қатары көбейген. АҚШ-тың бір ғана Аллегейни қаласында қыркүйек айынан бері 300 бала коронавирус жұқтырған. Мұндай жағдай Бразилия елінде де тіркеліпті. Ресейде соңғы 10 күнде коронавирус жұқтырған балалар саны көбейіпи кеткен. Бұл туралы Ұлттық медициналық зерттеу орталығы балалар денсаулығы басқармысының басшысы, профессор Андрей Фисенко мәлімдеді. Оның айтуынша 18 жасқа дейінгі науқастардың ауруы жеңіл формада өтіп жатыр. Дегенмен, ата-аналарға балаларымен қоғамдық орындарға бармауға, бетперде киіп, қолдарын жиі жууға кеңес берілді. Науқастардың дене қызуы көтеріліп, жөтел пайда болған. Дәм-иіс сезбеу симптомдары жиі кездеседі. Бұл – эпидемияның өршіп бара жатқанын білдіреді. Бұл Ресей ғана емес, әлемнің бірқатар елінде болып жатқан жағдай. Мәселен, АҚШ-тың Аллагейни қаласында қыркүйек айында 300 бала вирус жұқтырған. Науқастар арасында ауыр халге түскені жоқ. Дегенмен, баланың вирус тасымалдаушы екенін естен шығармау керек. Коронавирус анықталған 14 жастағы бір жеткіншек үш апта ішінде 27 адамға ауру таратып үлгерген. Сондай-ақ Бразалия, Оңтүстік Америка мен Кариб бассейні елдерінде вирус жұқтырған балалар мен жеткіншектер саны жарты миллионнан асып жығылды. Бұл алаңдататын жайт. Сондай-ақ осы күнге дейін індетпен тиімді күрес жүргізіп жатқан Ямайка мен Кубадаға деректер саны да артып барады. Осылайша, балалар арасында кеселдің дендеуінен жаңа оқу жылы кейінге қалдырылып жатыр. Бостонда қазан айында ашылуы тиіс мектептер әзірге оқушыларды қабылдамайтын болды.
Шотландияда паб пен мейрамхана иелері шеруге шығып, парламент ғимараты алдына мұз төкті, деп хабарлайды «Хабар 24». Осылайша, олар билік өкілдерінің кафе-барларды жабу туралы шешіміне қарсы наразылық білдірді. Айта кетейік, жуырда бүкіл ел бойынша аталған санаттағы мекемелердің бәрі екі аптаға қызметін тоқтатқан болатын. Алайда бар иелері бұл мерзім одан да ұзақ уақытқа созылып кете ме деп алаңдайды. Айта кетейік, Шотландия үкіметін мұндай қадамға коронавирустың таралуын тоқтату үшін барып отыр.
Әлімхан Қанатұлы