Түн жамылып, өзгенің мүлкін үптеп кетуді кәсіп еткен ұрылар енді күндіз жорта бастапты. Суыққолдылар жұрттың көбі жұмыста кезін қолай көретін сыңайлы.

Жуырда Түркістан облысына қарасты Қазығұрт аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданып келген болатын. Ол түскі уақытта үйінде болмаған кезде, белгісіз біреулер алтын бұйымдары мен ұялы телефонын ұрлап кеткендігін көрсеткен. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 72 мың теңгені құрайды.

Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркелді. Орын алған қылмысты ашу мақсатында Қазығұрт АПБ-нің тәжірибелі қызметкерлерінен жедел тергеу тобы құрылып, күдіктіні ұстауға кіріседі.

Әрине ұрлықты кәсіп қылғандарды қолға түсіру де оңай шаруа емес. Тәртіп сақшылары жедел іздестіру жұмыстарын жүргізді. Нәтижелі жұмыстың барысында күдікті азамат 1 күн ішінде анықталып, тұрғылықты мекенжайында ұсталды.

Оңай олжаны көздеген суыққолды зардап шегушінің үйінің құлпын оп-оңай ашқаны белгілі болды. Оңай жолмен келген өзгенің дүниесін сол заматта-ақ сатып үлгерген.

Оның ақшасын өз қажеттілігіне жаратып та үлгеріпті. Күдіктінің ұсталғаны бір бұл ғана емес, бұрында бұзақылығы үшін сотты болғандығы анықталды. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты тергеу жалғасуда.

Тәртіп сақшылары пәтер ұрлығы қылмысының алдын алу мақсатында қарқынды жұмыстар атқаруда.